Партиялық жоба аясында қаражатты тиімді басқару, қарыздан құтылу стратегиялары, бизнес жоспар құру негіздері үйретіліп қана қоймай, тегін құқықтық көмек көрсетіледі.
Өскемен қаласының тұрғыны «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы жеке кәсібін ашты
652
оқылды

Өскемен қаласының тұрғыны Құралай Мажатаева «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы қаржылық сауатын арттырып, жеке кәсібін бастады.

Құралай Мажатаеваның отбасында тұрақты табыс көзі болғанымен, қарыздары да аз емес еді. Осындай қиын жағдайда ол «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы естіп, қатысуға шешім қабылдаған.

«Ел азаматтарының қаржылық сауатын арттырып, қарыздан құтылудың, жаңа кәсіп ашудың жолын үйрететін «Қарызсыз қоғам» жобасы жөнінде естіп, қатысуға бел байладым. Білім алу барысында көптен бері толғандырып жүрген сұрақтарыма жауап таба бастадым. Ең әуелі қаржыны қысқа және ұзақ мерзімге жоспарлау арқылы қаражатты қалай үнемдеуге болатын үйрендім. Сонымен қатар осы курстарда тегін құқықтық көмек берілетінін білдім. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы арқылы адвокаттың тегін көмегіне жүгініп, қаржылық мәселелерді шешуге кірістім. Алдымен 2016 жылдан бері жекешелендіре алмай жүрген Тарбағатай ауданындағы баспанамды адвокаттың кеңесімен жекешелендірдім», – деді Құралай Мажатаева.

Айта кетейік, партиялық жоба аясында қаражатты тиімді басқару, қарыздан құтылу стратегиялары, бизнес жоспар құру негіздерін үйретіп қана қоймай, тегін құқықтық көмек көрсетіледі.

Курсты аяқтағаннан кейін Құралай Мажатаева шағын клинингтік қызмет көрсету орталығын ашу туралы идеясын жүзеге асыру мақсатында бизнес-жоспар әзірледі. Нәтижесінде, «Бастау бизнес» курсын оқып, мемлекеттік бағдарлама арқылы 1 млн 476 мың теңге көлемінде қаражат алды. Осы қаражатқа өзіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, Өскемен қаласында шағын клинингтік қызмет көрсету орталығын ашты. Әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, алғашқы клиенттерін де тапты. Бүгінде бұл кәсібі тұрақты табыс көзіне айналды. Тапсырыс көлемі күн санап артып келеді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы тек қаржылық білім беріп қана қоймай, өз күшіме деген сенімімді арттыра түсті. Жоба қарызсыз өмір сүріп, өз ісімді дамытуыма мүмкіндік берді. Бүгінде кәсібімнің аясын кеңейту үшін тендерлерге қатысу мақсатында мемлекеттік сатып алу бойынша білім алып жатырмын», – дейді ол.

Құралай Мажатаеваның жетістігі – «AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының халыққа қаншалықты пайдалы екенінің жарқын дәлелі. Жоба аясында ел азаматтарының қаржылық сауатын арттырып, отандастарымыздың өз кәсібін бастауына қолдау көрсету жұмысы алдағы уақытта да жалғаса береді.