Отырыс барысында палата депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормалары қойма куәліктерінің тұрақты айналымын және қойма куәліктерін ұстаушылар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.
Сондай-ақ аталған заңды ратификациялау аграрлық саланың кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді және ауыл шаруашылығы тауарларының электронды саудасын дамытуға ықпал етеді деп болжанып отыр. Бұл ЕАЭО елдерінің шаруашылық субъектілерінің аумақтық қашықтығы жағдайында маңызды мәселе екені анық.
«Келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы өнімінің саудасын және осы саладағы электрондық сауданы дамытуды көздейді. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қойма куәліктерін пайдалану мен олардың айналымын реттеу үшін құқықтық негіз қалыптасады. Алдағы уақытта мақұлданған заң Экономикалық одаққа мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады.
Әли Бектаев елдегі азық-түлік сапасын бақылау зертханаларының жағдайы сын көтермейтінін айтты. Осыған байланысты депутат қордаланған түйткілдерді шешу үшін зертханаларды жаңғыртуға арналған Жол картасын әзірлеуді ұсынды.
Шәкәрім Бұқтұғұтов Солтүстік Қазақстан облысында жылу энергетикасы саласынан білікті кадрлардың кетуіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты сенатор қолданыстағы табиғи монополиялар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтерді.
Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау саласындағы маңызды проблемаларға назар аударды. Оның ішінде білікті кадрлардың тапшылығы аса өзекті екенін тілге тиек етіп, осы бағытта қажетті заңнамалық шараларды ұсынды.
Бибігүл Жексенбай заңсыз көші-қонға қатысты сын-қатерлерге тоқталды. Сенатор шетелдік азаматтардың қозғалысын бақылауды күшейту және еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту керек деп есептейді.
Амангелді Нұғманов Үкіметті жеке қосалқы шаруашылықтарды экономикаға белсенді тарту арқылы ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдауды және олардың орнықты дамуын жақсартуды көздейтін шаралар қабылдауға шақырды.
Советбек Медебаев Ұлытау облысындағы түйткілдерге назар аударып, өңірде Полиция департаменті мен полиция қызметкерлеріне арналған медициналық мекеме ғимараттарын салу қажет екенін айтты.