Теміртауда 6 жастағы бала мұзға батып кетті. Баланың мәйітін құтқарушылар алып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 112 пультіне 6 жастағы баланың мұзға құлап кеткені туралы хабар түскен. Қайғылы жағдай Нұра өзеніндегі көпірдің аумағында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, бала үлкендердің қарауынсыз қауіпті аймақта болған. Ол сол жерде балалармен ойнаған.
"Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жетіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2018 жылы туған баланың денесін судан шығарды. Ол әжесімен бірге тұрған. Оқиғаның себептері анықталып жатыр", – делінген хабарламада.
Ведомство тұрғындарды мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.