2-3 жылда өздігінен жұмыс істейтін, шешім қабылдайтын, адамнан да ақылды компьютерлер жасалады. Олар адамға қарсы шықса, оларды өшіріп тастауға бола ма?
Адамға қарсы шыққан ақылды роботты өшіріп тастауға бола ма?
Өздігінен жұмыс істейтін, адамнан ақылды компьютерлерді өшіруге бола ма? Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Akhil Sahai аккаунты
294
оқылды

Aikyn.kz өзін-өзі жетілдіретін жүйелер адамдарға қауіп төндірсе «оларды өшіріп тастауға бола ма?» деген проблеманы Quartz сайтында жарияланған танымал тұлғаның пікіріне сүйеніп талдайды.

Эрик Шмидт: «Компьютерге «бәрін өзің үйреніп, бәрін өзің жаса» деп тапсырма беру өте қауіпті сынақ. Жүйені өшіруді де мұқият ойластыруымыз керек». Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Shahar Azran

Google-дың бұрынғы басшысы компьютерлер жақын арада өз бетінше шешім қабылдай алатынын және адамдар оларды қашан өшіру керектігін білуі керек екенін айтады. Жасанды интеллект саласында көшбасшы компанияның он жыл бойы бас директоры болған Эрик Шмидт ABC News (DIS) арнасына берген сұхбатында «адами қадір-қасиеттер мен құндылықтарды сақтай отырып, ЖИ-дің адамға пайдалы жағын ғана пайдалану керек» деп ойлайды.

«Әлеуметтік медиа жаһандық ойлау концепциясын тез өзгертті», – дейді Эрик Шмидт. 

Оның айтуынша, хабарларды жіберудің, жаңа дәрілер мен заттарды ойлап табудың, инновацияның жылдамдығын, медициналық жаңа емдеу тәсілдерін сараптайтын болсақ өзін-өзі үйрететін ақылды жүйелердің адамзат үшін қаншалықты пайдалы екенін көреміз. Бүгінгі осындай ЖИ жүйелерінен де әлдеқайда ақылды, әлдеқайда күшті машиналардан туындайтын қауіптер мен кибер-шабуылдардың зардабы қандай зор болатынын елестетудің өзі қорқынышты.

Инженерлер енді 2-3 жыл көлемінде, өздігінен жұмыс істей алатын, адамның араласуынсыз шешімдер қабылдайтын компьютерлер пайда болатынын болжауда. Осындай ЖИ агенттерін немесе күрделі тапсырмаларды автономды түрде орындай алатын бағдарламалық жасақтамалар жасау қарқынды жүргізілуде. 

Коммерциялық пайданы ғана мақсат еткен компаниялардың жаңа ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігін ешкім ойламайды. Фото timdenning.com сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті Midjourney

«Бір күндері сіз компьютерге «бәрін өзің үйреніп, бәрін өзің жаса» деп тапсырма беретін боласыз. Бұл – өте қауіпті сынақ. Жүйе өзін-өзі жақсарта алатын болса, біз оны өшіруді де мұқият ойластыруымыз керек», – дейді Шмидт.

Мұндай қуатты жасанды интеллект жүйесінің оны өшіру әрекеттеріне қарсы да жоспары болуы мүмкін ғой. Бұл сұрақтың жауабын ешкім білмейді. Теориялық тұрғыдан алғанда, қауіпті жағдай туындаса ақылды машинаны бірден өшіретін адам тәулік бойы «кезекшілікте» болуы керек.

Жасанды интеллект адамнан да ақылды болған сайын, «әр адамның қалтасында полиматтың баламасы болады», – дейді Шмидт. 

Бірақ әрбір адамға мұндай интеллектуалды күш берудің арты қалай болатыны түсініксіз. Бір ғана нәрсе белгілі. Қазір коммерциялық пайда үшін жаңа ЖИ жүйелерін әзірлеуге, оны жетілдіруге бір-бірімен жарысып, асығатын компаниялар өз өнімдерінің қауіпсіздігін сынақтан өткізу мәселесін мүлдем ойламайды. Кейін бұндай сыналмаған өнімдер адамға қарсы, зиянды мақсатта қолданылуы әбден мүмкін. Бүгінгі соғыс алаңдарында қолданылып жатқан бомба таситын дрондар соның бір ғана мысалы. 

«Полимат» деген ұғым – кем дегенде үш түрлі салада өте терең білімге ие, құзыретті және осы білімдерін өмірде қолдана алатын адам. Қарапайым тілмен айтқанда, полимат адамдар әртүрлі салалардың ең үздігін бойына сіңірген, бұл олардың басты жұмысында басқалардан озық, тиімді болуына көмектеседі.

Саяси билік ЖИ-дің қызметін реттеу үшін не істеу керектігін білмейді, бірақ олар мұны жақын арада қолға алуға мәжбүр болады. Фото solutelabs.com сайтынан алынды

Google-дың бұрынғы басшысының ойынша, «үкіметтер ЖИ-дің қызметін реттеу үшін не істеу керектігін білмейді, бірақ олар мұны жақын арада қолға алуға мәжбүр болады». Сонымен бірге, Шмидт өзінің жеке басы технологиялық жарыста АҚШ-тың «Қытайдан бірнеше жыл озып кеткеніне» сенгенімен, Трамп пен Байден әкімшілігінің Қытайға жетілдірілген чиптерді сатуды шектеуге қарамастан, Бейжің соңғы алты айда үлкен жетістіктерге жеткенін де мойындайды.

Эрик Шмидт: «Американың бұл жарыста жаһандық деңгейде, әсіресе Қытайдан озып, жеңіске жетуі өте маңызды», – дейді.

Әрине, Трамптың жаңа әкімшілігі де көбінесе АҚШ-қа емес, Қытайға назар аударатын болады. Дәлірек айтқанда, екі елдің арасындағы технологиялық, экономикалық бәсекені назарда ұстайтын болады. Америкалық билік бұны дұрыс саясат деп ойлайды және АҚШ-тағы бизнестің еркіндігі, адамдардың жеке бас бостандығы өздерінің әлемдік көшбасшы болуына көмектесетініне сенімді. 

Ғаламдық ауылда бизнесті масштабтау арқылы мемлекеттің қуатын да  оңай еселеуге болады. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Iain K. аккаунты

Қорытынды түйін

Біздің ойымызша, үлкен нарықтар үстемдік құрған бүгінгі ғаламдық экономика жағдайында көшбасшылықты сақтау үшін АҚШ-тың бұндай концепциясы жұмыс істемейді. Қытайдың 1,4 млрд халқы мен осы халықтың тудыратын энергиясын Бейжіңнің саяси билігі дұрыс пайдаланса, әлемде оларға төтеп беретін ешқандай күш табыла қоймайды. Өйткені ғаламдық ауылда бизнесті масштабтау арқылы мемлекеттің қуатын да оңай еселеуге болады.

Осы ғылыми тұжырымды қазақ Үкіметі мен экономистері түсінген кезде ғана еліміз өзінің нақты өсу жолын да, даму драйверлерін де дұрыс анықтайтын болады. Әзірше, бәрі бос.

Жаңа технологиялық бизнеске миллиондық нарық тарлық етеді, оған Қытай мен Үндістандағыдай миллиардтан астам халқы бар нарық керек. Неге Apple, Microsoft, Alphabet, Amazon, Meta, Intel сияқты технологиялық алпауыттар қытайлық және үндістандық нарықтарда жұмыс істеуге барын салуда? Біздің жоғарыдағы тұжырымдарымызға осы сұрақтың жауабы дәлел болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.