«Жастарға жұмыс» жобасының мақсаты – жұмыс іздеген жастарды жергілікті кәсіпорындармен байланыстыру және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Аталмыш жәрмеңкеге 97 кәсіпорын қатысып, 700-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
«Қазір Алматы облысында 280 мыңға жуық жас бар. Олардың 6 мыңға жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Осындай жәрмеңкелер арқылы біз жастарды еңбек нарығына бейімдеп, өз салалары бойынша жұмыс табуына мүмкіндік жасап отырмыз. Бұл шара тек бос жұмыс орындарын ұсынумен шектелмейді. Сонымен қатар жастарға еңбек нарығындағы талаптар туралы ақпарат беріп, кәсіби дағдыларын дамытуға көмектеседі. Осындай шаралардың нәтижесінде, 109 жас маман жұмысқа орналасты, ал 200-ге жуық жас сұхбаттасуға шақырылып, өздерін көрсету мүмкіндігін алды», – деді «Жастар Рухы» ЖҚ-ның Алматы облыстық филиалы төрағасы Медет Бекбергенов.
Кәсіпорындар ішінде ерекше көзге түскендердің бірі – Талғар ауданындағы Keruen Plus зауыты. Су және жылыту жүйелеріне арналған пластикалық құбырлар мен фитингтер шығаратын бұл өндіріс орны WUKO DENIZ брендімен кең танылған. Зауыттың жоғары өндірістік әлеуеті мен сапалы өнімдері ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие.
Осы жәрмеңке барысында кәсіпорын 50-ден аса бос жұмыс орнын ұсынып, жұмыс іздеушілердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Табысты мысал – 29 жастағы Дәурен Сәбитов. Ол жәрмеңкеге қатысқаннан кейін Keruen Plus зауытының өндірістік бөлімінде жұмысқа орналасты. Бұрын жұмыссыз болған ол, бұл зауыттың жалақысы, жұмыс жағдайы және мамандарды кәсіби дамытуға бағытталған мүмкіндіктеріне таңғалғанын айтты.
«Мен зауыт өкілдерімен партия ұйымдастырған жәрмеңкеде таныстым. Олар өздерінің өндіріс процестері, ұсынатын мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Қазір өндіріс орнында техникалық маман ретінде қызмет атқарып жүрмін. Жұмысым ұнайды әрі осында өсу мүмкіндіктері бар екенін сеземін», – деді Дәурен Сәбитов.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты жұмысқа орналастыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтіп, NEET санатындағы жастарды оқыту және жұмыспен қамту үшін арнайы семинарлар ұйымдастыруда. Сондай-ақ жыл сайын 350 жеңілдетілген кредит беру және кәсіпорындарда 5 мың жас үшін ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Бұл шаралар жастар жұмыссыздығын 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.