Есірткі өндірушілерге жаза күшейеді

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Су кодексі жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұдан бөлек, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға енгізілетін өзгерістерді қабылдап, бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады.

Депутаттар алдымен күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – «2024-2026 жыл­­дарға арналған республикалық бюд­жет туралы» заңға енгізілетін өз­геріс­тер мен толықтыруларды қарады. Құжат туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика ми­нистрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы ми­нистрі Мәди Тәкиев және Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасады.

Заң жобасы елдің 2024-2028 жылдарға ар­­налған әлеуметтік-экономикалық да­­му болжамына бюджет және Ұлттық қор­­дың 2024 жылға арналған параметр­лері­нің болжамын нақтылау мақсаты­мен әзірленді. Атап айтқанда, салық тү­­сім­­дерінің 3,1 трлн теңгеге азаюы, ал салықтық емес түсімдердің 1,1 трлн тең­­геге артуы болжанып отыр. Осыған бай­­ланысты республикалық бюджеттің нақ­­тыланған кірістері 14,1 трлн теңгеге ба­ға­ланды, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен.

Жұмыс тобының жетекшісі Еркін Әбіл нәтижесінде нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша 2 трлн тең­ге тарту жоспарланып отырғанын, осылайша оның жалпы сомасы 3,6 трлн теңгені құрайтынын атап өтті. Қаражат өңірлік өсу деңгейін ұстап тұруға және ЖІӨ өсу қарқынының төмендеу тәуекелдері жағдайында әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

Баяндамаларды тыңдаған депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың өкіл­деріне сұрақтарын қойды. Талқылау нәтижесінде мәжілісмендер заңды қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жіберді.

Талқылауды қорытындылаған Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметті экономикадағы келеңсіз салдарлардың алдын алу үшін барынша теңгерімді түзетулер жасауға шақырды. Ол бүгінгі бюджетті нақтылауды есепке алмағанның өзінде, оған 10 түзету енгізілгенін атап өтті.

– Түзету енгізе беру, ең алдымен, бағ­дарлама әкімшілерінің өзінің ынтасын жояды. Өйткені бюджетті жыл ішінде өз­гертуге болатынын түсіну шығындарды жоспарлау сапасын төмендетеді. Сонымен қатар жиі түзетулер арқылы шығындарды оңтайландыру бағдарлама әкімшілеріне жыл соңында бөлінген қаражатты пайдаланудың қолайлы көрінісін жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, мұның барлығы ұзақмерзімді жоспарлауға кері әсерін тигізіп, экономикалық саясатты бол­жауды төмендетеді, – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс есірткі, психотроп­тық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қи­мыл мәселелері бойынша заңды екін­ші оқылымда қабылдады. Түзетулерді депутаттар Президенттің есірткі заттарын өндіруге жауапкершілікті барынша күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатымен ұсынды. Жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колоданың айтуынша, есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын өндіру мен сату арасында жауапкершілік белгіленеді.

– Қылмыстық кодексінің жеке жаңа 297-1-бабына есірткі құралдарын өткізу мақсатымен заңсыз дайындауды, қайта өң­деуді, өндіруді енгізу ұсынылады. Бұл бап­қа сәйкес, есірткі өндіру үшін 15 жыл­дан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жа­за­сы қарастырылған. Жаңа нормалар есірткіні «жасау» және «өндіру» ұғым­да­рын нақты ажыратады, – деді депутат.

Бұл ретте есірткі құралдарын заңсыз са­тып алу, сақтау, тасымалдау, сату мақса­ты­мен жіберу немесе өткізу бұрынғыдай Қылмыстық кодекстің 297-бабымен реттеледі. Ең жоғары жаза – мүлкін тәркілеп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру бо­лады. Басқа ережелер есірткіні тарату, прекурсорлардың заңсыз айналымы және олармен жұмыс істеу ережелерін бұз­ғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Бұдан соң Мәжіліс Су кодексі туралы заң жобасы мен оған су ресурстарын қор­ғау және пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұл­д­ады. Түзетулер Мемлекет басшысының климаттың өзгеруі мен көршілес мем­лекеттердің саясатын ескере отырып, су заңнамасын жетілдіру жөніндегі тап­сыр­масына сәйкес әзірленген. Заң жобалары туралы Су ресурстары және ир­ригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.

– Жаңа кодексте алдымен су ресурс­тарын сарқылудан және ластанудан қор­ғау­ға, содан кейін ғана экономикалық қа­жеттілікке назар аударылады. Бұл – жаңа Су кодексінің қазіргіден түбегейлі айырмашылығының бірі, – деді министр.

Ол су көздері сарқылуының алдын алу үшін өзен, көл және теңіз экология­лық жүйелерін сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын «экология­лық ағын» ұғымы енгізілгенін айтты. Жаңа талаптарға сәйкес суды пайдалану­ға рұқсаттар суды қайта пайдалану неме­се айналымды сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған жағдай­да ғана беріледі. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесі жеке тарауда қамтылған. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органның жауапкершілігі мен өкілеттіктерін анықтай отырып, су тасқыны мен құрғақшылықты басқару саясаты жетілдіріледі. Сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудиті мәселелері алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелді. Су шаруашылығын цифрландыру сала­сында Ұлттық ақпараттық жүйе құру жос­парланып отыр, оның жұмыс істеуін Су ресурстары ақпа­раттық-талдау орталығы қамтамасыз етеді.

– Жұмыс тобы су объектілерін жалға не­месе сенімгерлік басқаруға беру ереже­лерін реттеуді, басқаруға қоғамның кеңі­нен қатысуын, бақылау-қадағалау функ­цияларын күшейтуді, баламалы су көздерін (нөсер, еріген және ағынды суларды) тартуды қамтитын мәселелерді әзірлеу бойынша үлкен жұмыс атқарды, – деді жұмыс тобының жетекшісі Павел Казанцев қосымша баяндамасында.

Сонымен қатар депутаттар қарыз туралы үш келісімді ратификациялады. Бұл келісімдер Азия даму банкімен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен және Халықаралық қайта құру және Даму банкімен жасалған. 

Қаржы министрі Мәди Тәкиев құжаттарға сәйкес, Үкімет елдің әлеу­меттік-экономикалық серпінді дамуы үшін тиі­сінше 52,3 млрд теңге, 52,7 млрд теңге және 84,9 млрд теңге қарыз алуды жоспарлап отырғанын айтты. Алғашқы екеуі бойынша өтеу мерзімі 15 жылды, оның ішінде үшжылдық жеңілдікті кезеңді, соңғысы бесжылдық жеңілдікті кезеңді ес­кере отырып, 11 жылды құрайды. Бұл шарттар Қазақстанға өзінің қаржылық міндеттемелерін тиімді жоспарлауға және бюджет тапшылығын бірден болдырмауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мәжіліс «2025-2027 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға Парламент Сенаты ұсын­­ған түзетулермен келісті.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар – 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы; Қазақстан Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігі Үкіметі арасындағы жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстан аумағының Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан мен Кипр арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.

Жалпы, отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 10 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

Мейір ЖАСЫН