Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовке Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 29 жыл толуына орай құттықтау жолдады, – деп хaбарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан Президенті жеделхатында Түрікменстанның табысты жүргізіп отырған бейтараптық саясаты елдің халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, зор құрметке бөлегенін атап өтті.
– Қазақстан мен Түрікменстанды сан ғасырдан тамыр тартатын берік достық, тату көршілік және өзара қолдау рухындағы қарым-қатынас байланыстырады. Бауырлас екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсіп, қарқынды дамып келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз, – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы Түрікменстан президентінің жауапты қызметіне табыс, ал бауырлас түрікмен халқына бақ-береке тіледі.