Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігі аппараты «Есірткісіз елорда – дені сау ұрпақ» акциясын ұйымдас­тырды.
Есірткісіз Елорда
116
оқылды

«Астана – есірткісіз қала» бағ­дарламасы шеңберінде өткен акцияға қалалық Полиция қызметі басқармасы, Полиция департаментінің есірткі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурс­тық орталығының волонтерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Шараға жиналған көпшілік тұрғын үй қабырғаларына жазылған есірткі сату туралы жарнамаларды жойып, наша­қор­лыққа қарсы үндейтін суреттер сал­ып, есірткі заттарының зияны, наша­қорлықтың зардабы және заң аясындағы жауапкершілігі туралы ақ­парат алды. Ұйымдастырушылардың ай­туынша, акцияның негізгі мақсаты – есірткі сату туралы жарнамалары бар қабырғаларды бояу арқылы есірткінің қолжетімділігі мен насихатын азайту, есірткіге әуес­тенуге қарсы қоғамдық пікір қалыптас­тыру және салауатты өмір салтына үндеумен қатар, наша­қорлық қылмысымен күресудегі жергі­лікті билік, қоғамдық ұйымдар және азаматтардың күш-жігерін біріктіру. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» ак­ция­сын қолдай отырып, есірткі сау­дасының жолын кесу – азаматтық мін­детіміз», – деді ұйымдастырушылар. Астананың бел­сенді жастары осы уақытқа дейін 2 000-нан астам еліткіш заттардың жарна­масын жойып, 200-ге жуық сайтты бұғаттауға қолғабыс жаса­ған.

– Қаланың 5 аудандық әкімдігімен бірлесіп, нашақорлыққа қарсы 40-тан астам қабырғаларды графитимен бояу бойынша акциялар өткіздік. Қабырға­ларды бояу акцисының мақсаты – тый­ым салынған заттардың жарнамасын жою және салауатты өмір салтын наси­хаттау. Бұл – жастар арасындағы наша­қорлықтың алдын алудағы маңызды қадам. 

Біз осындай бастамаларды жалғас­тыру­ды жоспарлап отырмыз, халықпен ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейте отырып, жастардың зиянды әдеттерге үйір болуының алдын алмақ­пыз, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Сұл­тан Өмірғалиев. 

Қалалық Полиция департаменті Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қар­масының аға жедел уәкілі, поли­ция подполковнигі Лейла Рахи­мова: «Есірткіге елітіп, нашақорлық жолды таңдаудың соңы өмірін өксіткен өкін­іш­ке соқтыратынын жастарға үнемі айтып отыруымыз керек», – дейді.

– Жыл басынан бері полиция қыз­мет­­керлері есірткіге қатысты 400-ге жуық қылмыстық іс қозғады, оның ­­300-і тыйым салынған тауар түрін сатуға қатысты. Қылмыскерлер 10 жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сондықтан ешқа­шан өміріңізді есірткімен байланыс­тырмаңыз. Өзіңіз­дің және өзгенің балаларының өмірін сақтаңыз, – деді полиция подпол­ковнигі. 

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері сапында қазір есірткіге қарсы қозғалысты қол­дайтын 6 мыңнан аса ерікті  бар. Солар­дың бірі – Даниял Келгенбаев. Ол ес­ірт­кімен күреске белсене араласа жүріп, замандастарын нашақорлықтан сақта­ғысы келеді.

– Есірткі саудасын тоқтату – асыл арманым. Есірткі жарнамаларын жою үшін жиі бас қосамыз. Әсіресе, жастар нашақорлықтан аулақ болса екен дейміз. Қала көшелерінде тыйым сал­ын­ған тауар сататын сайттардың сілте­ме­лерін көптеп кездестіруге бола­ды. Біз соларды тауып, жоямыз. Сон­дай-ақ тұрғындарға түсіндірме жұмыс­тарын жүргіземіз. Атаулы акция жыл бойы 40 мәрте ұйымдастырылды. Нау­қан ая­сын­да жарнамаларды жоюмен қатар, түсін­діру жұмыстары жүргізіліп, 15 000 үнпа­рақ таратылды, – деді ол.

Астанада 2024-2025 жылдарға ар­налған «Астана – есірткісіз қала» бағ­дарламасы шеңберінде нашақорлықтың алдын алу және есірткі заттарының тара­луына тосқауыл қою бойынша тоқ­сан сайын кешенді шаралар ұйымдас­тырыл­ып, түрлі жиындар өткізіледі. Тек көше­лер мен тұрғын үй қабырғаларына жазыл­ған жарнамаларды жою бойынша бір жылда 40  мәрте  акция  ұйымдастыры­лып, 15 000 үнпарақ таратылса, есірткі бизнесі­не және есірткі тұтынуға қарсы іс-шара­лар жос­парына сәйкес жыл бойы түрлі флеш­мобтар, сайыстар, рейд­тер, оқу орындар­ында, мектептерде кездесулер ұйымдас­тырылып, студент­тер мен оқушыларға және қала тұрғын­дарына түсіндіру акциялары үздіксіз жүргізіліп отырады. Мәселен, қаладағы С.Сей­фуллин атын­дағы Қазақ агротех­ни­калық зерттеу университетінің сту­дент­терімен өткен кездесуде Сарыарқа ауданы прокуратура­сының бөлім про­куроры Асқар Рахман жастардың көбі нашақор­лық үшін қандай жауап­кер­шілікке тартылатынын білмей­тінін айтады.

– Есірткі және психотроптық зат­тарды жасау, сақтау, сатып алу, тасы­малдаумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Заң бұл бағытта қатаң. Қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күрес жан-жақты бол­ғаны­мен, есірткі таратушылар әлеу­мет­тік желіде емін-еркін жұмысын жүр­­гізіп келеді. Ол қармаққа жастардың түсіп қалатыны өкінішті. Сондықтан жас­тар үшін психологиялық және құ­қықтық сауаттылықты арттыру аса маңызды, – дейді прокурор А.Рахман.

Ал Астана қаласы прокуратурасының аға прокуроры Азамат Тоқтарбайдың айтуынша, бірқатар қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.

– Есірткі таратқаны және оларды сақтағаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылу, бұл – адам өмірінің шамамен жартысы темір тор­дың ар жағында өтеді деген сөз. Одан шыққан соң адам көңілді болмайтыны рас. Сондай-ақ мұндай адамға қоғам­ның қарым-қатынасы да басқаша болады. Мәселен, биыл Астанада есірт­кі, психо­троптық заттардың заңсыз айналымы үшін 150-ден астам адам жауапқа тар­тылды. Олар – 16 мен 45 жас аралығын­дағы адамдар, – дейді А.Тоқтарбай.

Сарапшы мамандар нашақорлық қармағына түсетін жастардың көбі есірткі сату жарнамасы арқылы қаржы табамыз деп алданып қалатынын ай­тады. Сон­дықтан жастарға «Жеңіл ақша қақ­пан­да ғана болады» дегенді түсіндіру, саламатты өмірге баулу, спортпен шұғылдану секілді пайдалы іспен айналысу керектігін насихаттау керек дейді мамандар. Ал есірткі тар­атуға жастардың көптеп тар­тылуының себебі, оларға әсер ету оңай дейді пси­холог мамандар.

«Жастар және балалар ұйымдары­ның одағы» ЖҚБ жетекші маманы, психолог Әсел Пірімбектің айтуынша, жасөс­пірімдер арасындағы нашақор­лық­тың негізгі себептерінің бірі – ешкімге керек еместігін сезіну.

– Жасөспірімдердің көбісі жалғыз қалу сезімінен қашады. Сондықтан өзгеден көмек сұрау ұят еместігін жас­тар білуі керек. Жастар «Анашым, әке­шім, менің жағдайым нашар. Менімен сөй­лесіңізші» деп айта алуы керек. Егер баланың ата-анасымен қарым-қаты­насы ішіндегі сырын айтатындай жа­қын болмаса, онда кез келген уақыт­та мек­теп психологына көмекке жү­гінуге бола­ды. Біздің арамызда психо­логқа бар десе, шошып кететін адамдар бар. Есі дұрыс емес адам ғана психо­логқа барады деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Маман­ның ақылын тыңдау түк те ұят емес. Пси­холог пен коучқа өмірде жетіс­тік­ке жеткен адамдар да барады, – дейді маман.

Саналы адам егер есірткінің қарма­ғы­на бір іліксе, одан оңай айығып кету мүм­кін емес екенін түсінуі керек. Ізде­ген ада­м­ға бұл дертке шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсетіні, денсаулығынан айырылып, өмірін құрта­тыны, тіпті жақын­дарының өміріне қауіп төндіретіні туралы ақ­парат жеткіл­ікті. Сондықтан әрбір адам өзінің өмірін жа­ман әдет­терден қорғап, жақ­сыны үйрену­ге дағдыланса, алдына мақ­сат қойып, оқып-ізденгені дұрыс дейді мамандар. Сондай-ақ есірткі қыл­мысы мен на­ша­­қор­лықтың алдын алу және онымен үз­дік­сіз күресу үшін мем­лекет тара­пынан заңдар қа­был­дап, бағ­­дар­ла­малар әзірлеу арқылы, қоғам­дық ұйым­дар мен әр­бір адамның күш-жі­герін біріктіру бойын­ша жұмыс­тар ат­қарудың маңызы зор. 

Тілек ҚАБЫЛ