Түркістан облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Бақытжан Бегманов қарап отырмай қиялға берілді.
Сыйлық аламын деп жер сипап қалды
959
оқылды

Ол жуырда ғана 115 қызметкеріне сыйлық таратқан болатын. Осыншама адамға 5,5 миллион теңгені бостан-босқа беріп жібере салуға болады ма? Өзіне жақын адамдармен сөйлесіп көріп еді, олар ыңғайына жығыла кетті.

– Басеке! Бұл аз қаржымен байып кетпеспіз. Сізге деген құр­метіміз болсын! Сыйлықты сізге жинап бере салайық, – деді үнемі ық жағында жүретін бір орынбасары. 

Орынбасар орнықты сөз айтқан соң қызметкерлер «қой құры­сын, осы сыйлықсыз-ақ күн көріп ек қой. Қайта бастыққа бір нәрсе беріп, көңілін аулап қояйық» деп бірауыздан шешім қа­былдап кеп жіберді. Бірақ көптің аты көп қой, осы «жомарттықты» біреу антикордың құлағына сыбырлай қойды.

Ұят болғанда, сыбағасыз сыйлықтарды басекең жинап алып жатқанда антикордың құрығына ілікті.

Жуырда Түркістан қалалық соты осы істі қарап, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Бақытжан Бегмановты үш жарым жылға бас бостандығынан шектеп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Сыйлық аламын деп жер сипап қалған басшы бүгінде бармағын сорып отыр. «Қап! Жан-жануарлардан да ұят болды. Сендерге қызмет еткенде үндемейтін едіңдер. Не берсем де ала беретін едіңдер. Бәленің барлығы өзімізден – адамдардан шығады» деген ой келді оған. 

Әй, адамдар-ай! Адамдарды аямайтындарың жаман осы...

С. Әл-СОЗАҚИ