«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол
213
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауы­лының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Президенттің айтуынша, Гвинея-Бисау – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі.

– Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдде­лі­міз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп са­наймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастық­тың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін са­ла­ды. Сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерге қа­тысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз басты халықаралық құры­лымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруа­шылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды. 

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көр­­сетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ри­за­шылығын білдірді. 

– Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мә­­ні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ре­тін­­де кел­ген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың сту­­денттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп, – деді Гвинея-Бисау Президенті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пі­кір алмасты.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау президенті Умару Сисоку Эмбало екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, екіжақты ықпалдастықтың дамуына тың серпін беру тұрғысынан бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.

– Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел ара­­сындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақ­стан мен Гвинея-Бисау арасында дип­­ломатиялық қарым-қатынастың орнаға­нына 10 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.

– Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтты.

– Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды, – деді Умару Сисоку Эмбало.

Гвинея-Бисау Президенті екі ел көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық орнатқанына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы, кө­лік-логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перс­пективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Қазақстан мен Гвинея-Бисаудың ресми делегация мүшелері мынадай құ­жат­тарға, атап айтсақ, Қазақстан Рес­п­­убликасы Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасы Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талап-тарынан босату туралы келісімге, Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер минис­трлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтас­тық және қауымдастық министрлігі ара­сындағы саяси және дипломатиялық консультациялар туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ци­фр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Көлік, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Гвинея-Бисау Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Умару Сисоку Эмбалоның Қазақстанға ресми сапары алыс жатқан елдерді байланыстырып, халықтарымыздың тілегі мен ниеті бір екенін көрсетеді.

– Екіжақты кездесудің нәтижесінде тиімді уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік келіссөздердегі басты тақырыптың бірі болғанын айтты. Тараптар Қазақстанның Гвинея-Бисауға дәнді-дақылды экспорттауға қатысты мүмкіндігі мол екеніне назар аударған.

– Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін толық пайдалануға болады. Сонымен қатар тау-кен және табиғи ресурстарды игеру ісіндегі ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің цифрландыру, киберқауіпсіздік және финтех бағытындағы жетістіктеріне тоқталып, цифрлық қызмет саласындағы ықпалдастықты арттыруды ұсынғанын жеткізді. Сонымен қатар Гвинея-Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырғанын айтты.

– Бұл Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен толық танысуға мүмкіндік береді. Азаматтарымыз бір-бірін жақын танып, білуі үшін мәдени-гуманитарлық байланыстың маңызы зор. Осы ретте мен Гвинея-Бисау жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бұл қадамдар екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасып, ой бөліскен. Қазақстан Президенті қос мемлекеттің көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдары ұқсас екенін мәлімдеді.

– Әсіресе, жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты сақтауға қатысты көзқарасымыз ортақ. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Жалпы, жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды келісімдер – соның айқын көрінісі. Умару Эмбало мырзаның сапары Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына назар аударды.

– Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар Сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көпқыр­лы байланысымызды ілгерілетуге мүдде­ліміз, – деді Гвинея-Бисау Президенті.

Мейір ЖАСЫН