Бір-екі рулон бетон орап беріңіз!» – таяу болашақта Қазақстанда осылай сұраған адамға ешкім таңғала қарамауы мүмкін. Өйткені бетоннан рулон жасау технологиясы Орталық Азияға келіп жатыр.
Орамдағы бетон кімге бұйырады?
138
оқылды

Бұған дейін аты әлемге мәшһүр британдық алпауыт «бетон төсем» өндіретін зауытын аймақ пен одақтың орталығы Ресейде ашпақ болған. Алайда оған қаптатып санкция салынған соң кәсіпорнын біздің аймақта орналастыруға шешім қабылдады. Бұл инновациялық өнім не үшін пайдаланылады? Елдегі суды үнемдеуге қандай қатысы бар?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің келесі жылға арналған инвестициялық жо­­балар пулында қызықты бір жоба бар. Ұлы­­британияның Concrete Canvas компаниясы елде бетон төсемдер (бетонное полотно) шы­ғаратын зауыт тұрғызуға ниетті. Бастап­­қы­да ағылшындар бұл зауытын Ресей ау­ма­ғында ашуды жоспарлаған, тиісті рұқсат­тарға қол жеткізген. Алайда сол кезде Ре­­сей­дің Украинаға қарсы басқыншылығы бас­талды, оған жауап ретінде дамыған елдер агрессорға әлем тарихында теңдесі жоқ санкциялар енгізді. 

Геосаяси ахуал ушығып кеткендіктен, британдық бизнес алдымен ресейлік жоба­сын белгісіз мерзімге тоқтатты, артынан мүл­дем бас тартты. Бірақ компания акцио­нерлері дап-дайын жоба зая кетпеуі үшін оны басқа елде жүзеге асыруға шешім қа­былдайды. Таңдау Қазақстанға түсіпті. Ин­вес­торлар ел Үкіметіне ұсыныспен шыққан.

Соның нәтижесінде, 2024 жылғы сәуірде инвестиция тартуға жауапты KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының басқарма төр­а­ғасы Ержан Елекеев Concrete Canvas Ltd. басшылығымен алғашқы келіссөзін жүргізді. Оның барысында тараптар Қазақстанда бетон төсем өндіру зауытын салу мүмкіндігін талқылаған. Бұған қол жеткізу үшін әр тарап­тың не істеу керектігі жөнінде уағдаластыққа келді.

Бүгінде компания Қазақстанда өкілдігін ашып та қойды. «United Concrete Canvas» аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ел нарығының қажеттіліктерін зер­делеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол бізден бүкіл Еуразиялық одақ нарығына шыға алады. Осы мақсатта британдық инвесторлар Өнеркәсіп және құрылыс, Сыртқы істер, Сауда және интеграция сияқты әр бағытқа жауапты министрліктермен және жергілікті әкімдіктермен де келіссөздерін бастады. 

Мысалы, әкімдер өз өңірінде рулондағы бетонды қандай мақсатта пайдалана ала­тынын анықтап, төл жобаларын ұсынуы ке­рек. Сонда инновациялық осы өнімнің елдегі қолданылу нарығы мен сұраныс ау­қымы анықталады. 

Шетелдік компания өкілдерінің ай­туынша, жоспарланған бұл жоба Concrete Canvas инновациялық технологиясы арқылы Қазақстанда, әсіресе ирригация жүйе­лерін салу мен реконструк­ция­лаудың күн тәртібінде күйіп тұрған мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. 

«Атап айтқанда, жо­баны іске асыру иррига­циялық-суару жүйе­ле­рінің экс­плуатациялық сенім­ді­лігін едәуір арт­тырады. Мұның сыр­тын­да агро­өнеркәсіп кешені тұты­натын ора­сан зор кө­лем­дегі судың үлкен бө­­лі­гінің жолай топы­раққа сіңіп, босқа ысырап болуына жол бермейді. Сондай-ақ су арналарын, қорға­ныш дамба-бөгеттерін және азаматтық ин­фрақұрылымның басқа да объектілерін жа­ңарту бағдар­ламаларына жұмсалатын бюд­жет шығыстарын елеулі қысқартуға мүм­кіндік береді», – делінген компанияның түсініктемесінде. 

Ұлыбританиялық компания – гео­син­тетикалық цементті композиттік төсе­ніш-маттарын шығаруда жаһандық жетек­шінің бірі. Оның жаңа өнімі сүзу-филь­­тра­циялау кезінде су жоғалтуды бол­дыр­майтын және материалдың берік қасиет­терін сақтайтын көрінеді. 

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл – инновациялы технологияның ұстыны, негі­­зі – цемент толтырғышы бар, көп компо­нент­ті орам-рулондық материал. Ол гид­­­­ра­­­­тацияланған, яғни ылғалданған кезде тез қатады. Техникалық сипаттамаларына сай икемділіктегі, қалыңдықтағы және пі­шіндегі жұқа, берік, оқ өтпес берендей күшейтілген әрі су өткізбейтін бетон қабатын түзеді. 

Технологияның ерекшелігі сол, оны тез-ақ монтаждап, орнатуға болады екен. Соның арқасында осындай материал пайдаланылған құрылыс барынша жылдам жүзеге асыры­лады, мердігерлердің және тапсырыс беру­шілердің уақыты үнемделеді. 

Бұдан бөлек, аталған технологияда дәс­түрлі бетон ерітінділерін қолдануға қа­ра­ғанда, материалдар 95%-ға аз пайдаланылады. Осының арқасында жобаның бюджеті де үнемделуге тиіс. Сондай-ақ бұл қоршаған ортаға келтірілетін теріс әсерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Британдық зауыттың Қазақстанда бой көтеріп, бұл технологияның аймағымызға, алыс шетелге Қазақстаннан тарауы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының басшы­сы Ержан Елекеевке үлкен сын болмақ. Өйткені Concrete Canvas компаниясының маңызды зауытын Ресейде тұрғызудан бас тартқанын естіп, бұл жобаны Қырғызстан өзіне тартып әкетудің қамына кірісті. Бұл туралы қырғыз басылымдары жазды. Олар­дың хабарлауынша, британдық ин­вес­тор­лармен тіпті Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров жүздесіпті.

Ержан Иракұлы Сoncrete Canvas өкіл­деріне бұл инвестициялық жобаны Kazakh INVEST құралдары арқылы Қазақстанда жан-жақты, кешенді сүйемелдеуге уәде етті. Егер ол сөзінде тұра алмаса, ілкімді бастама бюрократиялық «жартасқа» соғылып, ілге­рілеуден қалса, оны Алатаудың арғы баура­йындағы ағайындар іліп әкетуге дайын отыр. 

Британдық компанияның Қазақстанда бетон төсемдері өндірісін локализациялауды, яғни оны толыққанды қазақстандық өнімге айналдыруды жоспарлап отырғанын ескеріп, ел Үкіметі Kazakh INVEST басқарма төрағасы Ержан Елекеевке инвестормен Инвес­тициялар туралы келісім жасасуды жүктепті. Өз кезегінде Е.Елекеев Concrete Canvas-тың перспективалы инвестициялық жобасына жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді.

Айтқандай, ел Үкіметі Concrete Canvas Ltd.-ны Украинаға қарсы соғыс басталғалы, Ресей және Беларусьтен Қазақстанға рело­кацияланған 21 компанияның қатарында атаған болатын. Бірақ зауыт құрылысы әлі басталмағандықтан, Қазақстанның бұл жобадан айырылып қалу қаупі сейілген жоқ. Қазақстанда келесі жылы қабылданатын жаңа Салық кодексінің жобасы да бизнестің алаңдаушылығын тудырып отыр. 

Осы орайда қырғыздың Economist.kg басылымының жазуынша, британдықтар орам-рулондағы бетонды шығаратын за­уытты Қырғызстанда да салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы ақпарат құ­рал­дарына қырғыз Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады. Зауыт құры­лысы биыл басталады деген ақпарат жария­ланған, әйткенмен, артын баққан британ­дықтар ақырғы шешімді келесі жылы жа­риялайтын болыпты. 

Жаңа су қоймаларын, су каналдарын, тоғандарды және басқасын салу кезінде оның түбіне төселетін рулонды бетонды бри­тан­дықтар қырғыз Үкімет басшысының орын­басары Бақыт Торобаевқа таныстырды. Тұсаукесерге Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронның өзі келіп қатысқан екен. 

Бұдан біраз бұрын, 2023 жылдың соңында Concrete Canvas-тың Ұлыбританиядағы негізгі зауытына қырғыздың сол кездегі Премьер-министрі Ақылбек Жапаров барып қайтты. Қырғызстандық ресми делегация жаһандық нарықта кең сұранысқа ие инновациялық өнімді шығаратын зауытты Қырғызстанда ашуға үгіттеп бақты. 

Алайда британдық компания қожа­йын­дары бірден келісе кеткен жоқ, тек Қа­зақстанмен бірге Қырғыз Республикасының кандидатурасын қоса қарастыруға уәде еткен. Көрші елдегі презентация да сол уағдаластық аясында жүзеге асыпты. Десек те, британдық компания Қазақстан Үкіметі үшін өнімінің толыққанды таныстырылымын әзірге өткізбегені тіксінтеді.

«Британдық компания жұмсақ, компо­зитті бетон төсемін өндіреді. Бұл озық өнім ирригациялық және гидротехникалық құ­рылымдарда үлкен көлемде пайдаланылады. Және мұнымен шектелмейді, мысалы, жоғары беріктігі үшін оны қауіпті өндірістік объектілердің қалдықтары және шөгінділері тасталатын қалдық қоймаларында қолда­нады. Өйткені бұл өнім су өткізбейді, ылғалға төзімділіктің жоғарғы дәрежесіне ие», – деп жазады қырғыз басылымы.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев британдық бұл жобаға қырғыздардың қызығушылығы өте зор екенін жеткізді.

«Қырғызстанның өзінде су канал­дары­ның жалпы ұзындығы 30 мың шақырымнан асады. Оның ішінде, жалпы ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын арналар жай топырақта қазыла салған, бетон қалыбы жоқ. Егер осы каналдың бәрінің түбіне осы жұм­сақ әрі берік бетон төсемін төсеп шықсақ, біз өте көп көлемдегі суды жоғалтуды тоқ­татамыз. Ол судың бәрін ауыл шаруашы­лы­ғына, халық қажеттілігіне ұтымды жұмсай аламыз», – деді Б.Торобаев.

Бұл материалды ауыл шаруашылығында ғана емес, өнеркәсіпте, жол құрылысы са­ласында да қажетке жаратуға болады. Қа­зақстан тарапы зауыттың нақты қайда салынатынын жарияламады. Қырғыз тарапы болса, оған Ош облысынан жер бөліп отыр. Көрші елдің Үкіметі ұлыбританиялық ин­весторларға барлық мәселесін жедел шешіп, жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді. 

Министрлер кабинеті Қырғызстанның да Еуразиялық одаққа кіретінін еске салды. Сондай-ақ Concrete Canvas зауыты Қырғыз­стан арқылы бүкіл Орталық Азия нарығына шыға алады. 

Қалай болғанда, Ұлыбританияның Сырт­қы істер және халықаралық даму министрі британдық зауыт бір елмен шектелмей, бүкіл аймаққа қызмет етуге бағдарланып отыр­ғанын нықтады. 

– «Рулондағы бетон» технологиясы дәстүрліге қарағанда анағұрлым арзан бетон өндіруге мүмкіндік береді. Оны оңай төсеуге болады, жоба жұмыстары барынша тез, қысқа мерзімде аяқталады. Бұл ретте өнім мейлінше аз көміртек бөледі. Мұны дамудың келесі сатысы, «жасыл» даму элементі деуге болады. Еуразия, Орталық Азия өңірінде осы технологияның пайда болуы суару канал­дарын салу және жөндеу ісін қайта құрады. Өңір үшін өмірлік маңызды, бірақ қат бола бастаған ресурсты – суды үнемдеуге ықпал етеді, – деді Дэвид Кэмерон. 

Ендеше қырғыздардың екпіні қатты көрінеді. Қазақстандағы жауапты шенділерге қарқынына қарқын қосқан артық болмас еді. Біздің әкімдер мен министрлер британдық технологияға мүдделі екенін паш еткені абзал. Оның үлгісі бар. Бұған дейін United Concrete Canvas ЖШС бас директоры Иль­дар Ямалиевпен, компания акционерлері Иэн Вудкок, Нұржан Бимендинмен Жам­был облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кездескен-тін. Онда айтылғандай, шетелдік инвестор орамдағы бетон шығаратын зауытты елімізде салса, онда оның өнімдері Жамбыл облысындағы ирригация жүйелерін реконструкциялауға пайдаланылады. 

Облыс басшысы осы өңірдің өзінде шамамен 300 канал аталған өнімге зәру екенін жеткізді және зауытты Әулиеата өңі­рінде салуды ұсынды. Ербол Қарашөкеев бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын, жаңа индустриалдық аймақтар бой көтеріп жатқанын, онда керекті инфрақұрылым қамтамасыз етілгенін алға тартты. Облыста шикізат – цемент өндірісі жолға қойылған. Инвестициялық жобаларды субсидиялау тетігі де енгізілді. 

Сонымен қатар судың 80%-ын Қырғыз­станнан бастау алатын өзендерден тұтынатын Жамбыл облысын соңғы жылдары қуаң­шылық жайлап, вегетациялық кезеңде су тап­шылығы туындайды. Тіпті, төтенше жағ­дай жариялауға тура келді. Соның кесірінен, өңір егістіктердің, суармалы жерлердің ауданын арттыра алмай тұр. Британдық­тардың жаңа өнімі осы және басқа өңір­ле­рімізге тасымалдау кезінде судың шектен тыс ысырап болуына тоқтау салып, қолға тиетін кәусардың көлемін айтарлықтай арттыруға көмектесер еді. Жобаның құрылысына қа­тысты егжей-тегжей 2025 жылы толыққанды айқындалады деп күтіледі.

Елдос СЕНБАЙ