Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қаладағы зиялы қауым өкілдері мен студенттер Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының алдында орналасқан Мұхтар Әуезов ескерткішінің маңын қардан тазалады.
«Таза Қазақстан»: эко ғана емес, сана тазалығы
198
оқылды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен сенбіліктің мақсаты – қоғам назарын тазалық пен тәртіпке аударумен қатар, жастарға ұлттық мәдениет пен әдеби мұра туралы маңызды ақпарат беру. Далада аяз бет қаратпай тұрса да, сенбілікке жастар көп жиналды. Елорданың экологиялық ахуалын жақсарту, санитарлық тазалықты сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қала әкімдігі «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында түрлі сенбілік, апталық ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Сондай-ақ «аузы дуа­лы» тұлғаларды шақырып, қоғамдық жұ­мыс­тардың мәнді-мағыналы болуын да ескереді. Мәселен, Қалыбек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры мен Мұхтар Әуе­зов ескерткішінің маңын тазалау жұмыс­тарына жазушы, халықаралық Алаш сый­лы­ғының лауреаты Толымбек Әбдірайым және Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулет­керей Кәпұлы шақырылыпты.

Жазушы Толымбек Әбдірайым «Сен­білік дегеніміз – тазалық жұмыстары ғана емес, жастарға ұлттық мәдениет пен әдеби мұра туралы маңызды ақпарат жеткізетін танымдық іс-шара деңгейінде болғаны құптарлық шаруа», – деді.

– Әрі «Таза Қазақстан» деген сөз жай экологиялық ортаның тазалығы емес, ол жан дүниенің, тілдің, рухтың, сананың тазалығын дәріптеуге жол ашқаны дұрыс. Әркім тазалықты өзінен бастайды деп ай­тып жүрміз. Ендеше адамдар сол тазалықты тілінен, әдеп-иба мінезінен бастаса, онда нағыз «Таза Қазақстан» болар едік. Елімізді қоқыс пен қардан ғана емес, жемқорлық пен парақорлықтан, әділетсіздіктен де тазартсақ, сонда біздің басты миссия­мыздың орындалғаны, – деді жазушы.

Сондай-ақ шара барысында студент­терге қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы ту­ралы келелі әңгіме айтылды. Қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуы жолында мол әрі бай мұра қалдырып, драматургия саласының дамуына ұшан-теңіз еңбегі сіңген заңғар жазушы туралы күнді түнге жалғап айтуға болады. 20 жасында М.Әуезов Шекспирдің Ромео мен Джульетта хикаясымен желілес өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебекті» жазды. Қазақ­тың театр өнері сахнасынан ойып орын алған бұл пьеса күні бүгінге дейін көрер­менін жалықтырған емес. Бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Абайдай ұлт мақтанышының атын дүниежүзіне әйгілеп таныстырумен қатар, қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрі, салт-санасы мен мәдениетін, ғұмырлық құндылықтарын барлық қырынан энциклопедиялық дең­гейде жан-жақты дәріптеді. Сондықтан, қарым­ды қаламгердің ұлт руханиятына сіңір­ген ұлан-ғайыр ең­бегін өскелең ұрпаққа үнемі насихаттап-дәріп­теудегі іс-шараның қандай форматта да «сөйлегенінен» ұтыл­майтынымыз анық. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экология – жарлықпен жасала­тын, өкіммен орындалатын шаруа емес. Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қа­жет. Шын мәнінде, өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп» деп атап көрсеткен болатын. Қазір респуб­ликамыздың барлық аймағында, түкпір-түкпірінде дерлік «Таза Қазақстан» экобағ­дарламасы жүзеге асып жатыр. Бес жылға дейін жалғасатын шараның ауқымы кең. Қоршаған ортаның ластануы өзекті болып отырған қазіргі қоғамда экологиялық мәде­ниетті қалыптастырумен қатар, азамат­тардың қоршаған ортаға деген жауапкер­шілігін арттырудың маңызы зор. Осы ба­ғытта балабақшадан бастап, яғни «еңбек­теген жас, еңкейген кәріге» дейін «жұды­рықтай жұмылуы» керек.

Акция басталғалы бері елорда әкімдігі «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең көлемді тазалық ак­циясын қолға алды. «Астана тазалық» ЖШС мамандарының айтуынша, экоакция шеңберінде шаһардың экоахуалын бақылау, нөсер және арық кәріз желілерін сани­тарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңіс­тіктер мен аулаларды тазалау, қыста қар шығару жұмыстарының ауқымын кеңей­ту, шараға қоғам назарын аудару секілді қы­р­уар жұмыс атқарылып жатыр. Қаланың санитарлық-экологиялық тазалығын қам­тамасыз ету барысында халықаралық тә­жірибелер кеңінен қолданылады дейді мамандар. Сондай-ақ қала тазалығын үнемі қалыпты сақтау үшін күн сайын мыңдаған қызметкер мен техника жұмыла жұмыс істейді. 

Мәселен, қазан айындағы ресми ақпа­ратқа сәйкес айтар болсақ, экоакциясы аясында жыл басынан бері Астананың бес ауданынан 162 мың тонна қоқыс жиналып, полигондарға шығарылған. Түрлі монито­рингтік рейдтердің арқасында заңсыз поли­гондарды жою жұмыстары жалғасын тауып отыр. Соның ішінде, жаңа ошақтар­дың пай­да болуына жол бермеу бойынша шара­лар қабылданған. Жоба аясында «Tаза Астана» жаңа әлеуметтік жобасы да іске қосылыпты. Аталмыш жоба құқықтық тәр­тіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жа­нындағы, орамішілік және аула аумақта­ры­ның кірме топтарының тазалығы мә­селелері бойынша жүйелі жұмыс жасауға бағытталған.

Ал қыс мезгілінде Астанадағы тазалық жұмыстары тіптен қарқынды жүргізілетіні белгілі. Әсіресе, қаланы қардан тазалау жұмыстары қарқынды жүреді. Күн сайын коммуналдық сала қызметкерлері жүздеген ауыр жүк көлігімен мыңдаған текше метр қар шығарады. Бұл жұмыс тәулік бойы ауы­сымдық режимде жүргізіледі. Ресми мәлі­мет бойынша, қыс басталғалы бері қаладан 75 703 рейспен 961 000 текше метр қар шы­ғарылыпты. Коммуналдық қызмет өкіл­дерінің айтуынша, ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады, одан кейін орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар қардан тазартылады. 

Жыл он екі ай маусымдық жұмыстардың қарқыны төрт мезгілдің ауысу мерзіміне сай түрленіп отырады. Астана сияқты тез дамып келе жатқан алып мегаполистің тазалығы мен тәртібін қадағалау  үшін тынымсыз еңбек пен ұқыпты ұйымдастыру жұмыс­тарының қажеттілігі әуел бастан өзекті, әрі маңызды. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші «Таза Қазақ­стан. Ас­тана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акция­сы аясында астаналық еріктілер мен бел­сенді азаматтар және коммуналдық қыз­­меткерлер бірлесе елордамыздың таза­лығы мен абаттандырылуы жолында аян­бай тер төгіп келе жатқанын айтуымыз керек. Жақында Астананың биіктігі 65 метрлік шолу дөңгелегінде «Еңбегіңізге мың алғыс!» жазуымен коммуналдық қыз­мет мамандарының фотосуреттерінің жа­риялануы адал еңбек пен қарапайым еңбек адамына деген ізгі ниеттен туған зор құрмет десек қателеспейміз. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ