Табиғат тазалығын сақтаудан бөлек, партиялық акцияның мақсаты – адамдарда экологиялық сананы, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Таза бейсенбі»: «AMANAT» партиясының эко-акциясы жаңа экологиялық сананы қалыптастыруға ықпал етеді
211
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы ел көлемінде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бұл бастама еліміздің экологиялық жағдайын жақсартып, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.  

Қарағанды облысы Теміртау қаласында партияның бастамасымен 500-ден астам тұрғын аумақты қар мен қоқыстан тазартуға қатысты. Партияның Теміртау қалалық филиалының төрағасы Алексей Ломакин қоғамда экологиялық сананы тәрбиелеудің, сондай-ақ еліміздің табиғатын таза ұстаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін акцияны барлық партия мүшелері қолдады, олардың қатарында бастапқы партия ұйымдарының жетекшілері, Теміртау қалалық мәслихатының депутаттары, сондай-ақ белсенділер мен еріктілер бар. Біз үшін «Таза бейсенбі» акциясы дәстүрге айналды. Бұл бастамаға  тұрғындар да үлкен қолдау көрсетуде. Қала тұрғындары аулаларын қардан тазарту үшін көшеге шығып, игі іске өз үлестерін қосуда. Қыс мезгілі басталысымен коммуналдық қызметтердің жұмысы көбейіп, кейде тұрғын үй массивтерінің аулаларын тазалауға үлгере бермейді», – деді Алексей Ломакин.

Сондай-ақ Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өткен акцияға 30-дан астам партия мүшесі мен еріктілер қатысты. Олар Саяжай ықшамауданын тазалап, 2 тонна қоқысты полигонға шығарды.  

– «Таза бейсенбі» экологиялық жобасы жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырып, азаматтардың табиғатқа саналы көзқарасын дамытуға бағытталған. Баршаны бұл бастамаға қосылып, қала тазалығын сақтауға шақырамыз, – деді «AMANAT» партиясының Жаңақорған аудандық филиалы жанындағы «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Алма Мамирова.

«Таза бейсенбі» акциясы аясында Түркістан облысы Арыс қаласында «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері еңбек ардагерлері мен жалғызбасты қарияларға әлеуметтік көмек көрсетті. Жастар тыл ардагері Қыдырхан Маханбетовтің үйіне барып, ауласын қардан тазалап, ағаштарын бұтап, үй ішін ретке келтірді.  

Бұдан бөлек, эко-акция аясында Ұлытау облысында жаңадан ашылатын Оқушылар сарайының аумағында тазалық жүргізілсе, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында партия мүшелері жалғызбасты қариялардың аулаларын қардан тазартуға көмектесті.  Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданында «Таза бейсенбі» акциясы аясында «AMANAT» партиясының белсенділері жергілікті тұрғынның ауласын қардан аршып берді. Өткен түнде бұл аумақта ақ ұлпа көп түскен. Зейнеткерге көмекке партияның жас белсенділері келіп, қысқа уақыт ішінде ауласы мен оған іргелес аумақты қардан тазартты.

Ақтау қаласында теңіз жағалауында өткен акцияға партия мүшелері мен өңір жастары қатысты. Бұршақ пен аязға қарамастан, олар жағалауды қоқыстан тазартып, аумақты ретке келтірді.  

«Бұл акция қоршаған ортаны қорғауда маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат табиғатқа қамқорлық жасап, қаланы абаттандыруға өз үлесін қосуға тиіс. Біз елімізде осындай әдемі теңіз бар екенін мақтан тұтамыз. Өкінішке қарай, табиғатты және су мен жағалаудың тазалығын сақтауға жосықсыз қарайтындар да бар. Бұл өкінішті, сондықтан партиялықтар жағалауды тазалау дәстүрін қолға алды. Бұл басқаларға үлгі болады деп үміттенеміз», – деп атап өтті партияның Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев.  

Астана қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен №106 мектеп оқушыларына «Тазалық – денсаулық кепілі» тақырыбында дәріс өтті. Іс-шара барысында Экологиялық кеңес төрағасы Максим Николайчук пен кеңес мүшесі Балауса Қайырғалиева оқушыларға табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениеттің маңыздылығы туралы баяндады.  

«Экологиялық акция тек қоқыс пен қар жинаумен шектелмейді. Табиғат тазалығын сақтаудан бөлек, партиялық акцияның мақсаты – адамдарда экологиялық сананы, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Ең алдымен, қазір өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыруды бастау маңызды. Мұндай дәрістер балаларға табиғатқа қамқорлық пен мейірімділікті, сондай-ақ қоршаған ортаның тазалығы үшін жауапкершілікті үйретуге мүмкіндік береді», – деді партияның Астана қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңес төрағасы Максим Николайчук.