Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады.
Үлгілі ауыл: Түркістан облысында 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартты
Фото: polisia.kz
412
оқылды

“Ішімдіксіз ауыл” жобасына Түркістан облысында 30-ға тарта ауыл қолдау білдірді,  деп хабарлайды  Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 Атап айтсақ, Ордабасы мен Мақтаарал ауданында 5 ауыл, Келесте 4 ауыл, Сайрамда 3 ауыл, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда 2 ауыл, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан. Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елді мекенінде 1 835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді.

Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған. Ақсақалдар жастарға үлгі-өнегесін көрсетсе, жастар алған тәлім-тәрбиесін ұштастырып, ауылды көркейту бағытында жұмыс істеп келеді. 

“Атадан мал қалғанша, тал қалсын” дегенді ұстанған мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сияқты істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған. Осы ретте ауыл тұрғындары тыныштық пен тәртіптің сақталуында учаскелік полиция инспекторларының еңбегі көп екенін алға тартып, алғысын білдірді.

Ал учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы әрбір үйдің жағдайымен қанығып, күнделікті жұмыс жүргізіп отырады.  Нәтижесінде, жоғарыда 30-ға жуық ауылда соңғы бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген.  

Осы ретте полиция мен қоғам бірлесе ізгілікке бет бұрған ауылдар қатарын көбейтіп, қылмыссыз қоғам құру жұмыстары жалғаса береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.