Министр «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» кітабы журналистерге үлкен қару, білім, жаңа серпін бола алатынына сенім білдірді.
«Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» жарық көрді
664
оқылды

Алматыда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау күніне орайластырылған «Орталық Азиядағы тұрақты даму үшін деректер журналистикасы: мақсаттар, сын-қатерлер және адам құқықтары» атты халықаралық конференция өтті. 

Іс-шара UN Plaza Almaty-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, соның ішінде онлайн қосылған министр Саясат Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаменті  өкілдіктерінің қатысуымен өтті.

Жиынға Zoom  арқылы қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: Қазіргі ақпараттық кеңістік шатасып, фейк, түрлі-түрлі жасанды интеллектінің қатысуымен жасалатын алаяқтық кезіндегі деректерді сараптауда дата журналистиканың маңызы зор. Ақпараттың дауыл секілді шарпыған кезеңінде кәсіби журналистер өз жауапкершілігін толық түсінуі керек. Қазіргі фейк, жасанды жаңалықтардың қайсысы дұрыс? Ақиқат қайда? Мұны кәсіби журналистердің ажырата білуі өте маңызды. Осы тұрғыда бүгінгі ұсынылып отырған деректік журналистика бойынша жаңа оқу курсының, яғни кітаптың таныстырылымы өтіп жатыр. Бұл курс Орталық Азия университеттерінде бейімделіп, ЮНЕСКО-ның Халықаралық коммуникация дамыту бағдарламасының арнайы қолдауымен дайындалған. Сонымен қатар деректерді өңдеу мен талдау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен құралдарды меңгеруге, жаңа бағыттағы журналистерді дайындауға, жасанды интеллект пен цифрлық, әлеуметтік платформалармен жұмыс істеуге үйретеді.  Курс біздің мамандарымызға, оқытушыларымызға, профессорларымызға, студенттерімізге жаңа серпін, жаңа бағыттарды ашады деген үмітіміз бар. Еңбек тек қана қазақстандық авторлар емес, қырғызстандық, өзбекстандық авторлардың бірлескен жұмыс нәтижесі. Сондықтан атсалысқан көршілес ел мамандарына алғысымызды айтамыз, – деді. 

Министр сөзін одан әрі жалғап, келесі кезектегі проблемаларға тоқталды.

«Қазір көп жағдайда кәсіби журналистеріміз блогерлерге, әлеуметтік желідегі белсенділерге жеңіліп жатыр. Бұл осындай қилы заманда журналистің жұмысын шектейді. Олар кей жағдайда жауапкершілікті сезіне отырып, кәсіби журналист айта алмаған нәрселерді айтады, кейде, керісінше жауапкершілікті сезінбеген кейбір медиабелсенділер фактілерді тексеріп, дайындалмай  жариялай салады. Контентті кейін журналист зерттеп, зерделеп халыққа ұсынса, оны көпшілік оқымай да қалады. Өйткені жаңалықтың өзінің бір қағидаты бар ғой: «Кім бірінші берсе, соныкі дұрыс» деген. Сонда кәсіби мамандар бәсеке тұрғысынан кәсіби емес мамандардан жеңіліп жатыр. Сондықтан журналист мәртебесін жоғалтпай, жаңа деңгейге шығаруымыз керек», – деді. 

Ол осы тұрғыда «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» кітабы журналистерге үлкен қару, білім, жаңа серпін бола алатынына сенім білдірді. 

Қазір цифрлық жүйе дамыған сайын ақпараттың санымен оның халыққа жетуі одан да тез, көз ілеспес жылдамдықпен таралуда.  Әлемде сәт сайын ақпарат ағыны жаңғырып, адамдар  оны сараптап та үлгермей жатыр. Сондықтан әлемдік журналистика саласы сандық деректермен жұмыс істеу көлемін кеңейтті. Бұдан соң біраз бұқаралық ақпарат құралдары сандармен, нақты ақпараттармен тікелей жұмыс істеуге көшіп, оларды дереккөзге айналдырды. Сөйтіп, «деректер журналистикасы» немесе «дата журналистика» ұғымы нақты қолданысқа енген болатын.  Осы орайда дата журналистикасын елімізде, Орта Азия елдерінде одан әрі дамытып, аталған бағытта журналистердің  біліктілігін арттыру үшін сала мамандары білек сыбана кірісті.  Нәтижесінде, Орталық Азия елдерімен бірлесіп шығарылған «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» атты еңбек дүниеге келді. 

UNESCO IPDS жобасында барлық авторлардың басын қосқан жетекші, саяси ғылым докторы, Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева басылым туралы: 

«2021 жылы ЮНЕСКО-ның Коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының «Орталық Азия елдеріне бейімделген деректер журналистикасы курсын даярлау» жобасын ұтып алған болатынбыз. Курс қазір өзбек, тәжік, қырғыз, ағылшын тілдеріне аударылып тұр, енді мағыналарын бір-бірімен салыстырып, өңдеп редакцияға жібереміз. Жалпы, еңбектің дайындалуына алғашқы жұмыстарынан бастап, соңғы штрихтарына дейін үш жыл уақыт кетті. Мұндағы басты ерекшелік Орта Азия елдерінің бірігіп, дата журналистика курсын жазуы. Журналистика саласында бұрын-соңды мұндай бірлескен халықаралық ұжымның еңбегі болмаған. Жобаға атсалысқан авторлар: Мадина Мансұрова (Қазақстан), Гүлнұр Тюлепбердинова (Қазақстан), Зарина Буенбаева (Қазақстан), Санатбек Сейдеханов (Қазақстан), Айтолқын Ашимова (Қазақстан), Элира Турдубаева (Қырғызстан), Аита Султаналиева (Қырғызстан), Қымбат Болотбекова (Қырғызстан), Яхутхон Маматова (Өзбекстан), Фатима Муминова (Өзбекстан). Ғылыми еңбек журналистика факультетінің студенттеріне, тәжірибе жинаушы журналистерге, деректер журналистикасына қызығушыларға арналады», – деді.

Кітап «Зерттеу және статистика принциптері», «Ашық көздерден ақпарат жинау», «Электронды кестелерге кіріспе», «Сторителлинг тренді деректер журналистикасында» секілді 11 тарауды қамтыған. Жоба авторының ойынша дата журналистиканың Қазақстандағы қазіргі деңгейі әлі де графикалық деңгейде. Бізге интерактивті журналистиканы, картографиялық журналистиканы дамыту қажет. Егер интерактивті журналистика дамыса тараптардың бір-бірімен кері байланысында еш проблема болмайды. Ал журналистік зерттеуде картографиялық бағыт үлкен рөл ойнайды. Дата журналистикасы Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ашылды. Өзім координатор болып, жоспарын құрдым. Бұл бағыт ашылғалы бері бізден 68 түлек бітірді. Қазір елдегі біраз университеттерде конвергентті журналистика, зерттеу журналистикасы деп оқытылып жатыр», – деп дата журналистикасының елдегі дамуына үлкен сенім білдірді.   

Конференцияға көршілес өзбек, қырғыз елдерінен авторлар, студенттер, докторанттар, ғылыми қызметкерлер мен ұстаздар қатысып, еңбектің маңыздылығына тоқталды. 

ҚазҰУ-дың 2 курс PhD докторанты Олжас Әбдіхалықтың айтуынша,  "деректер журналистикасы бойынша оқу курсы" оқу арқылы мынадай мәселелер шешімін табады: журналистер, ең алдымен, ашық ақпарат көздерінен деректерді қай жерден алатынын үйренеді. Ашық дереккөздермен жұмыс істеуді үйрену оңай дүние емес. "Оны қай жерден табамыз, интернеттің қай жерінен іздейміз?" деген сұрақтарға оңай жауап береді. Ақпараттарды факчекинг жасауды үйренеді, яғни сол алған деректерді қайта тексеру барысында қате кетіп қалмауын терең меңгереді. Одан кейінгі негізгі дүние визуализация құралдарының көмегін пайдалану, яғни алынған ақпараттарды көрнекілік құралдары: инфографика, диаграмма, графика секілді түсіндірмелермен аудиторияға қысқа уақытта ұғынықты әрі әдемі тәсілмен жеткізе алу. Қазір Қазақстан ашық дереккөздері бойынша әлемде 40-орында. Бұл ашық дереккөздермен жұмыс істеуді, оған оңай қол жеткізуді үйрену арқылы біз елдегі коррупцияның алдын алып, оны жеңе аламыз.  

Конференцияда қатысушыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен әзірленген салалық журналистиканы дамыту жөніндегі «Жол карталарының және ҚР ҒЖБМ-мен бірлесіп әзірленген «Ғылыми журналистика бастамалары: 2025-2027» нәтижелері де көрсетілді.

Нархоз университетінің заң клиникасы жобасын әлеуметтік әсер ету құралы ретінде жүзеге асыру арқылы құқықтық сауаттылық пен тұрақты даму саласындағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Конференция Орталық Азия елдерінің мамандары арасында білім мен тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік беріп, адам құқықтары, журналистика және тұрақты даму тоғысындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.