Jibek joly арнасының тапсырысымен Salem Entertainment түсірген шынайы оқиғаға негізделген бұл туынды көрерменді Кеңес одағының ыдырауы, Тәуелсіздікке жету жолындағы алғашқы қадамдары сынды еліміздің қиын кезеңді бастан кешірген «тоқсаныншы жылдарға» жетелейді.
«Тамаша» әзіл-сықақ театрының қазақ телевизиясы тарихындағы орны ерекше. Биыл біздің телеарна осы театр туралы 10 сериялы «Тамаша» атты көркем сериал түсірді. Телетуынды. Түсірілім барысында біз биыл театрдың эфирге шыққанына 45 жыл толғанын білдік. Содан соң театрдың авторы әрі телевизия майталманы, режиссер Лұқпан Есеновке құрмет ретінде тамаша тарландарын жинап, осы датаға арнап «Тамаша тарту» атты концерттік бағдарлама жасауды жөн көрдік», – дейді Jibek joly арнасының директоры Еркежан Күнтуған.
«Тамаша» театры – бір қарағанда, қарапайым театр болып көрінуі мүмкін, бірақ идеология тұрғысынан – өте қауіпті қару. Ол қарапайым халықтың санасына, пікіріне қатты ықпал ете алады. Мәселен, өткендегі концерттерінде ГорСтрой туралы әзілдері немен аяқталды? Директоры жұмыстан кетті. Ал кешегі ғимарат және көше атаулары туралы әзілдері ше?» деп басталатын телесериалда театрдың халықтың жанын жадырататын, күлдіріп отырып жылататын әртүрлі уытты қойылымдарынан үзінді береді.
1978 жылы эфирге шыққан «Тамаша» – телевизиялық бағдарлама ғана емес, Қазақстанның мәдени мұрасы саналады. Биыл театрдың эфирге шыққанына тура 45 жыл толады. «Тамашаның» негізін режиссер Лұқпан Есенов пен редактор Қойшығұл Жылқышиев қалады. Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Уайс Сұлтанғазин, Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова сынды өнер тарландары театр сахнасында өнер көрсетті. 10 сериялы телетуындыда осы ұжымының қызығы мен шыжығы мол өнер жолы паш етіледі, актерлердің сахна сыртындағы өмірі баян етіледі.
«Тамашаның» қадір-қасиеті айрықша. Ол - елдің қазынасы, әзілдің қарашаңырағы. «Тамаша» арқылы Сейіт Кенжеахметов, Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Толымбек Әлімбек, Көпен Әмірбек сынды мықты авторлармен жұмыс істедік. Лұқпан ағадан көптеген өмірлік сабақ алдық. Халықтың жанын жадырататын, күлдіріп отырып жылататын, ойландырып қоятын қойылымдарды ағаларымызбен бірге сахналау көңілімізге қуаныш сыйлайтын. 45 жылдық мерейтойымызды елеп, «Тамаша» жайлы сериал түсіріп, концерт беріп жатқан Jibek joly арнасына алғыс айтамын», – дейді театр актері Асылбек Боранбай.
Тәуелсіздік жылдарының басында «Тамаша» театрын қаржыландыру тоқтатылып, өнер ұжымы жұмыссыз қалады. Телетуындыда осынау қиын кезеңдердегі өнерпаздардың бастан кешкен қиындықтары, өнер үшін атқарған жанкешті еңбектері көрініс табады. Барлық қиындыққа қарамастан сериал кейіпкерлері «Уайымдамаңыз! Бәрі Тамаша болады!» деген ұран тастайды, үміт нұрын өшірмей, сол қиын кезеңде халықтың күліп жүруіне септігін тигізген адамдар болып қала береді. Фильм барысында Данагүл Темірсұлтанованың: «Тамаша» мені қатты шабыттандырады. Біздің «Тамашамыз» халықтың көңіл күйінің, өмірлік қиындықтарының дәрумені», – дейтіні осының дәлелі.
Сценарий авторлары дәуір рухын, жоба қатысушыларының сахна сыртындағы шиеленісті жеке драмаларын тарихи болмысын сақтай отырып, көрерменге ұсыну үшін белсенді жұмыс істеген.
9 желтоқсан күні театр ұжымының 45 жылдық мерейтойына Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт өтті. Сахна шымылдығын Тұңғышбай Жаманқұлов пен Лидия Кәденова ашты. Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова, Асылбек Боранбай, Марат Көккөзов, Нұржан Тұтов көрермендерге әзіл-қалжыңын айтып, көңілдерін бір желпіндіріп тастады. Бір кездері ойнаған қойылымдарын қайта қойып көрерменді өткен жылдарға жетелеп, күлкіге қарқ етті. Жүздеген таланттың жұлдызын жаққан «Тамаша» әзіл-сықақ театрының мерейтойына арналған кеште Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Ұлықпан Жолдасов, Тамара Асар, Толқын Забирова сынды әншілер мен «Дос-Мұқасан», «Үркер» тобының орындауындағы әндер кештің ажарын аша түсті.
«Концерттің осы ғимаратта өтуі де тегін емес. Өйткені «Тамаша» тарихында оның барлық концерті осы ордалы сарайда өткен болатын. Тамашаның құрамы, осы сахнадан түлеп ұшқан атақты өнер жұлдыздары және «Тамаша» сериалына түскен актерлдердің қатысуымен керемет кездесу-кеші болды. Бұл концерттің эфирлік нұсқасы 31 желтоқсан күні Jibek Joly телеарнасының эфирінен жаңа жылға тарту ретінде көрерменге ұсыналады. Бұл да символикалық мәнге ие, себебі осыдан 45 жыл бұрын, дәл осы 31 желтоқсанда «Тамашаның» алғашқы эфирі шыққан екен. Тұнып тұрған тарих десек болады, біз үшін бұл өнім тек телевизиялық жоба емес, сондай-ақ аға буын мен жаңа буын арасындағы сабақтастық. Тіпті, концерттің өзінде әр аға әншілеріміз жас буынмен коллабарация жасап, өнер көрсетті», – дейді Еркежан Күнтуған.
«ТАМАША» ТЕЛЕСЕРИАЛЫ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР:
Фильмнің жалпы оқиға желісі мен басты кейіпкер – Қайсар есімді жігіт ойдан шығарылған. «Сериалдың сюжеті «Тамаша» театры актерлерінің өмірінен шабыт алады. Алайда бұл көркемдік жоба болғандықтан, тарихи және хронологиялық реттілік әрдайым сақтала бермейді. Сериалда көптеген адам біле бермейтін актерлердің өміріндегі шынайы оқиғалар да, ойдан шығарылған сюжеттік желілер де бар», – дейді сериал продюсері Алмас Сағынұлы.
Сценарий жазу кезінде түсірілім тобы театр ұжымының актерлерімен, марқұм болған артистердің отбасымен кездесіп, шынайы оқиғалар мен естеліктер жазып алынған. «Жыл басынан бері «Тамаша» туралы шынайы естеліктер жинау үшін өнер ұжымының мүшелерімен жеке-жеке тілдесуге тырыстық. Сериалдың сценарийі төрт айдай жазылды. Ал түсірілім барысы 35 күнге созылды», – дейді жобаның креативті продюсері әрі бас сценарисі Дархан Оспанов.
Жобаның ең қиын міндеттерінің бірі – кастинг болған. Кастинг республика бойынша жүргізіліп, түсірілім тобы еліміздің әр өңірінен актерлер іздеген. Сериалға танымал артистерден бөлек, дебют алған жас актерлер де түсті. «Еліміздің барлық аймағындағы театрлардан актерлер іздедік. Басты талап – кейіпкердің түр-сипаты мен болмысына ұқсайтын адам табу болды. Жүз пайыз ұқсас актер табу қиын болды, әрине. Дейтұрғанмен, «Тамаша» актерлерінің мінезін мейлінше бере алатын артистер құрамын жасақтай алдық деп ойлаймын», – дейді сериал продюсері Алмас Сағынұлы.
Айдана НҰРМҰХАН