Сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.
Астана соты уақытты кері қайтару туралы істі қарады
Фото: istockphoto.com
907
оқылды

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты азамат А.-ның Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 және оған өзгерістер енгізу туралы 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулыны (бұдан әрі – НҚА) заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша істі қарады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Шағымдалған №20 қаулының 3 және 3-1 тармақтарында:
«3. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылсын»;
 «3-1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын», – деп көрсетілген.

Талап қоюда уақыт белдеуінің астрономиялық уақытқа сәйкес келмейтіндігі, жаңа НҚА қабылдауға әкеп соғатындай мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдауға жауапкердің өкілеттігінің жоқтығы көрсетілген.

Сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.

«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңмен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу Үкіметтің құзыретіне жатқызылған.

2000 жылғы 26 қаңтардағы №131 қаулымен уақыт және эталондық жиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссия атынан Үкімет жанынан консультативтік-кеңесші орган құрылған.

Комиссияның функцияларының бірі республика аумағында уақытты есептеу тәртібін белгілеу және өзгерту жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныстар енгізу болып белгіленген.

Даулы қаулыларды қабылдауды Үкімет ҚР Конституциясының 69-бабында берілген өкілеттіктер шеңберінде іске асырған, оған сәйкес Үкімет өз құзыретінің мәселелері бойынша Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.

Сонымен қатар, 2000 жылғы 23 қарашадағы қаулы қабылданғаннан бері 24 жылдан астам уақыт өткен, талап қоюшы талап қоюдың жалпы үш жылдық ескіру мерзімін өткізіп алған.

Нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан астамын өзгерту туралы дәлел расталмады, бұл мән-жай Үкіметтің қаулысын заңсыз деп тануға негіз бола алмайды, себебі жауапкердің НҚА шығару рәсімі бұзылмаған.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.