Көкжиек кентіне Ғалым Са­дыр­баев әкім болып келген күні қитық руының игі жақсылары түн жамылып Жұбаныш Айтабер­геновтің үйінде жиналды.
Қитықтар қатырады, ә!
178
оқылды

Оған құм­ды ауылдан ат арылтып Шапа­лақ Мапалақұлы да келіп үлгерді. Екеуі де дөй еді. Дөй болғанда да екеуі де кезінде аудан басқарған, Жоғарғы кеңеске депутат болып, үлкен астаудан дәм татып келген мықтылар. Бұларға Көкжиек кенті ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Күлгінбай Төлепбергенов келіп қосылды. Ол да аудан бас­қарған ірі еді.

– Шырағым, бұл кентке кімдер әкім болмады десеңші! Өзіміздің қитық руынан да бірнеше баламыз әкім болды. Шындығында, оларды сүйрелеп, шыңға шығарған өзіміз едік. Бірақ солардың біразы болбыр болды. Сенімімізді ақтамады. Бірі Таш­кент асып, қыз-қырқынмен ой­нап-күліп жатқанда жоғары жаққа сыры мәлім болып, қызметімен қоштасты. Екіншісі, құлқынын тия алмады. Ендігі үмітіміз өзіңде, айналайын, – деп Жұбаныш ата сөз бастады.

– Мына дулыға руының кісі­лері біз десе қасқыр көрген ешкі­көзденіп шыға келеді. Оларды маңайыңа жолатпа. Қолыңда билік бар ғой, есебін тап та тен­тіретіп жібер. Олар бізге бәрібір ағайын бола алмайды, – деп Шапалақ өз білгенін айтты.

Күлгінбай ақсақал да қарап отыра алмады. Дулыға руының дұшпандығын сан мың дерекпен түйіндеп, Ғалымның басын айналдырып жіберді. «Осынша аталар дулыға руының дұшпан­дығын айтып отыр. Өзім де бұ­рын­нан ішім сезуші еді. Бұларға бір амал қылайын» деп жас әкім ішінен жоспар құрып тұрды.

Қитық руының көшбасшы­лары түннің әлдебір уақытына дейін отырды. Ғалымның басына ғылыми тұжырымдалған кеңес­терін құйып бақты.

Ал ертесіне жас әкім басқа адам болып оянды. Оның дулыға руының адамдарын көрсе іші бүрісіп, беті тырысып қалатын болды. Сол күні астыртын сұрау салып, әкімшілікте қаншама дулыға руының адамдары қызмет жасайтынын сұрастырып білді. Олар да қитық руының қитығына тию үшін біраз жиналып-ақ қа­лыпты. «Шеттеріннен құртамын» деп іштей жоспар жасап қойды. 

Кентте кем­шіліктер ырғын еді. Сол толып жат­қан олқы­лықтар­дың басым көпші­лігіне дулы­ға руының адам­дары кінәлі болып шыға келді. Тіпті, бұл қыз­метке түк те қатысы болмаса да кінәні бастарына үйіп-төкті. Мұнымен де шек­телмей, бір жи­налыс үстінде Құрылыс басқар­масы басшысы­ның қолына кісен салдырды. О заман да бұ заман өз қыз­мет­керін дәлел-дәйексіз Қаржы полициясы­на ұстап берген әкім әлемде жоқ-ты. Бірақ ата­ларынан бата алған жас әкім райы­нан қайтқан жоқ. Қайта өр­шелене түсті. 

Құрылыс басқармасының басшысы да қаражаяу емес-ті. Оның мемлекет мүлкін таран-таражға салғаны дәлелденбей, Қаржы полициясындағыларды біраз әуреледі. Егер күдікті деп ұстаған адамы кінәдан пәк болып құтылып кетсе. ұстағандар жаза-сыз қалмайды. Сондықтан олар қа­лай­да ұсталғанды кінәлі етіп шы­ғаруға барын салды.

 «Үштік» ұйым Ғалымның үйіне тағы да қас қарая келді. Әкім аталарын қол қусырып қарсы алды. Келіншегіне қазан көтертіп, аталарын төрге оздырды. 

– Енді қитық атаның балалары атқа қонған екен, бабалары­мыз­дың аруағы үшін жұмыс істеуіміз керек. Бұл үшін ғалым Төкебай Көкебайұлының еңселі ескерт­кішін қаланың қақ орта­сына қой­сақ, басқа рулардың адам­дарының мысы басылады. Қалаға батыстан кіреберіске Ал­пауыт батырдың үлкен ескерт­кішін орнатуымыз керек. Алпауыт батыр біздің қитық руынан екенін сен білетін шығарсың. Білмесең, батырлар жырын оқы. «Жыңғыл­ды деген елінде, Қитық деген жерінде» деп басталатын батырлар жыры бар емес пе? Соның өзі Алпауыт ба­тыр­дың қитық руынан шыққанын дәлелдеп тұр емес пе? Ендеше осы бабаңа неге ескерткіш қоймасқа? Оны мен айтқан жерге орналас­тырсақ, осындағы барлық рудың құты қашады. Яғни, қала­ны ұстап тұрған біз екеніміз ай­қын көрі­неді, – деп Жұбаныш жеке сөз бастап еді, қалғандары түгел қош­тады.

Ертесіне Ғалым қитық руы­ның кәсіпкерлерін жинап, кентке кіреберіс жерге Алпауыт батыр­дың ескерткішін орнату туралы тапсырма берді. Әкім тапсырма берген соң өзгелер қарап тұра ала ма, ғалым Төкебай Көкебайұлы­ның алып ескерткіші кенттің қақ ортасынан бой көтеріп, соңы ғылыми конференцияға ұласты. Мұнан соң қаланың кілті болып ежелден менмұндалап тұратын кент гербінің қасындағы полиция бекетінің ғимаратын сүргізіп тастап, биіктігі төрт метр тұғыр орнатты. Қазір қитық туының қас батыры Алпауыт батырдың ескерткішінің ашылуына үлкен дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Бүгін «үштік» одақтың бас идеологтары қала мэрі үйінде және жасырын жүздесті. Бұл жолы не туралы ақылдасқандары, кімді құртып, кімді соттату керек екені туралы жасырын мәміле жасалғаны сыртқа шықпай қалды. Сірә, «үштік» осындағы өз еңбек­терімен кәсібін дөңгелетіп жүрген біраз кәсіпкердің дүние-мүлікін берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алу жолдарын үйреткен тәрізді.

Осындай ақылмандар бар жерде қазақ тұтастығы сақтала ма? Қалай көсегеміз көгереді? Ал Көкжиек кентінің тұрғындары кешегі отыз жетінші жылдың қырғыны келіп қалды ма деп ішкені ірің, жегені желім болып отыр.

Дәурен ДОСБЕРГЕНҰЛЫ