Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы жүргізіле бастады. Соның негізінде биылға облыс орталығындағы 186 көпқабатты үйге ыстық су жеткізіледі деп күтілуде.
Биыл Қызылордада 186 үйге ыстық су жеткізіледі
730
оқылды

Қазіргі уақытта жоба шеңберінде 186 үйге құбырлар толығымен тартылып, пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылуда. Аталмыш жұмыстарға «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырушы оператор болып бекітілген. 

Корпорацияның ыстық сумен жабдықтау басқармасының басшысы Бауыржан Күшенбаевтың айтуынша, бұл мақсатта Үкімет резервінен биылға 11 млрд теңге бөлінген. Аталмыш жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең бойынша биыл 186 үй, екінші кезеңде 2025 жылы 250 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады.

 

“Мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде ЖШС «Мелиаратор», ЖШС «BSG инженеринг» және «Көкшетаугидрогеология» АҚ жеңімпаз ретінде анықталып, бүгінде аталмыш мердігер мекемелер тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта дайын үйлерге ыстық су осылай кезекпен қосыла береді. Жалпы қала бойынша ыстық су толығымен жылдың соңына дейін іске қосылатын болады”, – деді Бауыржан Күшенбаев.

Мамандардың пікіріне сәйкес, ыстық су жүйесі тұтынушыларға электрлі су ысытқышқа (Аристон) қарағанда едәуір тиімді болмақ. Мәселен, су ысытқыш қондырғысы арқылы 50 литр суды ысытуға орта есеппен күніне 2 кВт, яғни 1 айда  орта есеппен 2 м3 су пайдаланғанда 1 айға шамамен – 1 565,6 теңге төлейді екен. Ал жылу энергиясы арқылы су ысыту жүйесіне келер болсақ, бекітілген тариф бойынша 1 м3 – 172,03 теңге болады.  Яғни, орта есеппен тұтынушы 2 м3 ыстық суды пайдаланғанда (1 м3 тарифі су, кәріз – 43,1 теңге, 49,69 теңге) қоса алғанда орташа есеппен шамамен – 529,66 теңге құрайды. 

“Жүргізілген есептемелерге сәйкес, электрлі су ысытқыш қондырғысына қарағанда, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылу 1035,94 теңге айырмашылықты көрсетеді. Бұл 66,2 пайызға тиімді деген сөз. Осы ретте, қала тұрғындарын орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылуға шақырамыз”, − дейді басқарма басшысы.

Осы орайда айта кету керек, тиісті жұмыстар талапқа сай жүргізілсе тұрғындар ыстық суды тек жылу маусымында ғана емес, қысы-жазы пайдалануға мүмкіндік алатын болады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы