Ол студенттерді жертөледе 3 сағат бойы ұстап, ұрып-соққан.
Колледж басшысы студенттерді соққыға жыққаны рас па?
www.istockphoto.com
455
оқылды

Шымкенттегі колледждердің бірінде үлкен жанжал шыққаны жайында Аikyn.kz  сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Студенттердің айтуынша, директордың орынбасары оларды әлеуметтік желіде орынсыз пікірі үшін соққыға жыққан. Зардап шеккендердің бірі қазір миы шайқалып ауруханада жатыр. Ата-аналар құқық бұзушының қатаң жазалануын талап етіп отыр. 

Аяғында әрең тұрған 17 жастағы Абдуғафардың сөзінше, досы екеуін үш сағаттан астам жертөледе ұстап, ұрып-соққан. 

"Олар мені ұрып-соғып, басымнан тепті. Бүкіл денем көгеріп, іздері қалған. Олар бізді балағаттады. Арыз жазсақ, бәрібір бізді тауып алып, әділдік орнататынын айтып, қорқытты”, – дейді жәбірленуші Абдуғафар Ерсалиев. 

Оның айтуынша, TikTok желісіне колледждің бас оқытушысы видео жариялаған. Ал студент жігіттер ол видеоға пікір білдірген. Соның бірі мұғалімге ұнамай, екеуін жеке шақырып алған. Сөйтіп, оларды колледждің жертөлесіне апарып, соққыға жыққан. Бас оқытушы жалғыз емес, жанында дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен жоғары курс студенттері де болған. 

“Бірінші соққыны Қазыбек аға бастады. Досымның денесіндегі көгерген жердің бәрі соның соққысынан болған. Жоғары курс студенттері бізді жай қорқытты. Арасында бір ғана студент бізді қағып жіберді”, – деді Константин Зорин. 

Балаларының зәбір көргенін білген ата-ана бірден колледжге барып, жанжал шығарған. Олар еденнен жуылған қан іздерін тауып, балаларының киімдері қанға боялғанын көрген. Сондай-ақ мұғалімнің қолынан соққы ізін байқадық дейді. Алайда шабуыл жасады деп айыпталған мұғалім бәрін жоққа шығарып отыр. Оның сөзінше, студенттерді жоғары курс студенттері соққыға жыққан. 

“Жоқ, ұрған жоқпын. Ешқандай дәлел жоқ. Қолымды аулада жұмыс істеп жүріп жарақаттап алдым. Жоғары курс студенттерінен: "Сендер Костя мен Гафурды ұрдыңдар ма?" деп сұрап едім, олар соққыға жыққанын айтты. Жердегі қанды басқа мұғалімдер көрмесін деп жуып тастадық”, – деді “Парасат” колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қазыбек Ержанов. 

Дегенмен зардап шеккен балалардың ата-анасы оған сенбей, полицияға арыз жазған. 

“Кінәлі адамның түрмеге түскенін қалаймын. Балам бүйрегі мен бауырынан үш жарым сағат бойы соққы алған. Олар осының бәрі үшін жауап береді”, – деді ата-аналардың бірі. 

Ата-аналар болса, оқу орны қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағандықтан, балаларының колледжде оқуын жалғастырмайтынын мәлімдеді.