Рейд қорытындысына сәйкес, насыбай мен снюс сататын 3 дүкен анықталды. Полиция қызметкерлері жалпы сомасы 25 мың теңгеге шамамен 40 қорап насыбай мен 20 снюс тәркіледі. Дүкен иелері әкімшілік жазаға тартылып, әрқайсысына ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 92 300 теңге (25 АЕК) көлемінде айыппұл салынды.
«Біз жаман әдеттердің алдын алу қағидаттарын ұстана отырып, жастардың осы өнімге қолжетімділігін шектеуге тырысамыз. Бұзушылықтар үшін қатаң жауапкершілік шаралары, соның ішінде ірі айыппұлдар қарастырылған. Кәсіпкерлердің есіне салғым келеді: вейп, насыбай және снюс сатуға тыйым салынған ережелерді сақтау – бұл заңның талабы ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік. «Нұра» ауданында мұндай мониторинг үнемі жүргізіліп тұрады. Жыл басынан бері 230-ға жуық дүкен тексерілді. Біз бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз», – деп атап өтті «Нұра» ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Батырхан Жанпейісов.
Маманның айтуынша, мұндай заңбұзушылықтарды анықтау бойынша жүргізілетін рейдтер жастар арасында жаман әдеттердің алдын алуға және кәсіпкерлердің заңнаманы сақтауы үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Тексеріс барысында дүкен сатушыларына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр 2023-2025 жылдарға арналған Есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметтің қаулысымен бекітілген-ді. Бұл кешенді жоспардың негізгі мақсаты – қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділігін төмендету, нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу, есірткі қолданатын адамдардың шынайы және нақты есебін қалыптастыру, уәкілетті органның құзыреті мен мәртебесін арттыру, материалдық-техникалық жағдайды нығайту. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша қадамдық іс-қимыл алгоритмі жұмыс істейді.
«Мемлекеттің есірткіге қарсы саясатының өзектілігін атап өтіп, ел Президенті нақты бағыттарды белгілеп, жоспарды іске асыру бойынша міндеттерді алға қойды. Оны ІІМ-нің ведомствоішілік деңгейде сапалы және тиімді іске асыру мақсатында әрбір іс-шараны орындау барысы ішкі бұйрықпен бекітілді. Бұл жұмысты үйлестіруді біз, Министрліктің салалық департаменті жүзеге асырады. Жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша қадамдық іс-қимыл алгоритмін әзірледік. Жоспар 7 бөлімнен, 77 тармақтан тұрады. Мұндай шешімдер оның орындалу динамикасын апта сайын әр сегментте бақылап, іс-әрекеттерімізді түзету бойынша қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өткен еді Бақытжан Әмірханов.
Есірткі жарнамасы – нашақорлық қақпаны
Елордада 2023-2025 жылдарға арналған Есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес бағдарламасы және «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында қаланың барлық ауданында нашақорлық, есірткі саудасына және психотропты заттардың заңсыз саудасына қарсы рейдтер тұрақты негізде жүргізіледі. Уәкілетті органдар әкімдікпен бірлесіп, әсіресе жастар арасында есірткі қылмысына қарсы түрлі шара белсенді жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары» аясында да нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр. Биыл уәкілетті органдар жыл басынан бері қалада 400-ден астам есірткі қылмысын тіркеген.
Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызының айтуынша, 2024 жылдың 11 айында Астанада 407 есірткі қылмысы тіркеліп, соның ішінде 285 өткізу фактісі, сондай-ақ есірткінің синтетикалық түрлерімен байланысты 621 есірткі құқықбұзушылық анықталған. Заңсыз айналымнан 339 келі есірткі заттары, соның ішінде 20,8 келі «синтетика» тәркіленген.
– Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары және мемлекеттік органдар мен жұртшылық барынша тартылған «Астана – есірткісіз қала 2023-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы іске асырылуда. Оның аясында уәкілетті органдармен нашақорлықтың алдын алуға және есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға бағытталған бірқатар іс-шара жүргізілуде, – дейді Әлия Қибатқызы.
Тұрақты түрде мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп Құқық қорғау органдары 11 айда 496 алдын алу іс-шараларын, соның ішінде акциялар, семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, спорттық турнирлер, конкурстар өткізді. Мәселен, «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында жақында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Жастар арасында есірткіге қарсы күрес пен оның зиянды салдарын түсіндіруге бағытталған жиынға 280 студент қатысты.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы, Прокуратура және «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен бірлесе ұйымдастырылған іс-шара барысында студенттерге есірткі және есірткі қылмысы туралы ақпарат берілді. Жиында есірткі заттарының болашақ өмірге келтірер зияны, теріс әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстану мәселелері сөз болды.
Мамандардың айтуынша, жалпы есірткі таратуға көбінесе жасөспірімдер тартылады. Себебі өзгелерге қарағанда ықпал етуші топтардың әрекеті оларға жылдам әсер етеді. Жасөспірімдер көбіне «ертегідей өмір сыйлаймын», «қаржылық жағдайың жақсарады» деген сияқты уәдеге тез алданады. Сондықтан жастарды психотропты заттарға әуес болуының алдын алу үшін, оларды үнемі ақпараттандырып, сақтық шараларын ұстану жолдарын үйреткен абзал. Кездесу барысында Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Асқар Рахман есірткі таратушылар әлеуметтік желіде емін-еркін насихат жұмысын жүргізіп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық туралы және психологиялы, құқықтық сауаттылықты арттыру маңызды.
– Жастардың көбісі нашақорлық үшін қандай жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Есірткі және психотроптық заттарды жасау, сақтау, сатып алу, тасымалдаумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Заң бұл бағытта қатаң. Қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күрес жан-жақты болғанымен, есірткі таратушылар әлеуметтік желіде емін-еркін жұмысын жүргізіп келеді. Ол қармаққа жастардың түсіп қалатыны өкінішті. Сондықтан жастар үшін психологиялық және құқықтық сауаттылықты арттыру аса маңызды, – деді прокурор А.Рахман.
Жасөспірімдер мен жастар арасында жылдар бойы нашақорлықтың алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіліп келе жатқанымен, әлі де болса есірткі тұзағына түсіп қалатындар қатары азаймай отыр. Ә.Қибатқызы мұның себебін қаржы табуды көздеген жастардың есірткі сату жарнамасына байқамай алданып қалатыныдығымен түсіндірді.
– Есірткі сату жарнамасына қаржы табу мақсатымен жүгінетін жасөспірімдер жиі алданады. Әсіресе, синтетикалық есірткіге еріп кететіндердің үлесі басым. Ал синтетикалық есірткі өз кезегінде героиннан да қатты әсер етеді. Бір сәттік ләззат алғаннан кейін оның тұзағына қалай оңай түсіп кетіп жатқандарын жастар аңғармай жатады. Есірткіге еліткен адам ең әуелі қажетті есірткі дозасын алу үшін ұрлық, кісі өлтіру сияқты кез келген ауыр қылмысқа баратыны да жағдайды одан әрі ушықтырады. Жеңіл ақша табамын деген түсініктен арылу керек, бастысы салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға көп көңіл бөлген жөн, – дейді Ә.Қибатқызы.
Жақында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жастардың есірткі таратудағы жеңіл ақшаға ұмтылмаудың зиянын түсіндіру және есірткі сататын сайттарды жарнамалаудың жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейту туралы ұсыныс жасап, депутаттық сауал жолдаған болатын.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет есірткіге қарсы қызметті жетілдіруге бағытталған кешенді жоспарды бекіткен. Дегенмен синтетикалық есірткі – халқымыздың денсаулығына, ұлттық тегімізге, экономикамызға, құқықтық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздігімізге үлкен қатер төндіріп келеді.
– 2023 жылы 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасауға пайдаланылатын химиялық реагенттер алынған. Жасырын есірткі зертханаларындағы қылмысты ашу, қылмыскерлерді ұстау бағытындағы жұмыстар Құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілгенімен, олардың саны артып барады. Атап айтқанда, Құқық қорғау органдары 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 68, 2023 жылы – 81 есірткі зертханасын жойды. Сондай-ақ 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу канал жойылыпты. Тек ресми статистика бойынша, соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 келіден 1 тоннаға дейін өскен. Яғни, 2021 жылы тәркілеу көлемі 100 келі болса, 2023 жылы 1 тоннаға дейін жеткен. Өкінішке қарай, заңсыз есірткі бизнесі елді нашақор ету сыртында, жастарды қылмыс әлеміне жұмылдырып жатыр. Жастар мен оқушылар отыратын танымал онлайн платформаларда, мессенджерлерде оларға есірткі сатушылар шығып, «тез табыс табуды» ұсынуда. Осы қарқынмен есірткі бизнесі кете берсе, болашақ жастарымызды нашақор етіп, өлтіріп тынатын түрі бар. Өз кезегінде есірткі бизнесі ұлт болашағына балта шабады, – деді депутат өз сауалында. Яғни, елімізде «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары» жұмыс істеп жатқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді.
Синтетикалық есірткіге тәуелділер саны артқан
Соңғы жылдары синтетикалық есіртікіге елітуші адамдар қатары артқан. Ресми ақпаратқа сенсек, соңғы алты жыл ішінде бұл контингент балалар мен ересектер арасында 17 еседен астам өсіп үлгергенін. 2017 жылы осындай есірткіге тәуелді 40 науқас болса, бұл көрсеткіш 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 694-ке жеткен. Салыстырмалы түрде 2018 жылы елімізде 20,3 тонна есірткі тәркіленсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 41,1 тоннаға дейін артқан. Соңғы жылдары әлеуметтік желінің дамуы, интернеттің қолжетімділігі қылмыстың да өршуіне әкелген.
Астана қаласы Ішкі істер департаментінің дерегіне сүйенсек, тек 2023 жылы наркодилерге қатысы бар 3 мыңдай сайт және 1,3 мың Telegram арнасы бұғатталған. Қалалық психикалық денсаулық орталығының ашық ақпарат көздеріндегі дерегінше, 2024 жылдың 9 айында Қалалық психикалық денсаулық орталығында есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұрған адамдар саны 1,5%-ға азайған. 2024 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, есепте тұрғандар саны – 976, оның ішінде 3 жасөспірім бар, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14 адамға аз. Бірақ 2024 жылы есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұрған адамдардың саны азайғанымен, синтетикалық есірткі тұтынушыларының саны артқан. Дәрігерлер есірткі қолданудың медициналық тұсы әртүрлі физикалық және психикалық салдарды қамтиды. Физикалық салдары ағзаның түрлі мүшелерін зақымдап, жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылуын, тыныс алу жүйесі мен ас қорыту жүйесінде мәселелерді, сондай-ақ түрлі инфекциялық ауруларды тудырады. Иммундық жүйеге әсер етіп, жалпы денсаулықтың нашарлауына және иммунитеттің әлсіреуіне әкеліп соғады. Ал психикалық салдары тіптен ауыр. Есірткінің әсері депрессия, мазасыздық, психоздар, оқуға және есте сақтауға қабілеттіліктің төмендеуі, сондай-ақ тәуелділіктің дамуына әкеледі. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы есірткі қолдану мидағы химиялық теңгерімді өзгертуі және бұл ауыр психикалық бұзылуларға және тіпті өзін-өзі өлтіру туралы ойларға әкелуі мүмкін.
Елордадағы Қалалық психикалық денсаулық орталығы есірткі қолданудың қауіптері туралы ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткі қолданудың салдарымен бетпе-бет келген адамдарға көмек көрсетеді, сондай-ақ тәуелділікпен күресуге және зардап шеккендердің психикалық денсаулығын қалпына келтіруге көмектеседі. Орталықтың есебінше, есірткіге тәуелділік бойынша алғаш рет есепке алынған адамдардың саны 41,3%-ға төмендеген. Биыл 51 адам есепке алынса, оның ішінде 27 адам – синтетикалық есірткі тұтынушылар. Барлығы 262 есірткіге тәуелді адам ерікті түрде тәулік бойы емдеу стационарында емделген. Сондай-ақ 2022-2024 жылдар аралығында елордада 9 есірткі зертханасының қызметі анықталып, жолы кесілген.
Мемлекеттің есірткімен күресте атқарып жатқан ізгі шараларының қатарында заңның қатаңдатылғаны мен қыркүйекте Ішкі істер министрлігінің құзырында есірткі қылмысына қарсы күрес қызметінің комитет болып дербес құрылғанын атап айтуға болады. Мысалы, заңға сәйкес, есірткі «жасырып кетушілерге» жаза мерзімі 10-15 жылға дейін созылды. Сондай-ақ ресми есеп бойынша елімізде есірткі қылмысын жасағаны үшін 4 293 адам жазасын түрмеде өтеп жатыр. Тағы бір ең өзекті әрі сорақысы түрмеде жазасын өтеушілер арасында есірткімен күресте алдыңғы шепте жүруге тиіс Ішкі істер органдары қызметкерлерінің де бар екенін атап айтуымыз керек. Мәселен, 2023 жылы 12 полиция қызметкеріне айып тағылған болса, 2024 жылы 9 айда 12 қызметкер істі болған. Сондықтан есірткімен күрес тек құзырлы органдардың ғана емес, қоғам назарынан да тыс қалмауы керек.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ