Бұған дейін аты әлемге мәшһүр британдық алпауыт «бетон төсем» өндіретін зауытын аймақ пен одақтың орталығы Ресейде ашпақ болған. Алайда оған қаптатып санкция салынған соң кәсіпорнын біздің аймақта орналастыруға шешім қабылдады. Бұл инновациялық өнім не үшін пайдаланылады? Елдегі суды үнемдеуге қандай қатысы бар?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің келесі жылға арналған инвестициялық жобалар пулында қызықты бір жоба бар. Ұлыбританияның Concrete Canvas компаниясы елде бетон төсемдер (бетонное полотно) шығаратын зауыт тұрғызуға ниетті. Бастапқыда ағылшындар бұл зауытын Ресей аумағында ашуды жоспарлаған, тиісті рұқсаттарға қол жеткізген. Алайда сол кезде Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығы басталды, оған жауап ретінде дамыған елдер агрессорға әлем тарихында теңдесі жоқ санкциялар енгізді.
Геосаяси ахуал ушығып кеткендіктен, британдық бизнес алдымен ресейлік жобасын белгісіз мерзімге тоқтатты, артынан мүлдем бас тартты. Бірақ компания акционерлері дап-дайын жоба зая кетпеуі үшін оны басқа елде жүзеге асыруға шешім қабылдайды. Таңдау Қазақстанға түсіпті. Инвесторлар ел Үкіметіне ұсыныспен шыққан.
Соның нәтижесінде, 2024 жылғы сәуірде инвестиция тартуға жауапты KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Елекеев Concrete Canvas Ltd. басшылығымен алғашқы келіссөзін жүргізді. Оның барысында тараптар Қазақстанда бетон төсем өндіру зауытын салу мүмкіндігін талқылаған. Бұған қол жеткізу үшін әр тараптың не істеу керектігі жөнінде уағдаластыққа келді.
Бүгінде компания Қазақстанда өкілдігін ашып та қойды. «United Concrete Canvas» аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ел нарығының қажеттіліктерін зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол бізден бүкіл Еуразиялық одақ нарығына шыға алады. Осы мақсатта британдық инвесторлар Өнеркәсіп және құрылыс, Сыртқы істер, Сауда және интеграция сияқты әр бағытқа жауапты министрліктермен және жергілікті әкімдіктермен де келіссөздерін бастады.
Мысалы, әкімдер өз өңірінде рулондағы бетонды қандай мақсатта пайдалана алатынын анықтап, төл жобаларын ұсынуы керек. Сонда инновациялық осы өнімнің елдегі қолданылу нарығы мен сұраныс ауқымы анықталады.
Шетелдік компания өкілдерінің айтуынша, жоспарланған бұл жоба Concrete Canvas инновациялық технологиясы арқылы Қазақстанда, әсіресе ирригация жүйелерін салу мен реконструкциялаудың күн тәртібінде күйіп тұрған мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
«Атап айтқанда, жобаны іске асыру ирригациялық-суару жүйелерінің эксплуатациялық сенімділігін едәуір арттырады. Мұның сыртында агроөнеркәсіп кешені тұтынатын орасан зор көлемдегі судың үлкен бөлігінің жолай топыраққа сіңіп, босқа ысырап болуына жол бермейді. Сондай-ақ су арналарын, қорғаныш дамба-бөгеттерін және азаматтық инфрақұрылымның басқа да объектілерін жаңарту бағдарламаларына жұмсалатын бюджет шығыстарын елеулі қысқартуға мүмкіндік береді», – делінген компанияның түсініктемесінде.
Ұлыбританиялық компания – геосинтетикалық цементті композиттік төсеніш-маттарын шығаруда жаһандық жетекшінің бірі. Оның жаңа өнімі сүзу-фильтрациялау кезінде су жоғалтуды болдырмайтын және материалдың берік қасиеттерін сақтайтын көрінеді.
Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл – инновациялы технологияның ұстыны, негізі – цемент толтырғышы бар, көп компонентті орам-рулондық материал. Ол гидратацияланған, яғни ылғалданған кезде тез қатады. Техникалық сипаттамаларына сай икемділіктегі, қалыңдықтағы және пішіндегі жұқа, берік, оқ өтпес берендей күшейтілген әрі су өткізбейтін бетон қабатын түзеді.
Технологияның ерекшелігі сол, оны тез-ақ монтаждап, орнатуға болады екен. Соның арқасында осындай материал пайдаланылған құрылыс барынша жылдам жүзеге асырылады, мердігерлердің және тапсырыс берушілердің уақыты үнемделеді.
Бұдан бөлек, аталған технологияда дәстүрлі бетон ерітінділерін қолдануға қарағанда, материалдар 95%-ға аз пайдаланылады. Осының арқасында жобаның бюджеті де үнемделуге тиіс. Сондай-ақ бұл қоршаған ортаға келтірілетін теріс әсерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Британдық зауыттың Қазақстанда бой көтеріп, бұл технологияның аймағымызға, алыс шетелге Қазақстаннан тарауы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының басшысы Ержан Елекеевке үлкен сын болмақ. Өйткені Concrete Canvas компаниясының маңызды зауытын Ресейде тұрғызудан бас тартқанын естіп, бұл жобаны Қырғызстан өзіне тартып әкетудің қамына кірісті. Бұл туралы қырғыз басылымдары жазды. Олардың хабарлауынша, британдық инвесторлармен тіпті Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров жүздесіпті.
Ержан Иракұлы Сoncrete Canvas өкілдеріне бұл инвестициялық жобаны Kazakh INVEST құралдары арқылы Қазақстанда жан-жақты, кешенді сүйемелдеуге уәде етті. Егер ол сөзінде тұра алмаса, ілкімді бастама бюрократиялық «жартасқа» соғылып, ілгерілеуден қалса, оны Алатаудың арғы баурайындағы ағайындар іліп әкетуге дайын отыр.
Британдық компанияның Қазақстанда бетон төсемдері өндірісін локализациялауды, яғни оны толыққанды қазақстандық өнімге айналдыруды жоспарлап отырғанын ескеріп, ел Үкіметі Kazakh INVEST басқарма төрағасы Ержан Елекеевке инвестормен Инвестициялар туралы келісім жасасуды жүктепті. Өз кезегінде Е.Елекеев Concrete Canvas-тың перспективалы инвестициялық жобасына жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді.
Айтқандай, ел Үкіметі Concrete Canvas Ltd.-ны Украинаға қарсы соғыс басталғалы, Ресей және Беларусьтен Қазақстанға релокацияланған 21 компанияның қатарында атаған болатын. Бірақ зауыт құрылысы әлі басталмағандықтан, Қазақстанның бұл жобадан айырылып қалу қаупі сейілген жоқ. Қазақстанда келесі жылы қабылданатын жаңа Салық кодексінің жобасы да бизнестің алаңдаушылығын тудырып отыр.
Осы орайда қырғыздың Economist.kg басылымының жазуынша, британдықтар орам-рулондағы бетонды шығаратын зауытты Қырғызстанда да салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы ақпарат құралдарына қырғыз Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады. Зауыт құрылысы биыл басталады деген ақпарат жарияланған, әйткенмен, артын баққан британдықтар ақырғы шешімді келесі жылы жариялайтын болыпты.
Жаңа су қоймаларын, су каналдарын, тоғандарды және басқасын салу кезінде оның түбіне төселетін рулонды бетонды британдықтар қырғыз Үкімет басшысының орынбасары Бақыт Торобаевқа таныстырды. Тұсаукесерге Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронның өзі келіп қатысқан екен.
Бұдан біраз бұрын, 2023 жылдың соңында Concrete Canvas-тың Ұлыбританиядағы негізгі зауытына қырғыздың сол кездегі Премьер-министрі Ақылбек Жапаров барып қайтты. Қырғызстандық ресми делегация жаһандық нарықта кең сұранысқа ие инновациялық өнімді шығаратын зауытты Қырғызстанда ашуға үгіттеп бақты.
Алайда британдық компания қожайындары бірден келісе кеткен жоқ, тек Қазақстанмен бірге Қырғыз Республикасының кандидатурасын қоса қарастыруға уәде еткен. Көрші елдегі презентация да сол уағдаластық аясында жүзеге асыпты. Десек те, британдық компания Қазақстан Үкіметі үшін өнімінің толыққанды таныстырылымын әзірге өткізбегені тіксінтеді.
«Британдық компания жұмсақ, композитті бетон төсемін өндіреді. Бұл озық өнім ирригациялық және гидротехникалық құрылымдарда үлкен көлемде пайдаланылады. Және мұнымен шектелмейді, мысалы, жоғары беріктігі үшін оны қауіпті өндірістік объектілердің қалдықтары және шөгінділері тасталатын қалдық қоймаларында қолданады. Өйткені бұл өнім су өткізбейді, ылғалға төзімділіктің жоғарғы дәрежесіне ие», – деп жазады қырғыз басылымы.
Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев британдық бұл жобаға қырғыздардың қызығушылығы өте зор екенін жеткізді.
«Қырғызстанның өзінде су каналдарының жалпы ұзындығы 30 мың шақырымнан асады. Оның ішінде, жалпы ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын арналар жай топырақта қазыла салған, бетон қалыбы жоқ. Егер осы каналдың бәрінің түбіне осы жұмсақ әрі берік бетон төсемін төсеп шықсақ, біз өте көп көлемдегі суды жоғалтуды тоқтатамыз. Ол судың бәрін ауыл шаруашылығына, халық қажеттілігіне ұтымды жұмсай аламыз», – деді Б.Торобаев.
Бұл материалды ауыл шаруашылығында ғана емес, өнеркәсіпте, жол құрылысы саласында да қажетке жаратуға болады. Қазақстан тарапы зауыттың нақты қайда салынатынын жарияламады. Қырғыз тарапы болса, оған Ош облысынан жер бөліп отыр. Көрші елдің Үкіметі ұлыбританиялық инвесторларға барлық мәселесін жедел шешіп, жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Министрлер кабинеті Қырғызстанның да Еуразиялық одаққа кіретінін еске салды. Сондай-ақ Concrete Canvas зауыты Қырғызстан арқылы бүкіл Орталық Азия нарығына шыға алады.
Қалай болғанда, Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрі британдық зауыт бір елмен шектелмей, бүкіл аймаққа қызмет етуге бағдарланып отырғанын нықтады.
– «Рулондағы бетон» технологиясы дәстүрліге қарағанда анағұрлым арзан бетон өндіруге мүмкіндік береді. Оны оңай төсеуге болады, жоба жұмыстары барынша тез, қысқа мерзімде аяқталады. Бұл ретте өнім мейлінше аз көміртек бөледі. Мұны дамудың келесі сатысы, «жасыл» даму элементі деуге болады. Еуразия, Орталық Азия өңірінде осы технологияның пайда болуы суару каналдарын салу және жөндеу ісін қайта құрады. Өңір үшін өмірлік маңызды, бірақ қат бола бастаған ресурсты – суды үнемдеуге ықпал етеді, – деді Дэвид Кэмерон.
Ендеше қырғыздардың екпіні қатты көрінеді. Қазақстандағы жауапты шенділерге қарқынына қарқын қосқан артық болмас еді. Біздің әкімдер мен министрлер британдық технологияға мүдделі екенін паш еткені абзал. Оның үлгісі бар. Бұған дейін United Concrete Canvas ЖШС бас директоры Ильдар Ямалиевпен, компания акционерлері Иэн Вудкок, Нұржан Бимендинмен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кездескен-тін. Онда айтылғандай, шетелдік инвестор орамдағы бетон шығаратын зауытты елімізде салса, онда оның өнімдері Жамбыл облысындағы ирригация жүйелерін реконструкциялауға пайдаланылады.
Облыс басшысы осы өңірдің өзінде шамамен 300 канал аталған өнімге зәру екенін жеткізді және зауытты Әулиеата өңірінде салуды ұсынды. Ербол Қарашөкеев бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын, жаңа индустриалдық аймақтар бой көтеріп жатқанын, онда керекті инфрақұрылым қамтамасыз етілгенін алға тартты. Облыста шикізат – цемент өндірісі жолға қойылған. Инвестициялық жобаларды субсидиялау тетігі де енгізілді.
Сонымен қатар судың 80%-ын Қырғызстаннан бастау алатын өзендерден тұтынатын Жамбыл облысын соңғы жылдары қуаңшылық жайлап, вегетациялық кезеңде су тапшылығы туындайды. Тіпті, төтенше жағдай жариялауға тура келді. Соның кесірінен, өңір егістіктердің, суармалы жерлердің ауданын арттыра алмай тұр. Британдықтардың жаңа өнімі осы және басқа өңірлерімізге тасымалдау кезінде судың шектен тыс ысырап болуына тоқтау салып, қолға тиетін кәусардың көлемін айтарлықтай арттыруға көмектесер еді. Жобаның құрылысына қатысты егжей-тегжей 2025 жылы толыққанды айқындалады деп күтіледі.
Елдос СЕНБАЙ