Aikyn.kz қытайлық полицейлерге қылмыскерді ұстауға көмектесетін робот-доптың сипатын newatlas.com сайтына сүйеніп талдайды.
125 келі салмағы бар робот қылмыскерлерді домалап қуып жетіп, әртүрлі қарулармен соққы береді. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: Handout
Бұл 125 келі салмағы бар робот-доп жерде де, суда да 35 шақырым/сағ жылдамдықпен домалап, қылмыскерлерді қуып жетеді. Оларға қатты зақымдамайтын қарулармен соққы береді, ұстайды.
Бұл роботтың негізгі платформасы бірнеше жылдар бойы әзірленуде. Logon Technology моделін жетілдірген қытайлық Rotunbot RT-G компаниясы доп-полицейді коммерциялық қолданысқа енгізді. Компания робот жерде жұмсақ жылжитынын, гироскопиялық өзін-өзі тұрақтандыру жүйесінің көмегімен жақсы жылдамдықпен қозғалатынын айтады.
Доп-робот бірнеше сенсорлармен, соның ішінде GPS арқылы өзінің орнын анықтауға арналған, айналаны көру, адамдармен және басқа кедергілермен соқтығысудан сақтайтын құралдармен жабдықталған. Роботқа қауіптер мен нысандарды бақылау үшін бірнеше камералар мен ультрадыбыстық сенсорлар орнатылған.
Робот ауыр соққыларға төтеп бере алатындай материалдан жасалған, ол биіктіктен қауіпсіз құлауға немесе баспалдақтан төмен түсуге мүмкіндік береді. Ол балшықты, батпақта домалап жүре береді, жол талғамайды. Материал су өткізбейтін болғандықтан, робот-доп қажет болған жағдайда өзеннен де қалқып өтеді.
Қазір робот-полицейді Қытайдың оңтүстік-шығыс жағалауындағы Чжэцзян провинциясындағы Вэньчжоу қаласының полиция патрульдері сынақтан өткізуде. Полицияның мақсаттары үшін ол қылмыспен күресуге арналған гаджеттермен жаңартылған: көзден жас ағызатын газ, түтін бомбалары, гудокпен, акустикалық дауыс күшейткішпен және күдіктілерді жақын қашықтықта атып түсіретін тор ату қондырғыларымен.
Шынайы өмірде қылмыскер қаскөй баспалдақпен жоғары көтерілсе робот-доп оған ілесе алмай қалатындай. Фото rotunbot.cn сайтынан алынды
Желіде таралған видеода робот-полицей добы қазіргі уақытта қашықтан басқарылады. Дегенмен әзірлеушілер роботты жетілдіріліп, оны автономды қолдануға болатынын айтады. Робот-доп бұрылыс жасағанда сенімсіз қозғалатын сияқты және видеоларда одан қашып кету оңай сияқты көрінеді. Шынайы өмірде қылмыскер қаскөй баспалдақпен жоғары көтерілсе робот-доп оған ілесе алмай қалатындай.
Екінші жағынан, қолданыстағы полиция роботтары қауіпті қылмыскерлерді өлтірмей ұстауға қолданылып келеді. Ал допқа ұқсайтын роботтар қолданыстағы технологияға қарағанда тиімдірек болуы мүмкін. Өйткені робот-доптар қылмыскерден қалмай, оны полиция қызметкерлерімен бірлесіп, оңай ұстай алады. Жетілдірілген робот-полицей бұдан басқа да қызметтерді орындауға қабілетті болатынын уақыт көрсетер деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.