«Көшпекті» қайта жаңғыртты

Қазір көшеге шықсаң, бұрынғыдай шулап ойнап жүрген балалар көп көзге түспейді. Ара-тұра ауладағы арнайы алаңда футбол, волейбол ойнап жүрген жеткіншектерді байқаймыз. Бірақ бұрынғыдай үй көрмей ойнайтын бала жоқтың қасы.

Қазір балалардың смартфон мен гаджеттерге тым әуестеніп кет­кені сонша, көзін тырналап ашып, телефонға жармасады. Оның пайдасы да жоқ емес, бірақ зияны да аз емес. Теле­фонға тел­мір­ген кішкентайлар кішкентай экранның ар жағы­нан үлкен үрей туғызатын нәр­селер көреді. Бара-бара аулада асық атып, асыр са­лып жүрген балалардың ойыны келмеске кеткен құндылық­тары­мыздың қатарына қосылатын сияқ­ты. Бұл – алаңдатарлық мә­се­ле. Се­бе­бі ұлттық ойындар, спорт­тық ойындар баланы епті­лік­ке, дәл­дікке, шапшаң ойлауға, қарсы­ласты ойсыратуға, амал-айла­мен, ақылмен алуға үйретеді. Оны қойғанда баланың өсіп-жетілуі қимыл-қозғалысты қа­жет ететіні белгілі.

Ал бүгінгінің баласының ойын қимылы бас бармақпен ғана бай­ланысты болып отыр. Осы ол­қы­лықтың орнын аз да болса тол­тырсам деген мақсатта мұнай­лылық ұстаз ұлттық ойын түрін жаң­ғыртты. Ол – Мұнайлы ауда­ны, №4 жалпы білім беретін мек­теп­тің дене шынықтыру пә­ні­нің мұғалімі, педагог зерттеуші Ха­диша Ізденқызы. Ол бала­лармен 37 жыл бойы жұмыс іс­теп келеді. Жобасына «Көшпек» деп ат бер­ген. Оқушыларға ұлт­тық ойын­дар­ды жаңарта жет­кізіп, олардың санасына салт-дәстүрді сіңіруді мақсат еткен.

– «Көшпек» ойынын ерте кез­дегі көшпелі қазақтар ойна­ған. Ол кезде балалар малдың құма­лағын, әсіресе қойдың құ­ма­лағын қолданған. Үш жылдан бері осы ойынды жаңғырту ойым­да жүрді. Қалай жаңғырт­сам болады, немен ойнатсам деп көп ойландым. Төрт-түліктің сүйегін етінен ажы­ратып, сын­дыр­мастан, бүтіндей алып, оны әдемілеп қырып таза­лап, майын шығарып қайнаттым. Бұл ұлт­тық ойын үшін арнайы жасақ­тал­ған сүйектер экология­лық таза, балалар ұстағанда, ойна­ғанда денсаулығына зияны жоқ. 1-сынып оқушыларынан бастап қазақтың салт-дәстүрі бойынша қо­нақтарға табақ тартуды үйрете­міз. 2022 жылы облыстық семи­нар­да ойынды ұсынып, сол жерде балаларға ойнатып көр­сеттік. Көпшілікке ұнады, оң бағасын берді. Семи­нарға облыс бойынша 84 дене тәрбиесі пәні мұғалімі қатысты. Со­дан кейін мектепте үйірмеде оқушыларға осы ойынды үйрете бастадым. Ойынға неге жілікті алдым? Көкейімде жүрген екі ойымды байланыстырдым. Ол ұлттық салт-дәстүріміздегі 12 та­бақ пен жілік еді. Бірінші сынып оқушы­ларынан құралған «Мұра­гер» ұлттық сыныбы ашылды. Сы­нып оқушылары тек мереке қар­саңында емес, күнделікті сабаққа үнемі ұлттық киім киіп келеді. Ұлттық сынып болған­дықтан, барлық пәнде, мысалы есеп шығаруда асықты, тобық­ты, бақалшақты қостыра­мын. Солар­мен есеп шығарып, жұ­мыс істейді. Қазағым айтқан­дай, «Тобықты мүжі де табал­дырыққа лақтыр, жаман ниетті адамдардың көзінен қорғайды. Асықты мүжі де төрге қарай лақ­тыр, үбірлі-шүбірлі балалы бол». Ұлттық сыныбы­мызды ашып, ойынды балаларға үйретіп, жұ­мы­сымызды жандан­дырып да­мы­тып жатырмыз. 2023 жылы аудандық «Үздік авторлық бағ­дар­лама» сайысына қатысып, одан орын алдық. Облысқа жол­да­ма алып, жүлделі 2 орынды иелен­дік. Былтыр Алматы қала­сында «Үздік авторлық бағдар­лама» сайысы өтті. Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен 176 мұға­лім қатысты. Сол сайыста жүл­делі 2-орын алдық. Кейбір үлкен кісі­лер 12 табақты жасауды біл­мейді. Біздің мектептің оқу­шы­лары 1-сыныптан бастап жілік­терді танып, қай жілік кім­ге тарты­латынын біледі. Табақ жасау-біз­дің салт-дәстүріміз, құндылы­ғымыз. Мен дене тәр­биесі пәні мұғалімі болсам да, ұлттық құндылықтың ұмы­тыл­мауына атсалысқым келеді. Мек­тебіміздің басшылығының қолдауымен ұлт­тық үйірме аш­тық. Оқушы­ларымыз еңбек пәні мұғалімімен бірге қолдан ұлттық сыныпқа ағаш үй, жілік­тен жасалған жеті ата көрнекілік құралын, қай табаққа қай жілік тартылатыны жайында тақталар жасады. Алты жастағы оқушы­лар қай жілік кімге тартыла­ты­нын жақсы біледі, – деді ойын­ның авторы.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы