Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант қызылшасын жинау нәтижелері қарастырылды. Елімізде қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарынан 535,5 центнерді құрап, шамамен 1,3 млн тонна жиналды.
Қант қызылшасын жинау науқаны аяқталды
113
оқылды

20 желтоқсандағы жағдай бойынша қазақстандық қант зауыттары өңдеуге 988,6 мың тонна өнім қабылдады: «Ақсу қант» зауыты – 351,7 мың тонна (оның ішінде Жамбыл облысынан – 39,3 мың тонна); Көксу қант зауыты – 252,6 мың тон­на; Меркі қант зауыты – 384,3 мың тонна. Қалған өнім өңдеуге дейін фермер­лердің қант қызылшасы үйінділерінде сақтаулы.

Жалпы өнімнің жартысы – 640 мың тонна Жамбыл облысында жиналды. Бұл аймақта қант қызылшасын тек Меркі қант зауыты өңдейді. Қолданыстағы қуатты­лықтарға сәйкес, Меркі зауыты 450 мың тонна, Жетісу облысындағы Ақсу зауыты 100 мың тонна қабылдайды, ал қалған 90 мың тонна қант қызылшасы Қырғызстан­ның қант зауыттарына жөнелтіледі.

Мұндай шешім жиналған өнімнің барлығын толық өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында қант қызылшасын үздіксіз қабылдау, өңдеу және дайын қантты кері жеткізу бойынша келісімдер бекітілген.

Сонымен қатар фермерлерге қант қызылшасын қай зауытқа тапсырғанына қарамастан, қолданыстағы тәртіп бойын­ша әкімдіктер мен қант зауыттары тарапы­нан субсидиялар төленеді.