Бүгінде баласының болашағын ойлаған ата-ана ұл мен қызын жекеменшік мектептерге жетектеп, ақылы оқытуды әдетке айналдырды.
Жекеменшік мектеп: білім бе, әлде бизнес пе?
коллаж: Елдар ҚАБА
926
оқылды

Оған себеп – ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жоғары балл жинау. Осылайша, әке-шеше мемлекеттік мектептерден гөрі жекеменшік оқу орындарында білім беру сапасы жоғары деп сенеді. Алайда сол мектептер білім беруді емес, пайда табуды көздеп, сан соқтырып жатса не дерсің?

Білімді емес, бизнесті, ұлтын емес, құлқын ойлаған мұндай мектепке қатыс­ты жуырда шу шыққан. Тараздағы «Инно­верс» ­атауымен айдарланған жекеменшік мектеп балаларды бір тоқсан оқытып, одан кейін есігіне қара құлып салады. Бұл жағдайға аң-таң қалған ата-ана мектеп алдына жиналып, мәселе көтерген-ді. Кейіннен белгілі болғаны, аталған оқу орнының оқу ісін жүргізуге құқық беретін құжаты болмай шыққан. Осылайша, 250 бала далада қалған еді. 

Сол кезде шырыл қаққан ата-ана білім беру мекемесіне алданғандарын ашына жеткізген болатын. 

– Мектеп деп бізді алдап отыр. Шын мәнінде, мектеп емес, орталық болып шықты. Егер осы жағдайды ертерек айт­қанда, біз баламызды лицензиясы бар дұрыс мектепке апарар едік. Енді, міне не оқу жоқ, не баламыздың табелі жоқ, далада қалып отырмыз. Бұрынғы мек­тебіне де алмай отыр. Себебі баламыз­дың бірінші тоқсанды оқығаны туралы табелі жоқ. Осындай заңсыз білім ошақ­тарының жұмыс істеуіне қалай ғана рұқ­сат берілген, – деп Тараз қаласының тұрғыны Айсұлу Алтаева жанайқайын жеткізген. 

Осылайша, шу шығарған ата-ананың алдына Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова шығып, жиналғандарға басу айтқан еді. 

– Тараз қалалық білім бөлімі мемлекеттік балабақшалар мен мектептерге жауап береді. Ал жекеменшік мектептер мен балабақшалар Астанадағы респуб­ликалық қаржы орталығы арқылы қаржыландырылады. Бұл жеке мектеп болғаннан кейін біз көп нәрсеге араласа алмаймыз. Алайда осында оқыған балаларды шаһардағы мектептерге орналас­тыруға бар күшімізді саламыз, – деген еді Раушан Пернешқызы.

Міне, осы оқиғадан кейін екі жеті өтті. Қазіргі жағдайды білмек мақсатта облыстық Білім басқармасына хабарласқанымызда, олар барлық бала шаһардағы мектептерге орналастырылғаны туралы ақпарат берді. Бұл, әрине жанға жылу беретін дүние. Алайда бала қабылдауға ешқандай құқығы жоқ мұндай жекеменшік мектептердің жұмысына қалай рұқсат берілуде? Және бұл қалада болған бір ғана жағдай ма? Бұл сауалмен енді Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне қайырылдық. 

– Жалпы, жекеменшік мектептерді арыз-шағым түспесе, біздің тексеруге құқығымыз жоқ. «Инноверс» орталығына келер болсақ, ол білім ордасының үстінен хаттама толтырылды. Лицензия­сы болмаса да, бала қабылдағаны үшін сотқа бердік. Айыппұл да жазылды. Енді тек сот үкімін күту қажет. 

Негізі, мұндай келеңсіздіктерге көп жағдайда ата-ананың ұқыпты болмауы ұрындырып жатады. Туыс не таныстарынан естіген жекеменшік мектепке баласын жетектеп апарып береді. Алайда ол қандай мектеп, құжаттары дұрыс па, ол жағын көп ата-ана ойламайды. Содан барып соңы айқай-шуға ұласып жатыр. Бұл биылға анықталған жалғыз мектеп емес. Жыл басынан бері лицензиясыз жұмыс істеген 8 мекеменің жұмысын тоқтаттық. Оның алтауына сот шешімі шығып қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Егер заңсыз әрекеттерді ата-аналар байқап, бізге хабар берсе, біз ол мекемені толықтай тексеріп шығамыз, – дейді департамент басшысы Мұхит Аманқұлұлы. 

Иә, байқап тұрсақ, бұл өңірде болып жатқан бірінші жағдай емес екен. Демек, не білім, не құзырлы органдардың көзіне ілікпей, көлеңкелі кәсіптің көрігін қыздырып отырғандар бар деген сөз. Ал білім сапасына жауапты департамент оларды өздігінен тексере алмаса, онда бұл бағытқа құзырлы органдарды мықтап жұмылдыру керек. Сонда талай былық пен қулықтың су бетіне қалқып шығатыны анық.

Бұл тұста тағы бір айта кетерлігі, ба­сы дауға қалған жекеменшік оқу ор­ны­на ата-ана әр балаға 40 мың теңгеден төлеген. Кейбірі тіпті біржылдық төлемін алдын ала жасап қойған. Міне, осы қаржыны да сот үкімі ата-анаға кері қайтарады деген сенім мол. Әйтпесе, айдың-күннің аманында қаржыдан қағылу кімге болмасын оңай соқпасы анық. 

Ресми мәліметке сүйенсек, қазір облыс көлемінде 56 жекеменшік мектеп жұмыс істеп жатыр екен. Алайда «Инноверс» сияқты қанша орталықтың бар екені белгісіз. Себебі олардың есебін жүргізу Білім басқармасының құзыретіне кірмейді. Сондықтан өңірде әлі қанша білім беру орталығы «жұмыртқадан жүн қырқып», «балға бармақ батырып» отыр­ғанын тап басып айту қиын. Бәлкім, білім сапасына жауапты департаментке осы орталықтарды толықтай тексеріп шығуға құзырет берілсе, шырмауықтай шырмалған «кеселдің» тамырына балта шабуға болар ма еді?

Әлбетте, бұл тек Жамбыл облысында болып отырған жағдай емес. Мұндай орталықтар бүгінде барлық өңір мен қалада ашылған. Мүмкін, республика бойынша жекеменшік мектептер мен орталықтарды тексеріп шығуды бір мекемеге жүктеген жөн болар. Сол кезде тек сапалы білім ошақтары қалып, қалғанына тұсау салынады. Одан ұрпақ ұтпаса, ұтылмасы анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы