Мал шаруашылығынан мән кетіп, асылтұқымды малдың өзі жаппай сойылып жатқанын өткен сандарымызда жазғанбыз.
Тері текке шіруде...
183
оқылды

Малдың етінен бөлек тері-терсегі мен жүнінің де, өкінішке қарай іс жүзінде сұраныстың болмауынан өңделмей, көп бөлігі қоқысқа кетіп жатқаны ащы болса да шындық. Осыған дейін аз-мұз болса да сойған кезде тиын-тебен етіп өткізетін терісін қазір ешкім керек қылмайтын болған. Қажеті болмаған соң жарамсыз тері-терсек пен малдың биязы жүні де қоқыс полигондарында төгіліп, іріп-шіріп жатыр...

Мал басын көбейтуге барынша көңіл бөлгенімізбен, Қазақстанда ірі қара мен ұсақ қой-ешкінің де терісін қайта өңдеу саласы мүлдем құлдырап кеткен. Сойылған теріні тұздап, илеп түрлі былғары тон мен аяқкиім,  сондай-ақ жүннен тоқылған киім-кешектер тігетін кәсіпорындар жоқ­тың қасы. Шикізат молынан болғанымен, өңдеу өнеркәсібіне назардың аударыл­мауынан әрі қолдаудың болмауы саланың мүлдем тоқырап, бәсекеге қабілетсіздігін көрсетіп, елдің толықтай импортқа тәуел­ділігіне әкеліп соққан. 

Жақында Парламент Сенатында өткір мәселе тағы бір мәрте ашық көтерілді. Сенат депутаты Әли Бектаевтың келтірген дерегіне сүйенсек,  Қазақстанда жыл сайын 2 миллионнан астам ірі қара мал терісі өңделмей қалады. Яғни, осынша малдың терісі түгелдей қоқыс полигон­дарына апарып тасталып жатыр. Депутаттың айтуынша, қазір тек мал терілері мен жүнінің кәдеге жаратып өңделмеуінің салдарынан еліміз жыл сайын 7 миллиард теңгеден астам шығынға батады. 

– Бүгінде елімізде өндірілген жүннің тек 21 пайызы ғана қайта өңделеді. Сондай-ақ 12-13 пайыз тері, яғни 2 миллионнан астам ірі қара малдың тері-терсегі мүлде өңдеусіз қалып жатыр. Әрине, олардың бәрі көп жағдайда қоқысқа төгіледі. Бұл ел экономикасына жыл сайым шамамен 7 миллиард теңгеден астам тікелей шығын келтіріп отыр. Мұндай шығындар ежелден мал шаруашылығы шикізатына ұқыпты қарау маңызды болған қазақстандықтардың дәстүріне сәйкес келмейді, – деп атап өтті Әли Бектаев. 

Сенатта өткен жиын барысында мал терісін  өңдеу саласына қайта қан жүгірту үшін заңнамалық шаралар қажеттігі, қосымша субсидия қарастыру жайы қаралды. Сенаторлар саланы заңнамалық қолдау және шикізатты терең өңдеуді ынталандыру үшін заң нормаларын қайта қарауды ұсынады. 

Бұл уәжбен Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіндегілер де келіседі. Құзырлы сала өкілдерінің мәліметінше, Қазақстанда ірі қара мен ұсақ қой-ешкі терісін өңдейтін зауыттар жұмыс істегенімен, олардың іс жүзіндегі жүктемесі бар-жоғы 6 пайыздан аспайды. Министрліктің Ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қайта өңдеу депар­та­ментінің директоры Н.Хатепованың мәліметінше, елде сұраныстың болмауынан мал тері­лерінің басым бөлігі өңделмей қалады. 

«Тері өңдеумен айналысатын салада жалпы қуаты жылына 3,3 млн дана ірі қара терісі және 3,1 млн дана ұсақ мал тер­ісін өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істейді, алайда олардың жүктемесі 6%-дан аспайды. 2023 жылы өндірілген 3,5 млн дана ірі қара терісінің тек 6%-ы, яғни 208 мың дана өңдеуге жіберілген, 10%-ы (348 мың дана) экспортталған, ал қалған 84%-ы 2,971 мың данасы өңделмей қалған. Ұсақ малдың 8,1 млн дана терісі өндірілген. Оларды сұраныс болмауына байланысты өңдеу және экспорттау жүзеге асырыл­маған», – дейді департамент директоры Назгүл Хатепова.

Министрліктің дерегінше, ірі қара және ұсақ мал терісін өңдеуге бағыттау үшін экспорттық баж салығы тоннасына 200 еуро мөлшерінде қолданылады. Алайда бұл шара өңдеу үлесін арттыруға ықпал етпейді, өйткені мәселе шикізат сапасының төмендігінде, оның көп бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардан алынған және отандық өңдеуші кәсіпорындар мен экспорттау­шылар талаптарына сәйкес келмейді.

«Мұндай өндірістерді дамыту үшін 2022 жылдан бастап инвестициялық суб­сидиялау ережелерінде жоба құнының 25%-ын өтеу қарастырылған», – дейді Назгүл Хатепова.

Құзырлы министрлік өкілі тері мен жүн өңдеуде шикізат сапасының төмендігі басты мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, жүн өңдеу саласында да дайын өнімге дейін елімізде төрт кәсіпорын ғана жеткізе алады. Қалған кеңес заманынан қалған кәсіпорындар жаңғыртуды қажет етеді. Кәсіпорындардың қуаты жылына 36,1 мың тонна жүн өңдеуге қуатты бол­ғанымен, олардың жүктемесі де 26 пайыздан аспайды. Бұған бірінші кезекте шикізат сапасының төмендігі ықпал етіп отыр. 

Айта кетсек, осы жылдың 28-29 қаз­анында Мемлекет басшысының Моң­ғолияға сапары аясында Қазақстан Рес­публикасының Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен Моңғолияның Ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасында тиісті меморандумға қол қойылған еді. Аталған меморандум елдер арасында тері мен жүнді өңдеуді дамыту, кәсіпорын мамандарын даярлау, тері мен жүнді терең өңдеуге инвестициялар тарту бойынша тәжірибе алмасу, ауыл шар­уашылығы жануарларының терісі мен жүнін өңдеуді басқару жүйесін, механизмін, стандарттарын, сынақ әдістерін, зерт­ханалық мүмкіндіктерін құруға немесе жетілдіруге өзара көмек көрсетуді көздейді.  Бірақ түйткілді фактор Қазақстандағы аталған мәселені тұралаған қалпынан тұрғыза алар емес. 

Тері өңдеу саласындағы тұралаған жағ­дайды қайта оңалту мақсатында 2012 жылы құрылған тері өңдеушілер қауым­дастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев бұл уәждермен келіспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде 2 миллион терінің қоқысқа төгілетіні және миллиардт­аған шығын әкеліп жатқаны шындыққа мүлдем жанаспайды. Өйткені елдегі тері өңдеу саласындағы кәсіпорындар мен зауыттарда тәулігіне мың данадан тері өңдеу қауқары бар. Олар тері өңдеумен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Қау­ым­дастық төрағасы тері өңдеу саласын дамы­туға жылдар бойы нақты кешенді жұмыстар жүргізу жөнінде кеңес бергенімен, саланы дамыту әлі де болса назарға алынбай келетінін айтады. 

– Мал терісін өңдейтін Семей, Алматы, Шымкент, Қордай, Тараз сияқты тері илеу-өңдеу зауыттары бар. Бұлар тәулігіне 1 мың тері илейді. Жалпы, барлық зауытты қосқанда шамамен 1 миллион 800 мың дана теріге дейін жыл сайын өңделіп жатыр. Бірақ 2 миллион дана тері төгіліп, 7 миллиард теңгеден астам шығынға батты деген сөз  жалған. Әрине, шикізаттың қазір сапасының тым төмендігі, басқа да факторлардың ықпал етіп жатқаны рас. Субсидия бөлінсе, оны кейін тексеріп, онсыз да шаруасы шатқаяқтаған шаруаға аса ауыр тиеді. Сондықтан өңдеу өнеркәсіп­теріне пайызы төмендеу несие бергені әлдеқайда тиімді болар деп ойлаймын, – дейді Нұрман Нүптекеев. 

Қауымдастық төрағасы саланың дамуын тежейтін бірнеше факторды алға тартты. Оның айтуынша, негізінен мал терілерін сою кезінде дұрыс сойылмай, терінің пы­шақпен көп кесіліп кетуі, алғашқы теріні өңдеу, илеуге дұрыс назар аударыл­мауы, жалпы қоғамның мал тері­сі­нің бағасы арзан деп теріге көңіл бөлмей, кәсіпорындарға қалай болса солай жеткізуі саланың дамуын тежейді. Дегенмен терінің басым бөлігі ақуыз, желатин өндіруге, қалған бөлігі тері былғары өнімдерін өңдеуге бағытталған. Барлығын қосқанда, шамамен 70 пайызға дейін тері өңделіп жатыр. Сапалы тері шикізаты өте аз, сондықтан бұл саланы дамыту үшін кеш­ен­ді бағдарлама жүзеге асырылуы тиіс, – дейді ол.  

– Бізге басқа көршілес елдер тек ши­кізаттың көзі ретінде қарайтын болған. Сондықтан өзімізде өңдеу саласын жолға қоймасақ, ештеңе өзгермейді. Өзбекстанда мал сою қасапханаларында ғана мал сойылып, терісі бірден өңделеді. Бізде мұндай шаруаға назар аударылмаған. Терінің бағасы қазір келісіне 50 теңге мен  180 теңге аралығында. Бұл мал бағушыларға ұнамай, терісін өткізгісі келмейді. Бірақ одан артық баға ұсынуға келмейді. Өйткені терінің сапасы төмен, –  дейді Нұрман Нүптекеев.

 

P.S: 

Қалай дегенмен де, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда өндіріс орындары мен фермерлер арасындағы ортақ мүдде жолындағы байланыстың жоғы байқалады. Сондықтан ел экономикасына үлес қосуға тиіс аса маңызды саланың суалған тамырына қайта қан жүгірту үшін іргелі реформа жасалып, кешенді шаралардың жүзеге асырылғаны жөн деген ойдамыз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы