3 желтоқсан Халықаралық мүгедектер күніне орай, облыстық мәслихат депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсететін арнайы ұйымдарға барды.
Делегация құрамында облыстық мәслихат төрағасы және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко, партияның аймақтық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұра Мұхамедьярова, сондай-ақ депутаттар Гнел Акопян, Сандуғаш Қалижанова, Арман Мусабеков және Павлодар қаласы Трамвай басқармасы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Муслим Махмудов болды.
Депутаттар «Самал» оңалту орталығында мекеме басшылығымен жұмыс бағыттарының жаңа мүмкіндіктері мен болашағын, сондай-ақ орталықтың күнделікті кездесетін өзекті мәселелерін талқылады. Талқылаудың басты тақырыбы – қаржыландыру және қаладағы ірі кәсіпорындар тарапынан қосымша демеушілерді тарту қажеттілігі болды.
Орталықтағы жиһаз бен жабдықтардың ескіруі ерекше назар аударған мәселелердің бірі болды. Бұл проблемалар күнделікті жұмыста қиындықтар туғызады және материалдық базаны жаңарту қажеттігін талап етеді. Депутат Гнел Акопян қажетті жиһазды сатып алу үшін материалдық көмек көрсететінін уәде етті.
Келесі жылдың сәуір айында орталық ұйымдастыруды жоспарлап отырған маңызды іс-шаралардың бірі – халықаралық инклюзивті конференция болмақ. Оны сәтті өткізу үшін тек қаржыландыру ғана емес, қоғам мен бизнестің кең қолдауы да қажет. Партия мүшелері мұндай бастамаларға барлық деңгейде назар аударудың маңыздылығын атап өтті.
Депутаттар сондай-ақ оңалту орталықтарының жұмысын жақсартуға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу мәселесін талқылады.
Сапар аясында депутаттар облыстық балалар оңалту орталығына да барды. Олар орталықта жүзеге асырылып жатқан балаларға үй жағдайында оңалту жүргізу бойынша пилоттық жобамен танысты. Жоба аясында арбалар, вертикализаторлар және жүріп-тұруға арналған құрылғылар уақытша пайдалануға беріліп, отбасыларға қажетті көмек пен күтімді қолайлы жағдайда қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.