Сот 12 жылдық жаза мерзімін 16 жылға ауыстырды.
Сот қалыңдығын өлтірген ер адамның 12 жылдық жаза мерзімін ұзартты
www.istockphoto.com
278
оқылды

Ұлытау облысында қалыңдығын өлтіріп, оның туыстарының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған азаматтың жазасы күшейтілді.

Сот ісі материалдарына сәйкес, ер адам Қаражал қаласында бірге тұрған қалыңдығын бірнеше рет соққыға жыққан. Бір күні қыз туыстарына хабарласып, басына түскен ауыр жағдайды айтып берген. Туыстары оны алып кетпек болған. Алайда ер адам олардың келіншекті әкетуіне мүмкіндік бермеген. Сөйтіп, ер адам жол ортада олардың көлігін қуып жетіп, бірнеше рет соққан. Соның салдарынан жеңіл көлік жолдан шығып, аударылған. Жол апаты салдарынан бойжеткен қаза тауып, оның туыстары жарақат алған.

Биыл наурыз айында ер адам "Адам өлтіру" және "Адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазаға келіспеген ол апелляцияға шағым түсіріп, қылмысты "Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкелу" бабына ауыстыруды сұраған. 

Сонымен қатар прокурор да сотталушыға тағайындалған жазаны қатаңдатуды сұрап, өтініш білдірген. Апелляциялық алқа прокурордың өтінішін қанағаттандырып, 12 жылдық жаза мерзімін 16 жылға ауыстырды. Ал сотталушының өтініші қараусыз қалдырылды.