Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді беру туралы заң қаралды. Сондай-ақ сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Электрондық сауданы дамытуды көздейді
347
оқылды

Отырыс барысында палата депу­тат­тары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәлік­терді шығару (беру), олардың ай­налысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау ту­ралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нор­малары қойма куәліктері­нің тұрақты айналымын және қойма куәліктерін ұстаушылар үшін қаржы ресурс­тары­ның қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.

Сондай-ақ аталған заңды рати­фика­циялау аграрлық саланың кіріс­тілігін арттыруға мүмкіндік береді және ауыл шаруашылығы тауар­лары­ның элек­трон­ды саудасын дамытуға ықпал етеді деп болжанып отыр. Бұл ЕАЭО елде­рінің шаруашылық субъек­­тілерінің аумақтық қашық­тығы жағдайында маңызды мәселе екені анық.

«Келісім Еуразиялық экономика­лық одақ аясында ауыл шаруашылығы өнімінің саудасын және осы саладағы электрондық сауданы дамытуды көздей­ді. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қойма куәліктерін пайдалану мен олардың айналымын реттеу үшін құқықтық негіз қалыптасады. Алдағы уақытта мақұлданған заң Экономика­лық одаққа мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақ­тастықты арттыруға оң сеп­тігін тигізеді деп сенеміз», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшім­баев.

Сонымен қатар палата отырысын­да сенаторлар өзекті мәселелерді кө­теріп, депутаттық сауалдарын жолдады.

Әли Бектаев елдегі азық-түлік сапа­сын бақылау зертханаларының жағ­дайы сын көтермейтінін айтты. Осыған байланысты депутат қорда­лан­ған түйткілдерді шешу үшін зертханаларды жаңғыртуға арналған Жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Шәкәрім Бұқтұғұтов Солтүстік Қазақ­стан облысында жылу энерге­тика­сы саласынан білікті кадрлардың кетуіне алаңдаушылық білдірді. Осы­ған байланысты сенатор қолда­ныс­тағы табиғи монополиялар тура­лы заң­намаға өзгерістер енгізу жө­нін­де бас­тама көтерді.

Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау саласындағы маңызды проб­лема­ларға назар аударды. Оның ішінде білікті кадрлардың тапшы­лығы аса өзекті екенін тілге тиек етіп, осы ба­ғытта қажетті заңнамалық шаралар­ды ұсынды.

Бибігүл Жексенбай заңсыз көші-қонға қатысты сын-қатерлерге тоқ­талды. Сенатор шетелдік азаматтар­дың қозғалысын бақылауды күшейту және еңбек мигранттарын заңдас­тыру жүйе­сін дамыту керек деп есеп­тейді.

Амангелді Нұғманов Үкіметті жеке қо­салқы шаруашылықтарды эко­номи­каға белсенді тарту арқылы ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдауды және олардың орнықты дамуын жақ­сартуды көздейтін шаралар қабылдауға шақырды.

Советбек Медебаев Ұлытау облы­сындағы түйткілдерге назар аударып, өңірде Полиция департаменті мен полиция қызметкерлеріне арналған медициналық мекеме ғимараттарын салу қажет екенін айтты.