Игі іске бас-аяғы 50 мыңнан астам адам қатысты.
«Таза бейсенбі»: Қазақстан бойынша 11 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қалдықтар қайта өңдеуге жіберілді
585
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өтетін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасып, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша үлес қосуда.  

Жетісу облысы Текелі қаласында акцияға қатысушылар Тәуелсіздік көшесін тұрмыстық қалдықтардан тазартып, 7 тонна қоқыс шығарды. Бұл игі іске қалалық мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері, «Шапағат» және «Кәсіпкер» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, сондай-ақ 50-ден астам белсенді қатысты.  

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы бастау алғалы бері AMANAT партиясының Текелі қалалық филиалы белсенді ат салысуда. Текелі қаласына демалу мақсатында келетін туристер көп. Қала бойынша Қора, Шажа, Қаратал өзендерінің бойын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Жастар, төтенше жағдайлар мекемесінің өкілдері, еріктілермен біріге отырып келген демалушыларға өздерінен қоқыс тастамау туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Аталған акция арқылы қала тұрғындарында тазалыққа шақырамыз», - деді «AMANAT» партиясының Текелі қалалық филиалының төрағасы Марғұлан Ботантаев.  

Шымкентте ұйымдастырылған тазалық акциясы Тұран ауданы №8 шағын ауданында өткізілді. Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары қоқыстан тазартылып, қураған шөптер мен ағаштардың қалдықтары жиналды. Экологиялық іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының өкілдері, жергілікті әкімдік қызметкерлері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенді мүшелері қатысты. Жалпы алғанда, 100-ге жуық қала тұрғыны осы игі іске атсалысты.

Сыр өңіріндегі тазалық жұмыстары Тереңөзек кентінде Ғ.Мұратбаев және И.Тоқтыбаев көшелерінде жүргізілді. Эко акцияға партия белсенділері, фракция мүшелері, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. 50-ден астам адам мен 2 техника жұмылдырылып, 2 тонна қоқыс шығарылды.  

«Тазалықты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғам санасын жаңғыртуға ықпал етеді», – деді «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.  

Дәл осындай игі іс Ақтөбе облысында да ұйымдастырылды. Шалқар ауданында «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері бауырластар зиратын күл-қоқыстан тазартты. Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған бұл тарихи орын ерекше назарға алынып, 2 тонна қалдық шығарылды.  

«Шалқар қаласындағы бауырластар зираты – маңызды тарихи ескерткіштердің бірі. Бұл зират Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерге арналған. Зиратта арнайы ескерткіш белгі қойылып, қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылған. Соғыс құрбандарын еске алу орны партиялықтар тарапынан да күтімге алынып отыр. Акция басталғалы 8 рет маңызды тарихи ескерткіштерге тазалық жұмыстарын жүргіздік», - дейді партияның Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айнагүл Жұмағұлова.

Ал Ақмола облысы Сандықтау ауданының Балкашино ауылында өткен акция барысында орталық көшелер, Абылайхан көшесі және мәдениет үйінің аумағы тазаланды. Шараға волонтерлер, депутаттар және жергілікті тұрғындар қатысып, 5 шақырым жол мен қоғамдық орындар қардан тазартылды.  

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында өткен экологиялық акцияда «Орталық» бастауыш партия ұйымы мен ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен вокзал алаңы мен орталық көшелер қоқыстан тазартылды.  

«Мен үшін мұндай акцияларға қатысу – үлкен тәжірибе және жауапкершілік. Біз табиғатты таза ұстасақ, өзіміздің де өмір сүру ортамыз жақсарады. Әр адам осыған үлес қосса, қаламыз бен ауылымыз көркейе түседі деп сенемін», - деді волонтер Айару Асқарқызы.

Айта кетейік, бүгінге дейін «Таза бейсенбі» акциясы аясында еліміз бойынша 11 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қалдықтар қайта өңдеуге жіберілді. Игі іске бас-аяғы 50 мыңнан астам адам қатысты.