Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған 106 пәтерлік 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, баспана иелерін қоныстойымен құттықтады.
«AMANAT»: Сыр өңірінде 106 отбасы баспаналы болды
234
оқылды

Өз кезегінде аймақ басшысы өңірде халықты тұрғын үймен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. 

Жалпы, Сыр өңірінде биылға бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қаралған. Соның негізінде жыл аяғына дейін 2 500-ден астам пәтер беріледі деген жоспар бар. Қазіргі таңда ұлттық жоба аясында 1 154 пәтерлік 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.  Бұл тұрғыда әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1 819 пәтер, апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінде соның 1 114-і сатып алыныпты. 

Негізінен соңғы екі жылда аймақта 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапқан. Нәтижесінде, тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, биыл жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғаятын болады.

 «Өңірімізде Президентіміздің, Үкіметтің  қолдауымен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып жатыр. Соның негізінде баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында Қармақшы ауданында да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы аудан бюджеті 13 млрд 353 млн теңге болса, биыл 17 млрд 825 млн теңгеге жетіп, 25 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаржы аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Атап айтқанда,  биыл 2 млрд 100 млн теңгеден астам қаржыға автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Сонымен қатар  Жосалы кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысын бастауға мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғындарды газбен қамту  ісіне де ерекше мән беріп келеміз. Бұған дейін Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай ауылдық округі «көгілдір отынға» қосылды. Нәтижесінде, аудан халқының 77,5 пайызы табиғи газ қолдануда. Сол сияқты аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» ықшамауданы газдандырылып, Дүр Оңғар ауылдық округінде тиісті жұмыстар басталды. Сондай-ақ елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бағытында да атқарылған жұмыстар аз емес. Нақты айтқанда,  өткен жылы ауданға қарасты Көмекбаев, Алдашбай ахун, Қармақшы елді мекендерінде 3 жоба жүзеге асса, биыл Байқоңыр қаласында 1 жоба қолға алынды», –  деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы