Арман қуып, білім іздеп Қазақстанның түкпір-түкпірінен әсем қала Алматыға келген 50 қыз-жігіт 1972 жылдың жазында Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының Топырақтану және агрохимия факультетіне студент болып қабылдандық. 29 тамыз күні институтқа түскен 900 студентті Талдықорған облысы Гвардия ауданына ауылшаруашылық жұмысына – картоп жинауға жіберді. Содан 40 күндей жұмыс істеп, 11 қазанда Алматыға қайттық. Бұл мерзім біздің студенттердің бір-бірін жақсы тануына, білуіне, достасуына жағдай туғызды, бір қазаннан ас ішіп, бір баракта жаттық. Курста екі ғана топ болған соң барлығымыз бірге жүрдік, арасында әскерден келгендер, өндірісте жұмыс істегендер және мектепті жаңа бітіргендер болды. Жас айырмасына қарамастан біздің курс студенттері өте ұйымшыл, белсенді болып шықты, бес жыл тату-тәтті жүріп, оқуды ойдағыдай бітірдік. 50 жылдай уақыт өтсе де, көпшілігіміз әлі күнге дейін бір-бірімізбен хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз. Бір үзім нанды бөліп жеп, бес жыл бойы бір-біріне қамқор болып жүрген студенттік өмірдегі достардың әрқайсысының орны бөлек. Солардың бірі, курсымыздың мақтанышы, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Топырақтану және агрохимия зертханасының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі және Моңғол аграрлық ғылымдар академиясының академигі Серік Бәрменбекұлы биыл 70 жасқа толып, мерейтойын тойлағалы отыр.
Нағыз азаматқа сипаттама бергенде «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатады, ол қара басын ғана ойламайтын, ағайын-туыс, бауырларға, достарға қамқор болатын Секең сияқты тұлғаларға арналған деп есептеймін. Оқу бітіріп жан-жаққа тараған курстастар қай жақта жүрсек те, жарты ғасырдай уақыт өтсе де бір-бірімізге тілектес болып, құлағымызды түріп, елеңдеп, достар туралы жағымды жаңалықтар күтіп жүреміз. Мобильді байланыс жоқ кезде хабарларды, әрине орталықтан, яғни Алматыдан, Серіктер арқылы алып тұратынбыз, себебі жолы түсіп Алматыға барғандардың маңдай тірейтіні Серік Бәрменбекұлы болғандықтан, барлық ақпарат сол орталыққа жиналып, сол жақтан тарайтын.
Секең Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Кәдімгі ауыл баласы болып шаңды бұрқыратып, талшыбықты ат қылып мініп ойнаған, шөп шауып, бақша егіп, мал бағып, ата-анасына қолғабыс беріп жүрсе де, оқуға зерек болып, мектепті үздік бітірген. Орта мектепті бітірген жылы аяқастынан науқастанып, жоғары оқу орнына бара алмай қалғандықтан, бір жыл шаруашылықта жұмыс істейді. Келесі жылы, яғни 1972 жылы барлығымыз бірге оқуға түстік. Студент Серік институт табалдырығын аттаған бойда өзінің алға қойған мақсатына ұмтылысымен, оқуға деген ықыласымен ерекшеленді.
Оқу картоп жинаудан басталғанын айтып өттім, еңбекке қызу араласып кеттік, берілген тапсырма-жоспар күніне әр студентке 700 келі жинау болса, біз оны асыра орындап жүрдік, әр топ күніне 25-30 тонна картопты автокөліктерге тиеп жіберіп тұрдық. Әрине, мұндай даладағы дене еңбегі және барақтағы өмір кімнің кім екенін анықтауға, толық біліп түсінуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде алдыңғы саптағы жігіттердің арасында Серік те болды. Көп сөйлемейді, жұмысты ойдағыдай атқарады, досқа адал, қақ-соқпен жұмысы жоқ, өтіріктен аулақ. Барлығымыз Сәкеңнің айналасында болуға тырыстық. Оның басқа да жақсы қасиеттері институт аудиториясына келіп, сабақ басталғанда көріне бастады. Қағаз-қаламы әрқашан дайын, алдыңғы қатарға отырып, оқытушының әрбір сөзіне, қимылына мән беріп, ұғынуға тырысатын. Соның арқасында институтты қызыл дипломмен, үздік бітіріп шықты.
Бірінші курстың аяғында маусым айында Ботаника және Геодезия пәндерінен үш апталық оқу практикасын өту үшін Қырғызстанның Ыстық көл жағалауындағы институтымыздың тынығу лагерінде болдық. Бұл да бір студенттік кезеңнің есте қаларлық бақытты сәттерінің бірі болды. Шілде айында «Жалын» студенттік механикаландырылған отряд құрамында Торғай облысы Есіл ауданы Комсомол кеңшарының 30 мың гектар бидай егісін жинауға қатысып, қазан айында сабаққа кірістік. Секең тың өлкенің астығын жинауда да алғы шептен көріне білді. Екінші курстан соң Алматы қаласының құрылыс мекемесінде екі айдай жұмыс істедік, ол кезде солдаттар мен студенттер арзан еңбек қолы еді ғой, қайда жұмсаса сонда баратын. Азын-аулақ тиын-тебен беретін, сылтау айтпай, өтірік анықтама жинамай бәріне толық қатысатындардың қатарында Секең, мен болдым, содан пісіп, шынығып шыққан шығармыз.
Секең «Топырақтану» кафедрасы бойынша практикаға 3-4 курстан соң Талдықорған облысында экспедицияда болды, ал мен 4-курстан соң Талдықорған аймақтық агрохимия лабораториясында төрт ай болдым. Бір облыста жүрген соң анда-санда кездесіп тұрдық, Талдықорғанда әскерде Азамат деген Секеңнің кластасы болды, сол жерде көптеген солдат жігіттермен бірге жүріп, практика уақытын қызықты өткіздік.
Институт бітірер кезде министрлік уәкілдері келіп бітірушілерді жұмысқа бөлген кезде Серік пен Амандық Бадауов «ВИСХАГИ» институтының Алматы филиалына жіберілген. Мен туған ауылыма келіп, Қазақ ССР-інің 50 жылдығы атындағы кеңшарға аға агроном қызметіне орналастым. 2-3 ай өткен соң ВДНХ-ға іссапармен Алматыға келіп, жігіттерді іздеп «ВИСХАГИ»-ге барсам, оларды КазГипроземге жіберіпті. Сұрастырып іздеп жүріп тауып алдым, сол мекеменің топырақты қалпына келтіру бөлімінде мамандықтары бойынша жұмыс істеп, қасындағы жатақханада тұрады екен.
Секең ол жерде алты айдай қызмет істеп, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына топырақтану мамандығы бойынша оқуға түсті. Міне, сол уақыттан бері 45 жылдан астам уақыт өтті, Секеңнің ғылымдағы өмір жолы осы Қазақтың аграрлық ғылымының қара шаңырағымен тығыз байланысты болып келеді. Серік Бәрменбекұлы аспиранттан үлкен ғылыми орталықтың бас директорына дейін өсіп, «ҚазАгроИнновация» АҚ вице-президенті, содан соң президенті болып, Қазақстанның аграрлық ғылымын үш жылдай басқарып отырды. Секең өзі білім алған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде кафедра меңгерушісі, ғылым департаментінің басшысы қызметтерін атқарып, көптеген ғылым кандидаты мен докторын тәрбиелеп шығарды.
2004 жылы Секең алғаш рет Сыр өңіріне ат басын бұрып, қасиетті жердің топырағын басты. Мен ол кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын «Ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиясы» кафедрасының меңгерушісі болатынмын. Агрономия мамандығы бойынша мемлекеттік аттестаттау комиссиясы төрағасына Қазақ картоп және көкөніс-бақша институтының директоры Серік Бәрменбекұлының кандидатурасын ұсынғанбыз, ұсынысты министрлік бекітіп, ақпан айында Секең Сыр бойының бас қаласы Қызылордаға келді. Жоспар бойынша жұмыс жүргізді, бірнеше күн студенттермен, жас ғалымдармен кездесіп, дәріс оқыды. Алматыға оралысымен Секең құрамына бірнеше ғылыми-зерттеу институты кіретін ірі ғылыми-орталыққа басшы болып тағайындалды. Содан кейін Секең әрдайым Сыр еліндегі бата қабыл болды, қасиетті жер ғой деп жүретін. Кейін Қызылордаға келіп халықаралық конференция өткізді, «ҚазАгроИнновация» АҚ президенті болған кезде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-дың хал-жағдайымен, күріш проблемалары жайлы кеңестерге жиі келіп, Сыр өңірінен көптеген дос, пікірлестерін тапты.
Секең – бұл күнде агрономия саласындағы еліміздегі жетекші ғалымдарының бірі. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен Қазақстанның қара, күңгірт қара-қоңыр, сұр топырақтарында интенсификациялық факторларды: ауыспалы егіс, топырақты өңдеу, шөп егу, сидерация, органикалық және минералды тыңайтқыштарды ұзақмерзімді игеруде топырақ құнарлығының аймақтық трансформациялық ерекшеліктері зерттелді. Қазақстандағы егіншіліктің аймақтық агроландшафты жүйесін жетілдіру негізінде қара, күңгірт қара-қоңыр, сұр топырақтардың құнарлығын оңтайландыру практикалық өндіріске енгізілді, топырақтардың құнарлығының моделін құрды және топырақтың құралуының табиғи және антропогендік ерекшеліктерін ашатын теориялық маңызын анықтады. Секең Қазақстанның топырақтану, егіншілік бағытындағы ғылымын дамыту үшін және халық шаруашылығының экономикасын көтеру бағытында аянбай еңбек етуде.
Ибадулла ТАУТЕНОВ,
профессор