Жетісу облысында полиция ҰҚКД-мен бірлесіп, бопсалаумен айналысқан жергілікті қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жетісу облысында Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚКБ) қылмыстық топтарға қарсы белсенді шаралар қабылдайды. Сондай-ақ бұрын ішкі істер органдарының назарына түскен тұлғалармен жедел-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Қараша айының соңында ҰҚҚКБ қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, бопсалаумен айналысатын жергілікті қылмыстық топты әшкереледі. Барлық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жетісу облысы Полиция департаментінің ҰҚҚКБ қызметкерлері білім беру мекемелерінде оқушылар мен студенттер арасында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Олар оқушылармен және жастармен кездесулер ұйымдастырып, онда бопсалау, қорқыту және осы секілді қауіптерден қалай қорғану қажеттігі жайында әңгімелеседі.
Кейде жәбірленушілер зорлық-зомбылық жасаушылардан қорқып, полициядан көмек сұраудан тартынады, бұл өз кезегінде қайғылы салдарға, тіпті суицидке әкеліп соғуы мүмкін.
Полицейлер зардап шеккендерді қорықпай, көмек сұрауға шақырады және әрбір арызданушының қорғалуына кепілдік береді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бопсалаушылық үшін айыппұлдан бастап, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.