2025 жылы Қазақстанда белгілі бір санаттағы азаматтар 250-форма бойынша декларацияны тапсыруға міндеттеледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл талап шетелде мүлкі бар адамдарға және басқа да кейбір санатқа жататын азаматтарға қатысты.
Бастапқы жоспарға сәйкес, 2025 жылы жалпыға бірдей декларациялау барлық ересек қазақстандықтарды, оның ішінде студенттер мен зейнеткерлерді қамтуы керек еді. Бірақ кейін бұл жоспар қайта қаралып, белгілі бір азаматтар декларация тапсырудан босатылды. Дегенмен кейбір топтарға бұл талап күшінде қалады.
Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, 2025 жылы декларация тапсыруға міндетті азаматтар қатарына келесі санаттағылар жатады:
шетелде мүлкі бар Қазақстан азаматтары мен резиденттері;
мемлекеттік және сайланбалы лауазымдарға кандидаттар;
банктердің, бағалы қағаздар нарығының немесе сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болуға өтініш берген тұлғалар;
жеке практикамен айналысатын тұлғалар (адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылар және т.б.).
Қазақстанда және шетелде 20 000 АЕК-тен астам (2024 жылы бұл шамамен 73 840 000 теңге) сомада ірі көлемдегі сатып алу жасаған азаматтар.
Бұл ретте кез келген қазақстандық азаматтың декларация тапсыруға ниеті болса, қолма-қол ақшаны (10 000 АЕК-ке дейін) және басқа активтерді азаматтар өз еркімен де декларациялай алады.
Шетелдегі мүлікке келетін болсақ, декларациялануға тиіс дүниелер тізімі:
жылжымайтын мүлік және көлік құралдары;
шетелдік компанияларға немесе тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі; шетел банктеріндегі шоттардағы қаражат, егер олардың сомасы 1000 АЕК-тен асса;
бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары; делдалдық шоттардағы қаражаттар; зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқықтар; цифрлық активтер;
дебиторлық/кредиторлық берешек; инвестиция және бағалы металдар;
құны 1000 АЕК-тен асатын мүлік: антиквариат, сәнді заттар немесе басқа да құнды мүлік.
Декларацияға 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша тиесілі барлық активтер мен міндеттемелер енгізілуге тиіс екенін ескеріңіз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.