Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағылық танытуға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға хабарлауға шақырады.
Ақмола облысында ер адам жалған ақшаны айырбастамақ болған
492
оқылды

Полиция департаменті азаматтарды мұндай әрекеттерден сақ болуға шақырып, қолма-қол ақша төлемдері кезінде банкноттардың түпнұсқалығын мұқият тексеруге кеңес береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қараша күні облыстың бір ауданындағы Халық банкінің филиалында 21 жастағы жас жігіт кәдесый ретінде дайындалған жалған қаражатты айырбастамақ болған.

Қырағы банк қызметкерлері күмәнді банкноттарды байқап, дереу құқық қорғау органдарына хабарлады.

Тексеру нәтижесінде жігіт жалпы сомасы 1 мың АҚШ долларын құрайтын 10 жалған купюраны айырбастауға тырысқаны анықталды.

– Қазіргі уақытта банкноттардың шығу тегі мен түпнұсқалығын анықтау мақсатында сараптама тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабына сәйкес, жалған ақша немесе бағалы қағаздарды дайындау, сақтау, өткізу немесе ауыстыру үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Егер қылмыс топпен ұйымдастырылып, ірі көлемде немесе бірнеше рет жасалса, мүлкі тәркіленіп, жаза мерзімі 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін, – делінген ақпаратта.

Ал ұйымдасқан қылмыстық топ үшін бұл мерзім 12 жылға дейін ұлғаяды. Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағылық танытуға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға хабарлауға шақырады.