Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.
Қазақстан мен Гвинея-Бисау президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
1,006
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен  кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, екіжақты ықпалдастықтың дамуына тың серпін беру тұрғысынан бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.

– Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 10 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.

– Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын, – деді Мемлекет басшысы.

 Умару Сисоку Эмбало қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтты.

– Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды, – деді Умару Сисоку Эмбало.

Гвинея-Бисау президенті екі ел көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық орнатқанына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.