Аталған іс-шара 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы, қанды оқиғада құрбан болған қазақ батыры Ербол Сыпатаевтың 60 жылдығына арналды.
Студенттер арасында қазақ күресінен турнир өтті
605
оқылды

Оңтүстік астана Алматыда студенттер арасында қазақ күресінен турнир өтті, – деп жазады Aykin.kz.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, турнирді өткізуде көзделген негізгі мақсат – ұлттық төл спортымызды жаңғырту және өскелең ұрпаққа дәріптеу, жас буынның арасында бірлік пен спорттық бәсекелестікті нығайтуға ықпал ету, Ербол Сыпатаевтың есімін ұлықтау, сондай-ақ жастардың санасына патриотизм мен ата-баба ерлігін құрметтеу сезімін қалыптастыру. Турнир «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында ұйымдастырылды.  Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы мен халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының қолдауымен өткен бәсекеге 20-дан  аса оқу орнының студенті қатысты. Сонымен қатар спорттық бәйгені тамашалау үшін Ербол Сыпатаевтың сыныптастары, ауылдастары, туған-туыстары, курстастары және өмірінің соңында бірге болған достары, Желтоқсан ұйымының басшылары арнайы қатысты.  

– Бүгінгі турнир еліміздің ұлттық дәстүрі мен бай мәдени мұрасын нығайтуға ықпал ететін маңызды іс-шара. Турнирге қатысқан оқу орындарының студенттері алаңда өзінің физикалық күші мен шеберлігін көрсетумен шектеліп қана қоймай, бүгінде ерлік пен патриотизмнің символына айналған тұлғаны еске алады, – деді халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова. 

Тартысқа толы өткен спорттық бәсекеде қатысушылар алаңда бар күшін ортаға салып, жарыс жолында аянып қалмауға тырысып бақты. Қазақша күрес додасында қарсыласын жеңуге ұмтылған жастардың жекпе-жегі бозкілем көркін қыздырды. Жарыс барысында төрешілер үш салмақ дәрежесі бойынша үздік спортшыларды анықтады. 200-ден астам қатысушының басын қосқан жарыста оқ бойы озып шығып, жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаздар медаль мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Одан бөлек, турнирге қатысқан өзге де қатысушылардың ерлігі бағаланып, әрбір студентке алғысхат пен шағын сыйлық табысталды. 

Турнир соңында бағы мен  бабы қатар шапқан қатысушылар ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосатын әрі күш жетілдіретін мұндай спорттық іс-шаралар қаламызда жиі ұйымдастырылса екен деген тілегін жеткізді.  

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы