Солтүстік Қазақстан облысында «Қарапайым сөздермен тәрбиелеу бағыты» атты ата-аналарға арналған іс-шара өтті. Іс-шара жұмысына арнайы «AMANAT» партиясының хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Қаринова шақырылды.
Жалпы, аталған іс-шара 50-ден астам адамның басын бір арнаға тоғыстырды. Олардың қатарында ата-аналар, педогогтер, психологтер мен дәрігерлер бар. Жиын барысында білікті мамандар өз білімдері мен тәжірибелерімен бөліссе, ата-аналар толғандырған сұрақтарын қойып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Іс-шарада арнайы қатысқан «AMANAT» партиясының хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Қаринова сөз сөйлеп, балаларды тәрбиелеу институтының негізі отбасы екенін атап өтті. Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты ата-аналардың назарын бала тәрбиесіне аударуды мақсат етті.
«Биылдан бастап партия мен оның Әйелдер қанаты «Балаңа уақыт арна!» жобасын іске қосты. Ол отбасы институтын нығайту және оның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында қолға алынған. Себебі қазіргі кезде көптеген ата-аналар жұмыспен жүріп балаларға аз уақыт бөледі. Соңғы уақытта балалар арасында ұрыс-керістер, буллинг пен суицид көбейгені рас. Бұған партия бейжай қарай алмай, мәселеге терең үңілді. Біздің басты міндеттеріміздің бірі – балаларды отбасы арқылы тәрбиелеу, балаларға қолайлы орта құру», – деп атап өтті Шолпан Қаринова.
Жиын барысында Qazyna бастауыш мектебінің жетекшісі, «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі кеңесшісі Әсел Есжанова балаларды мектепке дайындау және ата-аналар мен балалар арасындағы байланыс орнату тақырыбында баяндама жасап, маңызды мәселелерді көтерді.
«Балаларды мектепке дайындау және ата-аналар мен балалар арасындағы байланыс орнату – өте маңызды тақырыптардың бірі. Осы бағытта Сингапур әдісі жақсы көмектеседі. Мектепте алынған білімді күнделікті өмірде қолдана білу қажет. Яғни, олар оқу процесін трансформациялап, оны тиімдірек әрі қызықтырақ етіп өткізеді. Ол жұмыс пен өмірге қажетті дағдыларға – коммуникация, ынтымақтастық, сыни ойлау және шығармашылыққа бағытталған», – деп атап өтті Әсел Есжанова.
Жиын барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев, «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының директоры Мадина Дарбаева және NewLife Diagnostic медициналық орталығының жетекшісі Вера Алладинская да сөз сөйледі. Олар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі тәсілдері, білім беру процесіндегі инновациялық әдістемелердің маңызы, сондай-ақ ерте жастан денсаулықты сақтау мен дұрыс тамақтанудың рөлі туралы мәселелерді көтерді.
Бұған дейін «AMANAT» партиясының хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Қаринова «Қазақстанның аймақтарындағы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру: трендтер мен перспективалар» тақырыбында ұйымдастырылған аймақтық конференцияға арнайы қатысты. Жиында Шолпан Таңатқызы «Саясаттағы әйелдер: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында сөз сөйлеп, партия жұмысында гендерлік теңдік, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері сияқты мәселелер негізгі бағыт болатынын атап өтті. Айта кетейік, «AMANAT» партиясы әйелдерді біріктіріп, олардың әлеуетін арттыруға, кәсіби дамуына бағытталған «Әйел аманаты» және «Томирис» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобаларына жақсы қолдау білдіріп келеді.