Бүгін «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асыру жұмысын қорытындылады. Аз уақыттың ішінде «AMANAT» партиясының бұл жобасы халық арасында кеңінен сұранысқа ие болды. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру және «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы маңызды бөлігіне айналды.
«Қарызсыз қоғам»: Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез келді
236
оқылды

 

Елена Блинова,

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы,

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы:

Құнды қағаздармен жұмыс істеймін деген ойым бар

Зейнеттемін, бірақ 52 жыл мектепте ұстаздық еткенмін. Шын айтсам, қаржылық сауатым сонау қара шаңырақтан басталады. Әке-шешем бала кезімнен ақшаны қалай ұстау керегін үйретті. Олар сөзбен емес, іспен көрсетті. Біздің асүйдегі үстелде стақан тұратын. Үйге келген қаржының бәрін соған салады. Ал үйдің асыраушысы әкем еді. Соның ғана жалақысына күн көретінбіз. Сондықтан үй ішіміздің әрбір мүшесі тиынның қадірін жақсы біледі.

Жұмыс істеген күннен бастап, еңбек демалысына шыққанға дейін айлығымның 30 пайызын жинай бастадым. Сол қаражатпен саяхатқа шығып, ел-жерді көріп, жақсы әсер алып келетінмін. Кейін тұрмысқа шықсам да бұл үрдістен қол үзбедім. Енді отбасымызбен жинай бастадық. Яғни, екі айлықтан жинадық. Бастысы,  өзгеге қаржылай тәуелді болмауды ойладық. Әрине, қиналмадық емес, қиналдық. Тиыннан тиын құрадық. Қосымша табыс көзі жер үйдегі шаруашылығымыз еді. Оның үстіне, отбасымыз үшін несиеге тыйым салынған, мүлдем алған емеспіз. Бірақ қолға түскен ақшадан 30 пайызды жинауды тоқтатпадық. Соның арқасында балаларды оқытып, баспаналы болуына көмектесе алдық.

Балаларды өсіріп-жеткізген соң, өзіміздің қарттығымызға дайындалмақ болдық. Өзімше түрлі қаржылық мақаларды оқып, ақпараттарды қарап отырдым. Соған қарамастан қаржылық сауатымды арттыру керегін түсіндім. Сөйтіп, "Қарызсыз қоғам" жобасына келдім. Менторым Бекжан Серікханұлының көмегімен көп нәрсені үйрендім, білдім. Осындай семинарлар үзілмеуі тиіс. Әрбір қазақстандық қаржылай сауатты, ақшамен жұмыс істей алуы тиіс. Бәріміз бас қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез келді. Бірлесе отырып, қарызсыз қоғам құрайық...

Дұрыс үнемдей отырып, қаржы жағынан балаларыма тәуелді емеспін. Өз ақшамыз өзімізде. Қалаған уақытымда киноға, театрға бара аламын. Тіпті, немерелеріммен шетелге демалысқа да барамын. Бүгінде толыққанды өмір сүріп жатырмын. Ендігі қызығушылығым – инвестиция. Әлі еш жерге ақша салмадым. Әйтсе де, құнды қағаздармен жұмыс істеймін деген ойым бар. 

Орынгүл Қазықызы, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, 

Ақши ауылының тұрғыны:

Қарызсыз қоғам пәтер алуыма көмектесті

 2023 жылы көктем кезінде ауылымызда «Қарызсыз қоғам» жобасының бес күндік курсы өтті. Қаржылық мәселеге қызығып жүрген жан жаңашылдықтан қалмайды ғой. Курсқа бірден жазылдым. Әрине, ақша үнемдеуді білгенімен, оны сауатты жұмсауда білім аз еді. Соған қарамастан балам дүниеге келісімен депозит ашып қойғанмын. Бірақ әрі қарай не істеу керек, оны қалай тиімді пайдалану керегін білмедім. Курстың арқасында қаржылық сауатым толықты. Үнемдей отырып, депозиттің салымын көбейттім. Бір сөзбен айтқанда, мақсатым айшықтала түсті. Сөйтіп, тез арада Алматыдан ұлыма пәтер алдым. Одан кейін де депозитімді тоқтатпадым. Келешекте тағы да үй алсам деймін. Сол себепті де бұл жобаның қарапайым халыққа көмегі орасан зор. Өзгеден емес, әуелі өзімізден бастайық. Әсіресе, мен секілді қаншама ауыл тұрғындарының қаржылық сауаты ашылды. Депозит пен несиенің аражігін ажыратып, пайыздық мөлшерлемені есептеуді білді. Тіпті, кәсіп ашқан ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін көрсетті. Бұл – жалғыз біз үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлкен көмек.

Валентина Букремова,

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы,

Қостанай облысы, Рудный қаласы:

Енді несие алмаспын

Қазір несие алмас үшін ақшаны үнемдей бастадым. Аяқасты қандайда затқа қажеттілік туса да, ақшаны жинап, қолма-қол қаржымен есептескен жақсы. «Қарызсыз қоғам» жобасы қаражатыңды үнемдей отырып, қарызыңнан құтылуды үйретті. Әйтпесе, біраз несием болған. Күйеуім жоқ. Қолымда бір балам бар. Жалғызбасты анаға баланы өсіру қиын. Оның үстіне, түрлі жарнамалар адамды қызықтыра түседі емес пе?! Соның елегінде кетіп, үйге жиһаз алғың келеді. Оны несиеге алған соң тегін келгендей көріп, артын ойламайсыз, пайыздық мөлшерлемесін есептеу мүлдем ойға кіріп те шықпайды.  Ал бүгінде өз өмірімде көп нәрсе өзгерді. Енді несие алмаспын. Депозит ашып, аздап болса да ақша құя бастадым. Келешегін уақыт көрсетер...

Мақпал Шеңгелбаева,

«Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша менторы:

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 13 мың тұрғынды оқыттық

Шымкент қаласы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 13 мың тұрғынды оқыттық. Жобаға өз үлесін ерекше қосқандар – жергілікті әкімдіктер мен  «AMANAT» партиясының жергілікті өкілдері. Былтыр басталған жоба ауқымы кеңейіп, биыл екінші жыл ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз.  Қаржылық мәселесі қиындаған қарапайым халық бізге келіп, сауатын арттырып, білім алып жатты. Халық арасында ең кең таралған мәселе – несиеге кіріп кету. Бұл жерде адамның қаржылық сауатынан бөлек, психологиялық мәселе  де болғандықтан, біздің эксперттер жан-жақты жұмыс істеді. Кейбір кісілерді банкроттық деп тануға, жариялауға тура келді. Бұл жерге әр адам әртүрлі мәселе бойынша келетіндіктен, әр жағдайға сай бизнес-жоспар құрылады. «Жоба ары қарай да жалғасса» деп тілек білдіріп жатқандар көп. Өйткені көпшіліктің осындай жобаның қажет әрі пайдалы екеніне көзі жете бастады. Бұл – «Қарызсыз қоғам» жобасының тағы бір жетістігі деуге болады.

Айжан Жылгелдиева,

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы, Алматы қаласы:

– Алмалы ауданының Отбасын қолдау орталығы арқылы «Қарызсыз қоғам» жобасының 5 күндік оқу курсынан өттік. Орталық аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты, көпбалалы аналар, сонымен қатар мүгедектігі бар балаларды бағып отырған аналарға көмектеседі. Барша халыққа арналған «Қарызсыз қоғам» курсы өте ауқымды болды. Бізді қаржылық сауаттылыққа үйретті: кіріс-шығысты қалай есептеу керек, депозитті қалай ашу керек, оның қандай түрлері бар, жалпы депозит не үшін ашылады, оны ашқанда және несие алғанда олардың пайыздық мөлшерлеріне қалай қарау керек, келісімшарттарда қандай нәрселерге көңіл аударуымыз тиіс, бизнесті қалай бастауға болады, мемлекеттен қандай қайтарымсыз гранттар алу мүмкін, оған кімдер және қалай тапсыра алады, сонымен бірге активтер, пассивтер туралы көп мағлұмат алдық. Активтің қаншалықты маңызды екенін, әр адамда активтің болуы керегін түсіндік. Несиені тек актив алу үшін алған тиімді екен.

Әрбір қатысушының жеке бір қаржылық мәселемен келетіні анық. Курс аясында солардың әрқайсына жеке заңгер, ментор, сабақ берген ұстаздар жан-жақты, жеке-жеке тегін кеңес берді. Соның арқасында біраз ананың қаржылық мәселесі реттелді. Өз таныстарыма несие алып беріп, ол кісілер төлемей қойғандықтан, жобаға жүгіндім. Нәтижесінде, заңгерлердің көмегімен банктермен несиемді қайта қаржыландырып, маған ыңғайлы кесте жасап берді. Қаржылық жағдайымды реттеуге көмектескен барша ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.