Алматы облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі күніне арналған салтанатты шара өтті.
Агроөнеркәсіптің озаттары марапатталды
169
оқылды

Облыс орталығы Қонаев қаласында ұйымдастырылған  мерекелік шараға 200-ден астам ауыл шаруа­шылығы қызметкері мен мамандар қатысты. Мереке ауыл шаруа­шылығының маңызын насихаттап, артта қалатын жылды қорытындылап, облыс экономикасындағы жетекші сала қызметкерлерінің еңбегін бағалауға арналды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанаттағы құттықтау сөзінде,  өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерін айрықша атап өтіп, агроөнеркәсіптің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін ерекше көрсетті. Оның айтуынша,  аймақтағы егін және мал шаруашылығын қоса алғанда, жалпы ауыл шаруашылығында айтарлықтай  ілгерілеу бар.  

Мерекелік салтанат  барысында үздік қызметкерлер мен шаруашылықтар, кәсіпорындар мен ұйымдар мемлекеттік наградалармен және арнайы сыйақылармен марапатталды. Бір адам «Парасат», 3 адам «Құрмет» орденімен, 3 адам «Ерен еңбегі үшін», 5 адам «Еңбек ардагері» медалімен, 7 адам «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 

Сонымен бірге «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер» байқауында оза шапқандар қатарында болғандар да алған орындарына сай марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, осы конкурста қайта өңдеу кәсіпорындары арасында жазылу реттері бойынша жүлделі үш орынды бөліскен  «Адал» АӨК ЖШС,  «Дәулет Бекет» ЖШС, «Көк Теңіз» ЖШС қомақты ақшалай сыйлықтармен мараптталды. Ал заңды тұлғалар арасында топ жарған 

«Владимир» ЖШС-на «YTO 804-8» тракторы тарту етілсе, 2-орынды иеленген «Агрофирма «Керуен» ЖШС мен 3-орын алған  «Фирма Алтай» ЖШС ақшалай жүлделерге қол жеткізді. Шаруа қожалықтары арасындағы үштіктің алдынан көрінген «Олжас» ШҚ  да «YTO 804-8» тракторын иеленді. Мұндағы екінші және үшінші орынды бөліскен BeeQueen ШҚ мен «Ислам» ШҚ-ның еселі еңбектері қаржылай сыйлықтармен атап өтілді. 

Халықты бағасы қолжетімді отандық сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі маңызы зор ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділік танытқан аудандар арасында Кеген топ жарса, Еңбекшіқазақ пен  Қарасай екінші және үшінші орындардан көрінді. Осы байқауда ауылдық  округтер арасында  Балқаш ауданының  Құйған ауылдық округі алдан көрініп, Жамбыл ауданының  Айдарлы ауылдық округі мен  Талғар ауданының  Панфилов ауылдық округі қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.  

Болат АБАҒАН,

 Алматы облысы