Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді.
Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты тың деректер жариялады
Фото: видеодан алынды
1,179
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеуді жалғастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Еске сала кетейік, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде. 

"Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" (тұрақ орындарын қоса алғанда), "Sensata Plaza" ТК, сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері бұғатталды. 

Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді", – делінген хабарламада. 

Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылды.  

Тәркіленген заттар бойынша сот анықтайтын болады.  

Тергеу жалғасуда.  

ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. 

"Егер сіз Перизат Қайраттың қаражаттың, жылжымайтын мүліктің және басқа да мүліктің (оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген) орналасқан жері туралы ақпаратты білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша нөмірі: 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз", – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, жақында ерікті Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырған деген күдікпен ұсталды. Сонымен қатар,  2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.