«Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы шеңберінде өткен акцияға қалалық Полиция қызметі басқармасы, Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Шараға жиналған көпшілік тұрғын үй қабырғаларына жазылған есірткі сату туралы жарнамаларды жойып, нашақорлыққа қарсы үндейтін суреттер салып, есірткі заттарының зияны, нашақорлықтың зардабы және заң аясындағы жауапкершілігі туралы ақпарат алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – есірткі сату туралы жарнамалары бар қабырғаларды бояу арқылы есірткінің қолжетімділігі мен насихатын азайту, есірткіге әуестенуге қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру және салауатты өмір салтына үндеумен қатар, нашақорлық қылмысымен күресудегі жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар және азаматтардың күш-жігерін біріктіру. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясын қолдай отырып, есірткі саудасының жолын кесу – азаматтық міндетіміз», – деді ұйымдастырушылар. Астананың белсенді жастары осы уақытқа дейін 2 000-нан астам еліткіш заттардың жарнамасын жойып, 200-ге жуық сайтты бұғаттауға қолғабыс жасаған.
– Қаланың 5 аудандық әкімдігімен бірлесіп, нашақорлыққа қарсы 40-тан астам қабырғаларды графитимен бояу бойынша акциялар өткіздік. Қабырғаларды бояу акцисының мақсаты – тыйым салынған заттардың жарнамасын жою және салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл – жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алудағы маңызды қадам.
Біз осындай бастамаларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, халықпен ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейте отырып, жастардың зиянды әдеттерге үйір болуының алдын алмақпыз, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Сұлтан Өмірғалиев.
Қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Лейла Рахимова: «Есірткіге елітіп, нашақорлық жолды таңдаудың соңы өмірін өксіткен өкінішке соқтыратынын жастарға үнемі айтып отыруымыз керек», – дейді.
– Жыл басынан бері полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 400-ге жуық қылмыстық іс қозғады, оның 300-і тыйым салынған тауар түрін сатуға қатысты. Қылмыскерлер 10 жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сондықтан ешқашан өміріңізді есірткімен байланыстырмаңыз. Өзіңіздің және өзгенің балаларының өмірін сақтаңыз, – деді полиция подполковнигі.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері сапында қазір есірткіге қарсы қозғалысты қолдайтын 6 мыңнан аса ерікті бар. Солардың бірі – Даниял Келгенбаев. Ол есірткімен күреске белсене араласа жүріп, замандастарын нашақорлықтан сақтағысы келеді.
– Есірткі саудасын тоқтату – асыл арманым. Есірткі жарнамаларын жою үшін жиі бас қосамыз. Әсіресе, жастар нашақорлықтан аулақ болса екен дейміз. Қала көшелерінде тыйым салынған тауар сататын сайттардың сілтемелерін көптеп кездестіруге болады. Біз соларды тауып, жоямыз. Сондай-ақ тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Атаулы акция жыл бойы 40 мәрте ұйымдастырылды. Науқан аясында жарнамаларды жоюмен қатар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 15 000 үнпарақ таратылды, – деді ол.
Астанада 2024-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы шеңберінде нашақорлықтың алдын алу және есірткі заттарының таралуына тосқауыл қою бойынша тоқсан сайын кешенді шаралар ұйымдастырылып, түрлі жиындар өткізіледі. Тек көшелер мен тұрғын үй қабырғаларына жазылған жарнамаларды жою бойынша бір жылда 40 мәрте акция ұйымдастырылып, 15 000 үнпарақ таратылса, есірткі бизнесіне және есірткі тұтынуға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл бойы түрлі флешмобтар, сайыстар, рейдтер, оқу орындарында, мектептерде кездесулер ұйымдастырылып, студенттер мен оқушыларға және қала тұрғындарына түсіндіру акциялары үздіксіз жүргізіліп отырады. Мәселен, қаладағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен өткен кездесуде Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Асқар Рахман жастардың көбі нашақорлық үшін қандай жауапкершілікке тартылатынын білмейтінін айтады.
– Есірткі және психотроптық заттарды жасау, сақтау, сатып алу, тасымалдаумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Заң бұл бағытта қатаң. Қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күрес жан-жақты болғанымен, есірткі таратушылар әлеуметтік желіде емін-еркін жұмысын жүргізіп келеді. Ол қармаққа жастардың түсіп қалатыны өкінішті. Сондықтан жастар үшін психологиялық және құқықтық сауаттылықты арттыру аса маңызды, – дейді прокурор А.Рахман.
Ал Астана қаласы прокуратурасының аға прокуроры Азамат Тоқтарбайдың айтуынша, бірқатар қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
– Есірткі таратқаны және оларды сақтағаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылу, бұл – адам өмірінің шамамен жартысы темір тордың ар жағында өтеді деген сөз. Одан шыққан соң адам көңілді болмайтыны рас. Сондай-ақ мұндай адамға қоғамның қарым-қатынасы да басқаша болады. Мәселен, биыл Астанада есірткі, психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін 150-ден астам адам жауапқа тартылды. Олар – 16 мен 45 жас аралығындағы адамдар, – дейді А.Тоқтарбай.
Сарапшы мамандар нашақорлық қармағына түсетін жастардың көбі есірткі сату жарнамасы арқылы қаржы табамыз деп алданып қалатынын айтады. Сондықтан жастарға «Жеңіл ақша қақпанда ғана болады» дегенді түсіндіру, саламатты өмірге баулу, спортпен шұғылдану секілді пайдалы іспен айналысу керектігін насихаттау керек дейді мамандар. Ал есірткі таратуға жастардың көптеп тартылуының себебі, оларға әсер ету оңай дейді психолог мамандар.
«Жастар және балалар ұйымдарының одағы» ЖҚБ жетекші маманы, психолог Әсел Пірімбектің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың негізгі себептерінің бірі – ешкімге керек еместігін сезіну.
– Жасөспірімдердің көбісі жалғыз қалу сезімінен қашады. Сондықтан өзгеден көмек сұрау ұят еместігін жастар білуі керек. Жастар «Анашым, әкешім, менің жағдайым нашар. Менімен сөйлесіңізші» деп айта алуы керек. Егер баланың ата-анасымен қарым-қатынасы ішіндегі сырын айтатындай жақын болмаса, онда кез келген уақытта мектеп психологына көмекке жүгінуге болады. Біздің арамызда психологқа бар десе, шошып кететін адамдар бар. Есі дұрыс емес адам ғана психологқа барады деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Маманның ақылын тыңдау түк те ұят емес. Психолог пен коучқа өмірде жетістікке жеткен адамдар да барады, – дейді маман.
Саналы адам егер есірткінің қармағына бір іліксе, одан оңай айығып кету мүмкін емес екенін түсінуі керек. Іздеген адамға бұл дертке шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсетіні, денсаулығынан айырылып, өмірін құртатыны, тіпті жақындарының өміріне қауіп төндіретіні туралы ақпарат жеткілікті. Сондықтан әрбір адам өзінің өмірін жаман әдеттерден қорғап, жақсыны үйренуге дағдыланса, алдына мақсат қойып, оқып-ізденгені дұрыс дейді мамандар. Сондай-ақ есірткі қылмысы мен нашақорлықтың алдын алу және онымен үздіксіз күресу үшін мемлекет тарапынан заңдар қабылдап, бағдарламалар әзірлеу арқылы, қоғамдық ұйымдар мен әрбір адамның күш-жігерін біріктіру бойынша жұмыстар атқарудың маңызы зор.
Тілек ҚАБЫЛ