Тек бірте-бірте оған жүгінетін адамдардың тілек-қалауы да өзгеріп келеді: енді FaceID танымай қалғанша өзгергісі келетіндер сиреп, есесіне ешкім білмей қалатындай ажарлану сәнде. Осы тұста қазақстандықтардың сұлулық жөніндегі сұраныстарын білмек болып, отандық тәжірибелі пластикалық хирург Гүлмира Кобландинамен әңгімелестік.
– Соңғы оншақты жылда сұлулық стандарты қалай өзгерді? Бұл пациенттердің тілек-қалауына қаншалықты әсер етіп жатыр? Бүгінде адамдар ең жиі жасататын пластикалық оталар қандай?
– Жалпы, біздің елде адамдардың сұлулыққа қатысты талғамы өте жоғары. Қарапайым ғана мысал – көбі байқаған шығар, шетелде маникюрді қалай жасайды, ал бізде қалай... Біздің қыздар көбіне боянып, жақсы күтініп жүреді. Сол себепті ең талғампаз пациенттер Қазақстанда деп айтар едім. Бүгінде адамдардың пластикалық отаға деген көзқарасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарған. Осыдан төрт-бес жылдай бұрын маған көбіне 55-60 жастағы кісілер жүгінсе, ендігі уақытта жастар саны артып, қартаюмен уақытылы күресуде. Әр отаны уақытылы жасасақ, нәтижесі де дұрыс шығады. Жастар жағы әдетте блефаропластика, бетті эндоскопиялық тарту, маммопластика және ринопластика жасатады. Ал 35-тен асқандар көп жағдайда бетті толығымен тарту, маңдайды тарту деген оталарға жүгінеді. Бірнеше бала босанған, кесарь тілігін жасатқан әйелдердің іші, кеуде тұсы салбырап қалып жатады, бүйірлерін май басып кетеді, сондайда іш пен көкіректі қатар тартатын «маматюнинг» атты отаның түрі бар. Гормондық өзгерістер себебінен жас келе жамбас түсе бастайды, сол кезде жасалатын «бодилифт» атты ота да танымал.
– Бүгінде адамдар, әсіресе жастар пластикалық ота қымбат болғандықтан, уақытша амалдарға жүгінеді. Мысалы, кейбір сұлулық салондары жіпті, филлерді, липолитикті пайдаланып, отасыз ринопластика жасау қызметін ұсынады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Липолитик – теріасты шелмайын ыдыратуға арналған препарат. Мұрынның анатомиясын зерттесек, оның ұшында ғана аздаған май қабаты болады. Сол жерге липолитик салғанда, ол некроз, имешия деген қауіпті салдарларға әкеліп соғуы мүмкін. Екіншіден, теріасты шелмайы тым аз болғандықтан, липолитик еккеннен еш нәтиже де көрінбейді. Көп жағдайда контурлы пластикада мұрынды филлермен немесе жіптермен түзейді. Бірақ оның да нәтижесі мәз емес. Филлерді дұрыс таңдамаса, ол жайылып кетеді. Иә, суретте, бастапқы 2-3 күнде әдемі болып тұруы мүмкін, бірақ одан кейін жан-жағына жайыла бастайды. Өзіңіз елестетіңізші, гиалурон – ол қатты зат емес. Сүйектің үстіне жұмсақ затты қойғанда, ол ерте ме, кеш пе орнында тұрмай, жайылады емес пе?! Ол одан әрі мұрын формасын бұзады. Енді біреулері жіппен түзейді. Қайтадан мұрынның құрылымына келейік: ол негізінен сүйек, шеміршек, теріасты шелмайынан тұрады, онша бұлшықет жоқ. Сондықтан жіп те тартылмайды. Кейде бізге келген пациенттердің мұрнының дұрыс анатомиясы бұзылып, филлер-жіптің кесірінен тері астында көптеген тыртық анықталып жатады, ол тиісінше ота барысында көп қиындыққа алып келеді. Бірнеше рет осындай амалдармен, жеңіл жолмен мұрын формасын дұрыстаймын деп, ақыры табиғи мұрнының формасын бұзып алған соң, бізге жүгінеді. Ондайда отаның бағасы да қымбат болады, соңында шығын көлемі де өседі, отадан кейінгі реабилитация да ұзағырақ болады.
– Дұрыс пластикалық хирургті қалай таңдау керек? Пластикалық ота барысында мамандар қандай қателікті жиі жасайды? Сәтсіз отадан кейін қайта реконструкция жасау тәжірибеңізде кездесті ме?
– Әуелі, пластикалық отадан кейінгі асқыну қалыпты нәрсе екенін ұғынып алған жөн. Оны хирургтар қасақана жасамайды. Әдетте, әлемдік статистикада 15-20 пайыз жағдайда әртүрлі асқыну болуы қалыпты болып есептеледі және пациенттер де одан хабардар. Отаның сәтті өтуіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, пациенттің моральдық тұрғыда отаға дайын болуы және ота жайлы дұрыс ақпаратқа қанығуы, екіншіден, дәрігердің біліктілігі мен клиниканың арнайы құрал-жабдықпен қамтылуы, үшіншіден, пациенттің отадан кейінгі қалыпқа келу шараларын сақтауы маңызды. Тағы бір айта кетерлігі, сіз отаға жүгінерде өзіңізге нақты не керек екенін білуіңіз шарт. Сондай-ақ хирург екеуіңіздің сұлулық жайындағы көзқарасыңыз бір жерден шыққаны жөн.
– Адамның жасынан ең алғаш хабар беретін денесінің қай тұсы? Жастығын сақтап қалғысы келетін адам неге баса мән беру керек? Антиэйдж амалдарға бағытталған оталарды көбіне қанша жастан бастап жасатқан дұрыс?
– Ең әуелі, терінің жағдайы адамның жасын бірден білдіреді. Құрғақ, түсі күңгірт, әжім басқан тері – қарттықтың белгісі. Өкініштісі, кейбір адамдар үйде терісіне күтім жасамайды, бірнеше кезеңнен тұратын бет күтімін тұрақты түрде жасап тұрмайды да, жасы алпысқа келгенде пластикалық ота жасата саламыз деп ойлайды. Бірақ ол сіздің бүкіл проблемаңызды шешпеуі мүмкін. Сол үшін терінің қартаюының алдын алу керек. Әсіресе, көздің айналасы мен мойынға түскен әжім адамды қартайтып көрсетеді. Осы тұста өзім байқаған қызық бір құбылысты айта кетейін: Қызылорда, Шымкент, Түркістан секілді оңтүстік өңірлердегі әйелдердің көбіне көз айналасына әжім түссе, батыс аймақтардағы әйелдердің маңдайы мен екі қасының ортасында әжім көбірек болады. Соны ескере отырып дұрыс күтім жасаса деймін. Бұл бір жергілікті халықтың мінез-құлқындағы ерекшелікке байланысты болса керек. Қол – пластикалық ота үшін ең қиын зоналардың бірі. Өйткені қол терісінің астына май толтырғанмен, ондағы әжімдерді жазу қиын. Қол ыстық-суыққа көп ұрынады, түрлі химиялық заттарға малынады. Сондықтан кейде адамның беті қанша тартылып, жып-жылтыр болып тұрса да, қолына қарап, қартайғанын тез байқауға болады.
– Жас көрінем деп табиғилығынан айырылып қалғандар да бар. Пластикалық отаға тым көп жүгіну мен табиғилықтан айырылып қалмау арасындағы нәзік шекара қай жерде?
– Пациенттің сұранысында шығар. Мысалы, адамда мұрын-ерін қатпары бар, ол тіпті жастар үшін де анатомиялық ерекшелігі бойынша қалыпты. Тек жас келе ол тереңдейді, ұзарады. Бетті тартқанда, әлбетте, қысқарады, тереңдігі азаяды, бірақ біржола жоғалып кетпейді. Сондайда пациенттер көңілі толмай, одан біржола құтылуға тырысуы мүмкін, тіпті кейбірі басқа ота жасату үшін тағы да хирург жағалап кетеді. Оны жоқ қылып тастау табиғилықтан алыстатады. Енді бір жағдайларда жасы 40-45-тердегі әйел бетін тарттырған соң, 35-37 жастағыдай кейіпке ие болады да, көзі өзінің сол бейнесіне үйреніп қалады. Арада 1-2 жыл өткенде сәл-пәл қартаю белгілерін байқала салысымен, қайта ота жасатқысы келеді, бірақ оған әлі ерте екенін хирургтар дер кезінде түсіндіргені дұрыс. Сонымен қатар бет пішіні мен дене тұрқына келгенде тренд қууға болмайды. Мысалы, қуыршақтікіндей мұрын, Ош ерін немесе көкірекке әуес болмау қажет. Тренд кетеді, ал денеңіз осы қалпында қалады.
– Бүгінде ерлер арасындағы танымал ота қандай?
– Эстетикалық оталардың ішінен ер адамдар жоғарғы және төменгі қабақтың блефаропластикасын көп жасатады. Ер адамдар спортпен, физикалық жұмыспен жиі айналысқандықтан, су көп ішеді де, көзінің үсті мен асты ісінеді. Сол кезде осы оталар жақсы көмектеседі. Онымен қоса, кейде үлкен кісілер бетті тарту және шаш егу отасына да жүгінеді.
– Пластикалық хирург ретінде сіздің негізгі принциптеріңіз қандай?
– Табиғилықты сақтау әрқашан маңызды. Пластикалық отаның мақсаты – сені өзгерту емес, керісінше, сенің табиғи сұлулығыңды айқындап беру, ішкі әлемің мен сыртқы кейпіңді үндестіру. Табиғилықтан ауытқығанда, сұлулық сөнеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ