Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Құрылыс саласын жетілдіретін заң жобасын қарайды
175
оқылды

Депутаттарға Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы төрағасының ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайда­ланудың тиімділігі жөніндегі есебін тыңдау ұсынылады. Аудит Ауыл шаруашылығы министрлігінде және оның Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы аумақтық бөлімше­лерінде жүргізілді.

Сонымен қатар Мәжіліс бірінші оқылымда құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасын қарайтын болады. Құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірлен­ген және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарт­тарын электронды түрде жасау мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ үлестік қатысу шарттарын жергілікті атқарушы органда бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы міндетті түрде тіркеу нормалары ұсынылады.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар үлескерлерге тұрғын үй құрылысы бойынша кеңес беруді қолдайтын орталық құру жөніндегі түзетулерді енгізді. Бұдан бөлек, алдын ала шарттарды брондау, инвестициялау шарттарын жасасуға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алынбаған және тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігінсіз салынып жатқан үйлердің жарнамасына тыйым салу ұсынылады.