Сағаттың иесі оның құнын 50 млн теңгеге бағалаған.
Астанада құны бір бөлмелі пәтерге тең болатын сағат ұрланды
757
оқылды

Астана қаласында құны 22,3 млн теңге болатын Breguet Classique grande Complication сағатын ұрлаған екі адам сотталды. Жалпы құны 36,1 млн теңге болатын бес сағат қолды болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, 2024 жылғы 6 қаңтарда бірнеше адам қала орталығындағы пәтерлердің біріне кіріп, бес қол сағатын ұрлап кеткен:

  • Breguet Classique grande Complication құны 22,3 млн теңге;
  • Franck Muller Mariner құны 6,8 млн теңге;
  • Daniel Roth Papillon Chronograph құны 4,8 млн теңге;
  • Rado Sintra құны 1,3 млн теңге;
  • Garmin Fenix 7X құны 362 мың теңге.

Оған қоса сейфтен 500 мың теңге ұрланған. Іс материалдарына сәйкес, 46 жастағы ер адам және оның 61 жастағы сыбайласы жәбірленушінің сейфін ашқан. Ең қымбат сағаттар Шымкент қаласындағы "Алаш" базарында 800 мың теңгеге саудаға түскен.

Зергер Breguet Classique Grande Complication сағатын бөлшектеп, нәтижесінде алынған алтын балқытылып, әртүрлі бұйымдар жасалған. Ал сағаттың иесі оның құнын 50 млн теңгеге бағалады. Сараптама оның тозғанын ескере отырып, қол сағатын 22,3 млн теңгеге бағалады.

Тергеу барысында жәбірленушіге сатылған және бөлшектелген Breguet Classique Grande Complication-тен басқа ақша мен барлық сағаттар қайтарылды. Бөлшектенген бұйымнан құны 1,1 млн теңге болатын механизмі ғана қалған.

Сот құлыптарды ашқан азаматты аса ірі мөлшерде ұрлағаны үшін кінәлі деп тауып, оған 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал әріптесі ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде екі жылға сотталды. Олар жәбірленушіге 21,2 млн теңге қарыз.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.