Келер жылы доллар бағамы қазіргі қалыптасқан деңгейде болуы мүмкін. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осындай болжамын бөлісті, - деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан қор биржасындағы доллар бағамы қазір 523 теңге. Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеме теңге бағамын тұрақтандыру үшін емес, инфляциямен күресу үшін қолданылатынын атап өтті. Ал теңгенің шетелдік валютаға шаққанда бағамы макроэкономикалық факторларға байланысты екенін еске салды.
- Теңгенің долларға шаққандағы бағамы бұл – экономиканың көрінісі. Біз ашық экономикалық саясат ұстанамыз. Өзіңіз білетіндей, біз Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесіміз, біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз, біз бүкіл әлеммен белсенді сауда жасаймыз және әлемде болып жатқан процестердің бәрі бізге әсер етеді. Бұл – алтын бағасы, мұнай бағасы, уран бағасы, Федералды резерв саясаты, Орталық банк саясаты, мұның бәрі ықпал етеді. Сондықтан егер бұл факторлар қолайлы болса, онда бізде де тұрақтылық болады, егер осы факторлар күрт және теріс мәнде өзгерсе, бізде де соған сай өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ 2025 жыл 2024 жылға қарағанда жақсы болады деп үміттенеміз, - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.