Іс-шара барысында отандық креативті индустрияны дамытуға, қазақтілді контент жасаумен айналысатын жас таланттарды қолдауға және саланы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды. Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепте өткен форумға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев және бір топ депутат қатысты.
Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде креативті индустрияны дамыту үшін жүйелі қадамдар жасалып жатқанын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде креативті индустрияны дамытуға қатысты нақты міндеттерді белгілеп берді. Бүгінде осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның аясында елімізде алғаш рет Креативті индустрияны қолдау қоры құрылатын болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен салаға қажетті инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде бірқатар креативті орталықтар ашу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді», – деп палата Спикері мүдделі тараптарды отандық креативті индустрияны дамыту жолында бірлесіп әрекет етуге шақырды.
Форумға қатысушылар цифрлық технологияларды енгізуге қатысты бастамаларды, сондай-ақ өнер өкілдерінің білім беру, денсаулық сақтау, құтқарушылар және басқа да салалардың мамандарымен бірлескен жобаларын талқылады. Одан бөлек, таланттарды іздеп, олардың өнімдері мен қызметтерін экспорттауға жәрдем беретін Креативті индустрияны қолдау қоры аясындағы бірлескен жұмыс барысы сөз болды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы креативті сектордың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келе жатқанын тілге тиек етіп, әлемдік трендтерге және отандық контентмейкерлер назар аударуға тиіс маңызды мәселелерге тоқталды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде шығармашылық сектор маңызды рөл атқарады.
«Креативті сектор – ұлттың мәдениеті мен құндылықтарын дәріптеудің заманауи тәсілі. Бүгінгідей сын-қатерлер жағдайында ұлттық ерекшелікті сақтап, дамытудың маңызы зор. Бұл ретте дайындалатын контенттердің мазмұны айрықша рөл атқарады. Зерттеулерге сүйенсек, қазір қазақстандық жастар шетелдік емес, отандық контентті көбірек пайдаланғанды жөн санайды. Бұл сіздер сияқты креативті индустрия саласында және цифрлық ортада жүргендер үшін жақсы мүмкіндік екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол осы тұрғыда Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектептің миссиясы өңірлерден келген дарынды қазақстандықтарға қолдау көрсетуді және олардың жобаларын ілгерілетуге, әлеуеті мен талантын ашуға ықпал етуді көздейтінін атап өтті.
«QazaqSham форумының Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепте өтуі тегін емес. Себебі Бибігүл Төлегенова – өзі де, өнері де ұлтымыздың мақтанышына айналған дара тұлға. Оның көпқырлы шығармашылығы елімізбен бірге әлемдік деңгейде де жоғары бағаланады және жас таланттарға әрдайым бағыт-бағдар көрсетіп тұрады. Сондықтан форумның осындай өнер иесінің атымен аталатын креативті мектепте ұйымдастырылуының символикалық мәні зор деп қабылдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Форумға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Tan Media Group директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов, Phenomenal Kids жобасының негізін қалаушы Азат Әбікен, Balafunny YouTube-арнасының негізін қалаушы Алтынай Есенжанова және креативті индустрия саласының басқа да өкілдері қатысты.