СҚО-да бидай ұнының бағасы елдегі орташа бағадан 33 % арзан.
Қазақстанның қай өңірінде азық-түлік бағасы арзан екені белгілі болды
3,972
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар 11 азық-түліктің бағасы республикадағы орташа бағадан төмен екені белгілі болды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы  ҚР СИМ Сауда комитетінің баспасөз қызметі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып мәлімдеді.

Мәселен, СҚО-да бидай ұнының бағасы елдегі орташа бағадан 33 % арзан. Яғни, орташа баға 224 теңге болса, Петропавлда ұнның келісі 150 теңге тұрады. Ал сәбіз бағасы 14% арзан. Сәбіздің елдегі орташа бағасы 152 теңге болса, СҚО-да оның құны – 130 теңге.

Қазақстандағы ең арзан жұмыртқаны да Солтүстік Қазақстаннан табуға болады. Мұнда С1 санатындағы жұмыртқа – 462 теңгеден саудаланып жатыр, ал бұл өнімнің елдегі орташа бағасы 545 теңге.

"Осы өңірде сүзбе бағасы 25 пайызға арзан. Елде сүзбенің 1 келісі 2 172 теңгеден саудаланса, СҚО-да 1 622 теңгені құрайды. Картоптың бағасы 14 пайызға арзан",  делінген хабарламада.

Сондай-ақ сиыр еті СҚО-да 2 388 теңге, бұл республикалық орташа бағадан 7,2 пайызға арзан. Нан (-17,4%) мен рожки (-19,6%) құны да арзан. Республикалық орташа бағадан арзан өнімдер қатарында қарақұмық жармасы, сарымай, пияз бен орамжапырақ та бар.

"Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау, тіпті ӘМАТ тізіліміндегі 11 тауардың құнын елдегі орташа бағадан арзандату үшін мониторинг және мемлекеттік бақылау шаралары жүргізіліп келеді. 11 айдың қорытындысы бойынша, ӘМАТ тауарларына сауда үстемесін тиісті 15%-дан асырғаны үшін 134 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 118-і ескерту болса, 16 кәсіпкерге айыппұл берілді",  деді СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.