Бүгінгі таңда 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді.
300-ге жуық чат жабылды: 2 миллионға жуық қазақстандық ақшасынан айырылып қала жаздады
Фото: minneapolismn.gov
3,025
оқылды

Жыл басынан бері ҚМА 20 млрд теңгеден аса шығынмен қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 68 қылмыстық істі тергеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінгі таңда 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді.

Бұл туралы ҚМА мен Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп еліміздің 100-ден астам жоғары оқу орындары үшін ұйымдастырылған құқықтық мәдениет және қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі вебинар барысында белгілі болды.

Шара «Тәртіпті өзіңнен баста!» эстафетасы аясында өткізілді.

Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған "Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы енгізілді.

"Биыл жыл басынан бері интернет кеңістігінде 47 қаржы пирамидасы анықталды. Оларға қатысты әлеуметтік желілерде 300-ге жуық чат жабылып, шамамен 2 миллионға жуық қатысушы – әлеуетті салымшылар болған. Осы жылы әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржы пирамидасы белгілері бар сайттарға 11,7 мыңнан астам сілтеме бұғатталды", – делінген хабарламада.

Вебинар барысында қатысушыларға жинақтарын салу кезінде назар аудару қажет негізгі белгілер туралы айтылды:

  • тәуекелдерсіз және күш-жігерсіз жоғары табыс уәде ету;
  • жаңа клиенттерді міндетті түрде тарту;
  • интернетте белсенді жарнама жасау;
  • компанияның Қазақстан Республикасында тіркелмеуі немесе жақын арада тіркелуі;
  • заңдық сүйемелдеудің болмауы (шарттың болмауы немесе тараптардың міндеттемелерінсіз жасалуы);
  • салымдарды қолма-қол ақшамен, криптовалюта арқылы немесе банктердің қатысуы болмайтын төлем жүйелері арқылы қабылдау.

Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.